Шерзаттың әпкесі баспаналы болды

Белсенді Димаш Қаматай әлеуметтік желідегі парақшасында марқұм Шерзаттың әпкесі Перизат Нұрымова көпшіліктің қолдауымен баспаналы болғанын хабарлады.
Шерзаттың есімі ел жадында қоғамдағы әділетсіздікке қарсы күрескен азамат ретінде сақталып қалды. Оның өлімі халық арасында үлкен дүрбелең тудырып, әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланды. Шерзаттың жақындары мен оны қолдаушылар әділеттілік орнатуды талап етіп, оның отбасының жағдайына ерекше назар аударды.
Перизат Нұрымова бұған дейін баспана алу үшін қаражат жинап жатқанын айтып, оның б Қаржаубай Нұрымовқа қатысы жоқ екенін мәлімдеген болатын. Бұл ақпарат әлеуметтік желілерде кең тарады, және көпшілік Перизатқа көмек қолын созды.
Белсенді Димаш Қаматайдың айтуынша, қазақ халқының жанашырлығы мен бірлігі арқасында Перизат пен оның жұбайы Айғазы баспаналы болды.
"Бүкіл қазақ халқы қолдап, жанашыр бауырларымыз ортақ іске үлесін қосып, қазір алты баланың анасы Перизат пен оның жары Айғазы баспаналы болды. Сондықтан, қазақ халқына мың да бір алғысымызды білдіреміз", - деді Димаш Қаматай.
Перизат Нұрымова да барша халыққа алғысын білдіріп, олардың қолдауының арқасында жаңа баспанаға қол жеткізгенін атап өтті.
Бұған дейін меценаттар Талғардағы тағы бір отбасына үй алып беретінін мәлімдеген болатын. Осыған қатысты Қаржаубай Нұрымов бұл туралы хабардар екенін, бірақ баспана мәселесін өз күшімен шешуге дайын екенін жеткізді.
Айта кетейік, Талғар ауданында 16 жастағы Шерзат Болаттың өлімі қоғам арасында резонанс тудырды. Оны 4 қазанға қараған түні бір топ жігіт әке-шешесінің көзінше ұрып, пышақтап өлтіріп кетті. Қылмыс жасады деген күдікпен 11 адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бірнеше күннен кейін, 12 қазанға қараған түні Азат ауылында Шерзат Болаттың отбасының үйі өртенді. Бас прокуратура үйді өртеп жіберген жауаптыларды табуға уәде берді.
Кейін желіде «Хутор бригадасының» басшысы атанған Хасан Қасымбаев мәлімдеме жасады. Ол Талғар тұрғындарының өзі туралы жазған желідегі пікірлерін жалған деп атады. Содан соң Хасан Қасымбаевтың өзі ұсталып, екі айға қамалды. Бірақ ІІМ оның басқа іс бойынша қамалғанын мәлімдеді.
9 желтоқсанда Шерзаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың қайтыс болғаны белгілі болды.
Бірақ туыстары оның өз-өзіне қол жұмсағанына сенбейтінін мәлімдеді.