Салық жүйесі қалай саяси комедияға айналды?
Саяси жүйе мен мемлекеттік басқаруды жаңғыртуға бағытталған реформалар жолға қойылып жатқан тұста, бұған дейін қолға алынған өзгерістерді тағы бір рет таразы басына салатын уақыт жетті. Солардың бірі – азаматтардың кірісі мен мүлкін декларациялау жүйесі.
Бірнеше жыл бұрын жалпыға бірдей декларациялау басталғанда, жұрт бұл жүйеден әділдік пен ашықтық күтті. Себебі ресми табыс пен нақты тұрмыстың аражігін ажыратып, көлеңкеде қалған кірістерді анықтауға, әлеуметтік теңсіздіктің шынайы себептерін саралауға жол ашатын тетік боларына сендік. Сенбегенде қайтейік, жүйе жылдар бойы пісіп-жетіліп, елеп-екшеліп барып іске асырылды. Алайда уақыт өте келе сол үміттің кей тұсы көмескілене бастады. Биылдан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексі азаматтардың басым бөлігін жыл сайын декларация тапсыру міндетінен босатты. Осылайша «төртінші кезең» толық көлемде орындалмады. Жаңа тәсіл адал салық төлеушілерге түсетін жүктемені азайтып, салықтық бақылауды тәуекелі жоғары операцияларға бағыттауға тиіс деп түсіндірілді.
Бірақ бұл деректердің көмегімен түсініксіз байлықты, мүдделер қақтығысын және жасырын активтерді анықтау мүмкін бе? Себебі туысқандықтың түрі көп біздің елде активті басқа адамның атына тіркеу арқылы қағаз жүзіндегі меншікті бөлу қиын емес. Бұл ретте туысының немесе танысының атына рәсімделген мүлік автоматты түрде «заңсыз актив» деп есептелмейді. Ал ол адамның ағайын-туысы, жегжат-жұрағаты, құдаларының арасындағы зейнеткер, студент, жұмыссыз жүргендердің атындағы байлықтың есебі жүргізілмейді.
OECD ұйымы қазіргі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатта тек формалды талаптардың орындалуын бақылаудан гөрі тәуекелге негізделген, нәтижеге бағытталған тәсілдің маңызын атап отыр. Осы орайда биыл жоғары лауазымды тұлғалардың кірістері туралы жарияланған мәліметтер мәселені қайта қарауды күн тәртібіне шығарып берді. Саясаттанушы Арсен СӘРСЕКОВ шенеуніктер жариялаған кіріс декларацияларын «имитация» әрі «ақылға қонымсыз тікелей мазақ» деп бағалаған еді. Оның айтуынша, министрдің ең төменгі айлық жалақысы шамамен 1,5 млн теңге. Бірақ кейбір министрлер декларациясында көрсетілген кіріс бұл деңгейден де төмен. Ал жекелеген елшілер мен дипломаттар елдегі ең төменгі жалақыдан аз табыс көрсеткен. Бұдан бөлек, барлық ведомство бірдей дерек ашпаған. Тек 21 мемлекеттік органның 5-еуі ғана табыс туралы мәлімет жариялаған. Оның айтуынша, министрдің жылдық ең төменгі жалақысы – 18 млн теңге. Бұл – қолданыстағы министрдің кірісі осы межеден төмен болса, мәселе саяси емес, математикалық деңгейде туындайтын шек.Сондай-ақ ол декларациялау мәселесінде шенеуніктің жеке табысымен қатар, оның жұбайының кірісі де қоғам назарын аударып отырғанын айтқан.
Халықаралық тәжірибеде де азаматтардың барлығын жаппай декларация тапсыруға міндеттеу жоқ елдер бар. Дегенмен өркениетті елдерде азаматтардың табысы, мүлкі мен қаржылық операциялары туралы мәліметтер салық органдарының бірыңғай ақпараттық базасында жинақталады.

Өкінішке қарай, біздегі жүйенің бұлыңғыр тұсы көп. Экономист Сапарбай ЖОБАЕВ осылай дейді. Оның сөзінше, жалпыға бірдей декларациялау – өркениетті елдерде бұрыннан қолданылып келе жатқан тәжірибе. Бірақ біздің елде бұл 2010 жылдан бастап сағызша созылып, түрлі сылтаумен кейінге шегерілді.
«Халықаралық деңгейде Қазақстанның жемқорлыққа қарсы көрсеткіштері қоғамды алаңдатады. Мәселен, Transparency International ұйымы жариялаған халықаралық индекс бізде сыбайлас жемқорлық тәуекелінің әлі де жоғары екенін көрсетіп отыр.Негізінде мемлекеттік меншік ұлғайған сайын оны басқару тетіктерінің ашықтығына қойылатын талап та күшеюге тиіс.Осы тұрғыдан алғанда, «Самұрық-Қазына» секілді ірі квазимемлекеттік құрылымдардың қызметі ерекше назар аударуды қажет етеді. Кей жағдайда мемлекеттік бюджеттен тікелей бөлінетін қаражат көлеміне ғана қарап, мемлекеттің экономикадағы нақты қаржылық қатысуын бағалау жеткіліксіз. Квазимемлекеттік сектор арқылы жұмсалатын қаражат та, түптеп келгенде, мемлекеттік ресурс. Сондықтан олардың қозғалысы мен тиімділігі де ашық болуы қажет», – дейді маман.
