SIPRI: әлемдегі ядролық қару саны қайта өсуі мүмкін
Стокгольм халықаралық бейбітшілікті зерттеу институты (SIPRI) әлемдегі ядролық державалар қарусыздану саясатынан алыстап, өз арсеналдарын кеңейту мен жаңғыртуды күшейтіп жатқанын мәлімдеді.
Ұйымның жаңа есебіне сәйкес, соңғы ондаған жылда алғаш рет жаһандық ядролық оқтұмсықтар саны қайта өсе бастауы мүмкін.
SIPRI-дің 2026 жылғы баяндамасында АҚШ, Ресей, Ұлыбритания, Франция, Қытай, Үндістан, Пәкістан, Солтүстік Корея және Израиль 2025 жылы ядролық бағдарламаларын жаңғыртуды жалғастырғаны айтылған.
Сарапшылардың бағалауынша, 2026 жылдың қаңтарындағы жағдай бойынша әлемде 12 187 ядролық оқтұмсық болған. Оның шамамен 9 745-і қолдануға дайын қор ретінде сақталған. Төрт мыңнан астам оқтұмсық зымырандар мен ұшақтарға орналастырылған, ал 2,1–2,2 мыңы жоғары жауынгерлік дайындық деңгейінде тұр. Бұл қорлардың басым бөлігі Ресей мен АҚШ-қа тиесілі.
Қарусыздану дәуірі аяқталуға жақын
Есепте атап өтілгендей, қырғи-қабақ соғыстан кейін Ресей мен АҚШ ескі ядролық қаруларды жою жұмыстарын жаңа қару орналастырудан жылдамырақ жүргізіп келген. Соның арқасында әлемдік ядролық арсенал біртіндеп қысқарып отырған.
Алайда SIPRI сарапшылары бұл үрдістің өзгеріп жатқанын айтады. Ескі қаруларды бөлшектеу қарқыны баяулап, жаңа жүйелерді орналастыру жеделдеген.
Институттың жаппай қырып-жою қарулары бағдарламасының аға ғылыми қызметкері Ханс Кристенсен ядролық мемлекеттер қарусыздану жөніндегі міндеттемелерін екінші орынға ысырып қойғанын мәлімдеді.
Ресей мен АҚШ көш бастап тұр
Есепке сәйкес, әлемдегі барлық ядролық оқтұмсықтардың шамамен 83 пайызы Ресей мен АҚШ үлесіне тиесілі.
2025 жылы екі елдің қорлары айтарлықтай өзгермесе де, кең ауқымды модернизация бағдарламалары болашақта арсеналдардың ұлғаюына алып келуі мүмкін.
SIPRI дерегінше, Ресейдің RS-28 Сармат зымыранының бір сынағы сәтсіз аяқталған. Сонымен қатар ядролық қозғалтқышпен жабдықталған Буравестник зымыраны 14 мың шақырымнан астам қашықтыққа ұшу бойынша сәтті сынақтан өткен.
Сондай-ақ Ресейдің Беларусь аумағында Орешник жүйесіне арналған жаңа база салып жатқаны айтылған.
АҚШ-тың жаңа жоспарлары
Баяндамада АҚШ-тың ядролық жаңғырту бағдарламалары да қаржылық және ұйымдастырушылық қиындықтарға тап болып отырғаны көрсетілген.
Сарапшылар президент Дональд Трамп ұсынған Golden Dome зымыранға қарсы қорғаныс жүйесі бюджетке үлкен салмақ түсіретінін айтады. Алдын ала есеп бойынша жобаның құны 1,2 триллион долларға жетуі мүмкін.
Қытай ең жылдам қарқынмен өсіп келеді
SIPRI бағалауынша, Қытайдың қазіргі уақытта шамамен 620 ядролық оқтұмсығы бар және ол арсеналын басқа мемлекеттерге қарағанда жылдам ұлғайтып жатыр.
2026 жылдың басына қарай Бейжің елдің солтүстігіндегі үш ірі шахталық кешенге жүздеген зымыран орналастырған. Сонымен бірге елдің шығысында ондаған жаңа шахта салынуда.
Сарапшылардың пікірінше, Қытайдың ядролық қоры 2030 жылға қарай мың оқтұмсықтан асса да, бұл көрсеткіш Ресей мен АҚШ деңгейінен әлдеқайда төмен болады.
Еуропа да ядролық қорғанысын күшейтуде
Баяндамада Еуропада да ядролық қауіпсіздік мәселесіне қызығушылық артып келе жатқаны айтылған.
Эммануэль Макрон 2026 жылдың наурызында Францияның ядролық арсеналын кеңейту жоспарын жариялаған. Сонымен қатар Париж Германия және Ұлыбританиямен ядролық ынтымақтастықты күшейту жөнінде келіссөздер жүргізіп жатыр.
Ал Ұлыбритания АҚШ-тың ядролық бомбаларын тасымалдауға бейімделген 12 дана F-35A Lightning II сатып алуды жоспарлап отыр.
SIPRI сарапшылары геосаяси шиеленістің күшеюі, қару-жарақты бақылау тетіктерінің әлсіреуі және жаңа технологиялардың пайда болуы соңғы жылдардағы ең жоғары ядролық қауіп деңгейін қалыптастырып отырғанын атап өтті.