Саясат

Санақ жақын, талап ше?!.

Біз қанша миллионға жетеміз? Қазақтардың саны қанша болады? Мемлекетқұрушы ұлттың салмағы қанша пайыз?

Санақ жақын, талап ше?!.

Биылғы қазан айында болатын халық санағы осы сауалдарға нақты жауап бермек. Бірақ бізді ойлантатыны басқа мәселе. 19 миллионыншы қазақ қай күні дүниеге келеді? Бұл дерекке біз қай күні жетеміз? Ең бастысы, қазақтың талабы қашанғы қалыс қала береді?

        Осыдан жеті жыл бұрын «2020 жылдары қазақтың демографиялық үлес салмағы 70-80 пайызға жетеді» деп айтқан көреген Мақаш Тәтімовтің болжамы алдағы 4-5 айда шындыққа ұласатын жайы бар.  Тіпті сол 2013 жылы демограф Тәтімов «Петропавл, Павлодар қалаларының атын ауыстыру керек» деп те айтып кеткен. Бірақ  Мақаш Тәтімов айтқан демографиялық көрсеткішке жақындап қалсақ та, дәл қазір біздің билік жоғарыда аты аталған қалалардың атын ауыстыруға мүдделі емес. Халық дайын. Бірақ билік жалтақ. Ал билік солқылдақтық таныта берсе, талап еткен халықтың әрекетінен не пайда?! Тірлік осылай жалғасып келе жатыр және ұлттық ұстанымға қатысты мәселелер қашанға дейін  қалыс қала береді?

       Он жыл бұрынғы талап та, сауал да бүгін маңызды. Бірақ өзгерген бірі жоқ. Мұның жауабы белгілі болса да, барлық мәселе Ақорданың ішкі саясатына қатысты болып тұр. Біздің билікте құбыласын Кремль жақтан іздейтін сужүректер мен жалтақтар аз болмай тұр. Мәселенің түйінін осы жерден іздеу керек. «Орысша сөйлесе, орысша жауап беруге міндеттісің» деп, ана тілінде сөйлейтін қара қазақтың конституциялық еркіндігіне шектеу қойған баз біреулердің саяси пкірінің зардабын тарттық. Бұл қашанға дейін созылады? Отыз жылдан бері осылай, қазаққа арналмаған саясаттың құрбаны болып келе жатырмыз. Әйтпесе қазақтың саны да, сапалық деңгейі де өсті.

        «2017 жылы мамырдың 11-і мен 12-сі арасында өмірге 18 миллионыншы адам өмірге келді. 2013 жылдың мамырының 21-і мен 22-сі арасында 17 миллионыншы адам туды. 2009 жылы ақпанның 2-сі мен 3-і аралығында 16 миллионыншы адам дүние есігін ашты. Енді 19 млн деген әңгімеге аяқ бастық. Болжамға сәйкес, 2021 жылдың шілде айының аяғына қарай, Қазақстанда 18 млн 981 мың адам болады. Ал тамыздың 1-інде 19 млн 271 мыңға шығып кетеді. Сонда шамамен екі жарым тәулікте 1809 адам қосылады. Күніне 700-800 бала туады. Осыған қарап, 2021 жылы шілденің 28-29 аралығында Қазақстандағы халық саны 19 миллионға толады деуге негіз бар. Егер туу көрсеткіші артып кетсе, одан ерте болуы да мүмкін». Бұл – Мақаш Тәтімовтен кейін  осы саланың ұңғыл-шұңғылын терең зерттеп келе жатқан  демограф Ерболат Мұсабектің бір сұхбатындағы болжам. Алла қаласа, биыл 19 миллионды еңсереміз.