Сол үшін жалпыхалықтық декларациялау жүйесін енгізу мәселесіне мемлекеттің қаржылық ашықтығын арттыратын маңызды механизм ретінде қараған дұрыс. Қазір интернет пен цифрлық технологиялар дамыған. Бұрын айтылған техникалық қиындықтардың басым бөлігі өзектілігін жоғалтты.Демек, қарапайымазаматтардан бастап мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы қаржы мен активтердің қозғалысын да барынша ашық көрсететін уақыт келді.
Экономистің пайымынша, жауаптылар салық декларациясы арқылы осы ашықтықтан қашудың өзінше бір жолын тауып алды. Қазір «Жалақы алатын азаматтар салық органдарында онсыз да есепте тұр. Сондықтан олардың жалақысын қайтадан декларациялаудың қажеті жоқ, тек қосымша табыстарын көрсету жеткілікті», – деген ұстаным айтады. Бірақ Қазақстанда шамамен 9,5 млн адам жұмыспен қамтылса, ал жалпы жұмыс күшінің саны 11,5 миллионға жуық. Демек, белгілі бір бөлігінің нақты қай жерде және қандай жағдайда еңбек етіп жүргені туралы мәселе туындайды. Олардың арасында зейнетақы мен МӘМС жүйесіне тұрақты аударым жасамайтын азаматтар да кездеседі. Олардың бір бөлігі жұмыссыз болуы мүмкін, енді бір бөлігі өзін-өзі жұмыспен қамтып, көлеңкелі экономикада жұмыс істеуі ықтимал.Бұл, әсіресе, құрылыс, сауда және басқа да салаларда өзекті. Сол үшін өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген азаматтардың нақты қанша табыс табатыны, қандай көлемде салық төлейтіні және олардың экономикалық қызметі қалай есепке алынатыны туралы ашық ақпарат қажет.
«Мәселенің тағы бір маңызды қыры – бюджет қаражаты мен мемлекеттік қолдаудың ашықтығы. Ауыл шаруашылығына берілетін субсидиялар, мемлекеттік бағдарламаларға бөлінетін қаражат, қалалардағы ірі жобаларға бюджеттен немесе Ұлттық қордан бағытталатын қаржы нақты қайда жұмсалып жатыр? Бұл қаражаттың түпкілікті алушысы кім? Осындай сұрақтардың барлығына қоғам түсінікті әрі нақты жауап алуы керек.Сондықтан декларациялау жүйесін тек «қосымша табысты көрсету» механизміне айналдыру ақылға қонымсыз. Егер азаматтың негізгі жалақысы декларацияда көрсетілмей, тек қосымша табыстары ғана жарияланатын болса, онда қоғам оның нақты қаржылық жағдайын толық көре алмайды. Әсіресе мемлекеттік қызметшілерге, депутаттарға, министрлерге, әкімдерге, олардың орынбасарларына және квазимемлекеттік сектор басшыларына қатысты ашықтықтың маңызы ерекше», – дейді Сапарбай Жобаев.
Сөзінің жаны бар.Мәселен, кейбір лауазымды тұлғалардың жұбайлары немесе жақын туыстары ірі көлемде дивиденд алады. Мұндай жағдайда тек дивидендтің көлемін көрсету жеткіліксіз. Оның қандай компаниядан түскені, қызметі қандай екені, мемлекеттік органдармен байланысы бар-жоғы, мүдделер қақтығысы туындамай ма деген сұрақтар да ашық қарастырылуы керек болады. Декларациялаудың негізгі мақсаты да – осы.
«Зейнетақысы белгілі бір мөлшерден аспайтын зейнеткердің айлық табысы онсыз да мемлекеттік жүйеде есепте тұр. Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін, жалақысы ресми түрде төленетін азаматтардың да негізгі табысы туралы ақпарат мемлекетке белгілі. Бірақ мемлекеттік басқару жүйесінде және квазимемлекеттік секторда, ұйым мен басқармадағы жоғары лауазым атқаратын тұлғалардың жалақысы ғана емес, сыйақылары, бонустары, үстемеақылары, іссапар шығындары және басқа да төлемдері туралы ақпарат ашық болуы қажет», – дейді сарапшы маман. Өйткені мұндай төлемдердің барлығы мемлекеттік қаржыға немесе мемлекеттік активтерге қатысы болуы мүмкін.
Мемлекет басшысының өзі әр жылдары монополия мен олигархиялық құрылымдардың шамадан тыс ықпалы, экономикалық ашықтық және әділ бәсекелестік мәселелерін көтеріп келеді. Түптеп келгенде, жалпыхалықтық декларациялау – сол тетіктердің бірі.
