Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:30

Шыршадан құлаған мұғалім: Семей қаласы әкімінің орынбасары күдікке ілінді

Арайбек Хамзаев
Арайбек Хамзаев. Фото:gov.kz

Бас прокуратура Семейде шыршадан құлаған мұғалім Қуат Айтқалиевтің ісіне қатысты тергеудің барысы туралы хабарлады.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 632-бабының 4-бөлігі (Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарланды.

"Тергеу барысында қала әкімінің орынбасары Арайбек Хамзаев мұғалімдерді кәсіптік қызметіне байланысты емес жұмысқа заңсыз тартумен айналысқаны анықталды. 2024 жылдың 27 желтоқсанында ол күдікке ілінді. Қазіргі уақытта Қуат Айтқалиев ауруханадан шығарылып, үйінде жалпы тәжірибелік дәрігердің бақылауында, жағдайы тұрақты", - деп хабарлады Бас прокуратура депутаттық сауалына берген жауабында.

Шыршаны безендіруге басқа мұғалімдердің де заңсыз қатысқаны хабарланды. Нәтижесінде мектеп директорлары қалалық білім бөлімінің бұйрығына сәйкес сөгіс алды.

Қалалық білім бөлімінің басшысы (Б. Бұлабаев) облыстық білім басқармасының бұйрығына сәйкес қызметінен босатылған.

№49 мектеп директоры (Г.Тоқтаубаева) еңбек демалысында, оның міндеттерін директордың орынбасары Н.Құрманов атқарып жатыр.

Еске салайық, 21 желтоқсанда Абай облысы Семей қаласында жаңа жылға арналған шыршаны безендіру кезінде №49 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қуат Айтқали биіктен құлап, жарақат алды. Бұл оқиға қоғам арасында резонанс тудырды. Оқу-ағарту министрлігі де, жергілікті әкімдік те жағдайды ушықтырмауға тырысты. Ауыс-түйіс жасаған болды, сөгіс жариялады. Кейіннен семейлік мұғалімнің әйелі Сымбат Аянқызы тергеу ашық жүріп жатқан жоқ деген мәлімдеме жасады. Өтемақы талап ететінін де айтты.