Сауда министрлігі АҚШ-тың жаңа баж салығы Қазақстанға қалай әсер ететінін түсіндірді
Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі АҚШ-тың қазақстандық тауарлардың бір бөлігіне қосымша баж салығын енгізу туралы шешіміне түсініктеме берді.
Министрліктің мәліметінше, 2026 жылғы 23 шілдеде АҚШ 1974 жылғы Сауда туралы заңның 301-бөлімі аясындағы тергеу қорытындысы бойынша түпкілікті шешім қабылдаған.
Соған сәйкес, 24 шілдеден бастап Қазақстаннан экспортталатын кейбір тауарларға 12,5 пайыз көлемінде қосымша баж салығы енгізіледі.
АҚШ құжатында Қазақстан бұл шара қолданылатын елдердің қатарында көрсетілген. Дегенмен, АҚШ Сауда өкілдігі бекіткен ерекше тізімге енген өнімдерге бұл баж салығы қолданылмайды.
Сауда және интеграция министрлігі бұған дейін 150 күн бойы қолданылған 10 пайыздық уақытша импорттық үстеме баждың мерзімі аяқталғанын атап өтті. Сондықтан ол жаңа 12,5 пайыздық баж салығына қосылып есептелмейді.
Министрліктің есебінше, Қазақстанның АҚШ-қа экспорттайтын өнімдерінің шамамен 95 пайызы бұрынғыдай қосымша баж салығынан тыс қалады.
Ведомство қазақстандық экспорттаушылардың мүддесін қорғау және өзара тиімді шешімдер табу мақсатында АҚШ тарапымен жұмысты жалғастырып жатқанын мәлімдеді.