Маман пікірінше, Үкімет ұсынған декларациялау жүйесінің логикасы – барлық азаматты бірдей декларациялаудың орнына, тәуекелі жоғары санаттарға басымдық беру. Бірақ мемлекет қаржысын қымқырып қалуды көздейтіндер «менің тәуекелім бар» деп айтпайды. Егер декларация тек қосымша табысы бар адамдарға ғана қатысты болса, мысалы, дивиденд алатындар, облигациялардан табыс табатындар немесе шетелде мүлкі бар азаматтар ғана декларация тапсырса, онда экономиканың негізгі бөлігіндегі жасырын қаржылық қатынастарды толық бақылау қиын. Иә, тәуекелге негізделген жүйе Солтүстік Еуропаның Дания, Норвегия, Швеция, Финляндия сияқты мемлекеттерде бар. Мұндай елдерде тәуекелге негізделген бақылау тиімді жұмыс істейді. Ал бізде көлеңкелі экономика, жасырын табыс, мүдделер қақтығысы және мемлекеттік қаржының ашықтығына қатысты мәселелер әлі де бар. Осы орайда Сапарбай Жобаев декларация тапсыруды күрделендірудің қажеті жоқтығын айтады. Мысалы, жеке кәсіпкерлер жылда салықтық есеп тапсырады. Сол сияқты кез келген адам жылына бір рет өзінің негізгі табысы мен мүліктік жағдайы туралы ақпаратты электронды жүйе арқылы көрсету қиын емес. Ары қарай мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері тиісті салыстыру жұмыстарын жүргізген жөн. Ал декларация мемлекет үшін де аса тиімді. Бұл үшін міндетті түрде жаңа үлкен мемлекеттік аппарат құрудың қажеті жоқ. Қазірдің өзінде салықтарды әкімшілендіретін мамандар бар. Декларация қабылдау кезеңінде сол қолданыстағы жүйені тиімді ұйымдастыруға болады. Дұрыс ұйымдастырылған жағдайда бұл салықтық тәртіпті жақсартып, көлеңкелі экономиканы қысқартатын, мемлекеттік қаржының ашықтығын арттыратын және инвестициялық ортаның сенімділігін күшейтетін құралға айналады.

IT-саласының маманы Ғасыр ҚҰРАЛБАЙҰЛЫ «жаппай декларация жинаудың өзі автоматты түрде ашықтықты қамтамасыз етеді деп айтуға ерте» дейді. Оның айтуынша, ЖИ декларациядағы мәліметтерді мүлік, табыс, компаниялар және байланысты тұлғалар туралы деректермен салыстырып, күмәнді сәйкессіздіктерді автоматты түрде анықтай алады. Алайда алгоритмнің өзі құқықбұзушылық туралы шешім шығармауға тиіс. Нақты жағдайды маман немесе тиісті мемлекеттік орган тексеріп, заңнамаға сәйкес шешім қабылдауы керек. Өйткені автоматтандырылған жүйеде қателік болуы мүмкін. Маңыздысы, жаңа жүйе миллиондаған декларацияның ішінен нақты тәуекелдерді анықтай алуы керек.
«Миллиондаған декларация сапалы әрі бірізді форматта жиналғанда алгоритмдердің де жұмыс істеу мүмкіндігі артады. Бірнеше жыл ішінде деректер массиві көбейіп, адамның табысы, мүлкі және олардың жыл сайынғы өзгерістері арасындағы байланысты салыстыру әлдеқайда оңай болады. Мемлекеттік ақпараттық жүйелер өзара интеграцияланса, декларация толтыру процесі әлдеқайда жеңілдейді», – дейді Ғасыр Құралбайұлы.
Сондай-ақ ол декларациялау жүйесін енгізумен қатар, ақпараттық қауіпсіздікке тұрақты түрде тәуелсіз аудит жүргізілу қажеттігін алға тартты. Яғни сарапшы: «Мұндай жүйе бірден нәтиже бермегенімен, жаңа деректер жиналғанда болашақта бір адамның бүгінгі табысын ертеңгі табысымен, бүгінгі мүлкін бірнеше жылдан кейінгі мүліктік жағдайымен салыстыру мүмкіндігі мол», – дейді.
Ал деректер неғұрлым сапалы және толық болған сайын, оларды талдау да соғұрлым тиімді болады.
Мамандардың пікірі – осы. Олай болса, жалпыға бірдей декларациялаудың «төртінші кезеңін» сыпайы түрде жылы жауып қою кімдерге тиімді? Соған қарағанда, қолданыстағы жүйе айлығы шайлығына жетпейтін «жарлы» министрлер мен миллиардтарды айналдырған зейнеткер-туыстарға болмаса, қалған жұрттың маңдай терімен тапқан мардымсыз табысын микроскоппен зерттеп, соңғы тиынына дейін салық салуды көздейтін жазалау тетігіне ғана жарап тұрған жоқ па екен?!
Жадыра МҮСІЛІМ, Астана