Әлеумет

Шымкентте Нұрай Серікбайдың қазасына байланысты сот өтіп жатыр

Нұрайдың өліміне қатысты кезекті сот отырысында қызды ұрлады деген шақырту бойынша оқиға орнына барған бұрынғы тергеуші, сондай-ақ сотталушының ата-анасы мен туыстары жауап берді.

Нұрай Серікбай

Еске салсақ, 28 жастағы сотталушыға Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігінің 5-тармағы (аса қатыгездікпен кісі өлтіру), 125-1-бабы (некеге тұруға мәжбүрлеу) және 115-1-бабы (сталкинг) бойынша айып тағылған.

Сотталушының әкесі не деді?

Сотта жауап берген сотталушының әкесі ұлы 2025 жылғы 5 қазанда таңертең үйіне қызбен келетінін алдын ала хабарлағанын айтты.

Оның сөзінше, ұлына WhatsApp арқылы хабарласып, қыздың өз еркімен келе жатқанын сұраған. Ұлы «иә» деп жауап берген соң, туыстарына дайындала беруді айтқан.

Әкесінің айтуынша, Нұрайды үйге кіргізгеннен кейін алдымен оның келісімін алмақ болған. Сол үшін қыздан некеге өз еркімен келісетінін растайтын қолхат жазуды сұраған. Алайда Нұрай жолдан шаршағанын айтып, жуынып, киім ауыстырғысы келгендіктен, оны әпкесімен бірге ауылдағы үйге жіберген.

Кейін кешкісін Нұрай қайта оралғанда той басталып кеткен. Осы уақытта қыздың ағалары келіп, қарындастарын алып кетпек болған. Сотталушының әкесі олардың ата-анасының шешімін күтуін сұрағанын, содан кейін Нұрай еш қарсылықсыз бөлмесіне қайта кіргенін айтты.

Ал марқұмның ағалары бұған дейін сотта мүлде басқа мәлімет берген. Олардың сөзінше, сотталушының туыстары агрессия танытып, итеріп, «алып қашу» дәстүрін алға тартып әрекеттерін ақтаған.

«Қолхат не үшін қажет болды?»

Жәбірленуші тараптың адвокаты егер Нұрай өз еркімен келген болса, неге қолхат қажет болғанын сұрады.

Сотталушының әкесі бұл өзінің бастамасы болғанын және қолхатты Нұрайдың ата-анасына көрсету үшін алмақ болғанын айтты. Алайда нақты не себепті жазбаша растау қажет болғанын түсіндіре алмады.

«Ұлыңды қызыма жолатпаймын деген едің»

Сот барысында сотталушының әкесі ұлының Нұрайды аңдып жүргенінен хабары болмағанын мәлімдеді.

Осы кезде марқұмның әкесі оған эмоцияға беріліп үн қатты.

– «Мен саған ұлыңның қызымды аңдып жүргенін, үйіміздің жанында көлігімен тұратынын, қызымның курстастарына дейін мазалап, хабарлама жазатынын айттым. Екі рет кездесіп, ұлыңды қызыма жолатпаймын деп уәде берген едің», – деді Нұрайдың әкесі.

Бұған жауап ретінде сотталушының әкесі мұндай уәде бермегенін айтып, ұлының «бәрін өзім шешемін» деген сөзіне сенгенін жеткізді.

Осыдан кейін тараптар арасында сөзге келу орын алып, судья тәртіп сақтауға шақыруға мәжбүр болды.

Туыстарының жауабы

Сотталушының анасы, екі ағасы және екі тәтесі де куәлік беріп, Нұрайдың Шымкентке өз еркімен келгенін және одан бірнеше рет некеге келісетін-келіспейтінін сұрағандарын айтты.

Алайда судья Нұрайдың сол күні спорттық киіммен келгеніне және өзімен бірге ешқандай жеке зат алып келмегеніне назар аударды.

– «Егер қыз өз еркімен тұрмысқа шығатын болса, әдетте өзімен бірге киім-кешегін алып келеді. Ал сіздер оның спорттық киіммен келгенін айтып отырсыздар», – деді судья.

Куәгерлер бұл сұраққа нақты жауап бере алмады.

Бұрынғы тергеуші жауап берді

Сотта 2025 жылғы 5 қазанда Нұрайдың ұрланғаны туралы шақырту бойынша барған Қаратау аудандық полициясының бұрынғы тергеушісі де жауап берді.

Оның айтуынша, шақырту Нұрайдың ағаларынан түскен. Полицейлер келген кезде үйде той өтіп жатқан.

Тергеуші Нұраймен алдымен үйде, кейін полиция бөлімінде сөйлескенін айтты.