       Статистика комитетінің 2020 жылғы 1 желтоқсандағы дерегіне назар аударатын болсақ,  Қазақстанда тұратын халықтың саны қазір 18 миллион 852 мың адам шамасында болып отыр. Міне, 19 миллионға шамалы-ақ қалды. Бірақ сайлаудағы көрсеткіштерді қолдан жасап үйреніп қалған біздің билік халықтың үлес салмағында қара қазақтың санын қанша пайыз етіп көрсетеді? Мәселе сонда. Билік 2009 жылғы санақта қазақтың санын 63 пайыз деп жариялады. Демографтар шын мәнінде сол кезде қазақтың үлесі 65-67 пайызға жетті деп, басқа көрсеткішті айтқан. Бірақ қашанда биліктің дегені болады. Елорда осы жылғы қазан айындағы санақта қазақтың үлесін қанша пайыз етуі мүмкін? 70 пайыздан астық. Ол енді шындық. Ендеше  қазан айында болатын халық санағы көп нәрсені айқындауы тиіс. Ішкі саясатта да.

      1989 жылдан бері халық санағын жүргізбеген Өзбекстан билігі 30 миллионнан астық деп отыр. Халқының санын әдейі көп қылып көрсететін ресми Тәшкеннен біздің биліктің үйренері аз болмаса керек. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстанда халық санағы 1999 және 2009 жылдары екі рет өткізілді. 1999 жылғы санақтың қорытындысы бойынша қазақстандықтардың саны 14 981 281 адамды, ал 2009 жылғы өткізілген санақта 16 009 597 адамға жеттік. Демек, 10 жылдан бергі демографиялық өсім 2,5 миллионнан асып тұр. Соңғы 4-5 жылда тарихи Отанына қайтқан  азаматтардың көші жиіледі. Сырттан қандастарымыз ағылып келе бастады.

       2016 жылы Қазақстан тарихында бала туу ең көп көрсеткіш – 400 мың балаға жетті. Ал рекордтық көрсеткіш 1987 жылы болды. Онда Қазақстанда 417 мың бала жарық дүние есігін ашты. Бұл көрсеткіш 33 жылдан кейін былтыр қайталанды. 2020 жылы 427 мың бала өмірге келді. Демек, демографиялық тасқыны күшейіп келе жатқан қазаққа қатысты биліктің де саясаты күрт өзгеруі тиіс. Халықтың наразылығына, талабына күйе жаға беруге болмайды. Қанша әрекеттенгенмен, барлық мәселе бір нәрсеге байланып тұр: жүйе өзгермей, ішкі саясатта өзгеріс болмайды. Елдегі өзге этнос өкілдерінің қабағына қарап өмір сүретін біздің билік үшін Петропавл, Павлодар қалаларының атын өзгерту тағы да болашақтың еншісі болып қала береді. Тіпті мынау Алматының іргесіндегі Шонжының атын өзгерткісі келмей отырған Ақорда саясатынан не мән, не мағына іздеуге болады?

        Біз биылғы халық санағына зор мән беріп отырғанымыз бекер емес. Санақ жақын, ал талап ше? Енді билік демографиялық үлесі басым болатын байырғы, мемлекетқұрушы ұлттың талап-тілегін толық ескеруі тиіс. Отыз жыл орысқа, еліміздегі азғана этнос өкілдерінің эмоциясына, көңіл күйіне жалтақтап келдік. Одан ұлт ұтылды. Ендеше ендігі уақытта билік қазақтың мүддесі мен қас-қабағына, қойған талабына қарап саясатын жүргізуі тиіс.

Осы орайда, тағы марқұм Мақаш Тәтімовтің сөзіне жүгінуге тура келеді:  «Біздің халқымыз үшін демографиялық майдан – ең шешуші ұлттық майдан. Осы басты майданда жеңсек – ертең саясатта да, экономикада да, тіл мен ділде, мәдениет пен дінде, салт-дәстүрде де біржола жеңіп шығамыз. Дербестігіміз – демографияда».

Тегтер: Без Тега
Батыр Жасұлан
Батыр Жасұлан Батыр Жасұлан

Оқыңыз