Оның сөзінше, Нұрай Ш.-ның өзінің жігіті екенін, үш ай бойы кездесіп жүргендерін және Алматыдан Шымкентке өз еркімен келгенін айтқан. Кейін бөлімде де ешкімге шағымы жоқ екенін жазбаша түсіндіріп, бұл туралы видеоға түсірілген.

Алайда араға екі күн салып аудан прокуроры іске араласқан.

Тергеушінің айтуынша, прокурор Нұрайдан полиция қызметкерлері қысым көрсетті ме деп сұрағанда, ол қысым болмағанын, ал Ш.-ға қатысты арызды әкесі мен ағасының талабымен жазғанын айтқан.

Тергеуші қызметінен босатылған

Бұрынғы тергеуші 2026 жылғы 20 қаңтарда «заңсыз шешім қабылдағаны үшін» ішкі істер органдарынан босатылғанын айтты. Ол бұл шешіммен келіспейтінін және сотта даулап жатқанын жеткізді.

Сонымен қатар Қаратау аудандық полиция қызметкерлеріне қатысты немқұрайлылық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Судья тергеушіден Нұрайды неге жеке телефонына видеоға түсіріп, бұл жазбаны ресми тіркемегенін сұрады.

Бұрынғы тергеуші ол кезде қылмыстық іс қозғалмағанын, сондықтан бейнежазбаны тіркеуді қажет деп санамағанын айтты.

Ағаларының нұсқасы өзгеше

Бұл мәліметтер Нұрайдың ағалары бұған дейін сотта берген жауаптармен сәйкес келмейді.

Марқұмның ағасы Сұлтанның айтуынша, полиция келгеннен кейін сотталушының әкесі тергеушіні дастарқанға шақырып, ол бауырсақ жеп, шай ішіп отырған. Ал дәл сол уақытта Нұрай көрші бөлмеде ұсталып тұрған.

Сұлтанның сөзінше, олар тергеушіден дереу әрекет етуді талап еткен. Алайда бұрынғы тергеуші сотта бұл жайтты растаған жоқ.

Сотталушының бұрынғы жауабы

Алдыңғы сот отырысында сотталушы Нұрайды ұрлады және аңдыды деген айыптарды жоққа шығарған.

Оның айтуынша, екеуі көңіл жарастырған, қызға үйленуге ұсыныс жасаған. Ал қайғылы күні сақинаны қайтарып, қарым-қатынасты тоқтату үшін келгенін айтқан.

Сотталушының нұсқасы бойынша, Нұрай алдымен оған пышақпен шабуыл жасаған. Осыдан кейін өзі аффект күйіне түсіп, қызға өлімге әкелген жарақаттарды қалай салғанын есіне түсіре алмайтынын мәлімдеді.

Сондай-ақ ол 2019 жылдан бері басынан алған жарақаттан кейін психикалық дертке шалдыққанын айтты.

Нұрай Серікбай
Фото: ашық дереккөз

Нұрай Серікбай оқиғасы

2025 жылдың 11 қаңтарында Шымкент қаласында 21 жастағы Нұрай Серікбай дүкенге бара жатқан кезінде өз үйінің маңында кісі қолынан қаза тапты. Оған алдын ала торуылдап жүрген жігіт кенеттен шабуыл жасап, бірнеше жерінен пышақтаған. Ауыр жарақаттан Нұрай оқиға орнында қаза тапты. Күдікті 28 жастағы ер адам болып шықты, ол оқиға орнынан қашып кеткенімен, көп ұзамай қала сыртынан ұсталды. Аталған факті бойынша кісі өлтіру бабымен тергеу басталды.

Бұл қайғылы оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызды. Әлеуметтік желілерде қыздардың қауіпсіздігі, олардың соңынан қалмай аңду (сталкинг) және қоқан-лоқы көрсету фактілеріне полицияның дер кезінде шара қолданбауы қызу талқыланды. Нұрайдың туыстары құқық қорғау органдарынан ұсталған қылмыскерге ең қатаң баптар бойынша айып тағып, әділ жазалауды талап етті.

Нұрай Серікбайдың өліміне байланысты халық арасындағы ашу-ыза билік органдарының назарын аудартты. 20 қаңтарда Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда Президент осы мәселеге арнайы тоқталды. Тоқаев күдіктінің Нұрайды ұзақ уақыт бойы аңдып, мазасын алып, қоқан-лоқы көрсеткені анықталғанын, ақырында оның соңы адам өліміне соқтырғанын атап өтті.

Бұдан кейін көп ұзамай Шымкент қаласында бірқатар жоғары лауазымды полиция қызметкерлері, соның ішінде Шымкент ПД басшысы Нұрлан Алмасбеков пен оның бірінші орынбасары қызметінен шеттетілді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз