Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:49, 07 Қараша 2023

Спорт серпінді дамыса...

спорт
Фото: из открытых источников

Дені сау ұрпақ – мемлекеттік ең бағалы капиталы. Кез келген елдің болашағы оның халқының денсаулығына байланысты. Осы тұста мемлекет халық игілігіне арнап түрлі спорттық кешендер мен алаңдар құрылысын жасау жұмысына кіріскен. 

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданында қазанның жиырма алтысы қатарынан екі спорттық кешен өз жұмысын бастады. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауында айтылған «100 дене шынықтыру-сауықтыру кешені» жобасын іске асыру мақсатында Ақжайық ауданы Чапаев ауылында 320 орындық, Тайпақ ауылында 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешендері ашылды. Қазіргі таңда аталған өңірде бұқаралық спортты дамытуға көп көңіл бөлінуде. Спорт саласы қоғамның әлеуметтік ұйысуына, болашағы бір ұлтты қалыптастыруға ықпал ететін салалардың бірі. Экономикалық тұрғыдан дамыған елдер бұл көрсеткішті 30 пайызға жеткізуге ұмтылуда.

Ақжайық ауданы Чапаев ауылында ашылған 320 орындық спорт кешенінің жалпы көлемі 2369,4 шаршы метрді құрайды. Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің бірінші қабатында спорттық ойын түрлеріне арналған зал, баскетбол, волейбол, шағын футбол ойындарына шағын алаң бар, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орындар, бір уақытта 7 адамға дейін шыныға алатын жаттығу залдарымен жабдықталған. Екінші қабатта күрес залы мен дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ бөлмелерімен қатар жеке-жеке тазалық бөлмелері де қарастырылған. Нысанның ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Нариман Төреғалиев президенттің тапсырмаларына сәйкес облыста халықтың әл-ауқатын арттыруға, бұқаралық спортты дамытуға жасалатын жағдайлар туралы атап өтті: «Қуанышты мереке күні бүгін Ақжайық ауданының Чапаев ауылында жаңадан салынған заманауи 320 көрермендік орынға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ғимараты халық игілігіне пайдалануға берілгелі тұр. Бұл спорттық нысанда халықтың спортпен шұғылдануы үшін бар жағдай жасалып, ғимарат ауданның барлық санаттағы тұрғындары үшін қолжетімді болады. Аталған спорттық нысанда тайпақтықтардың спортпен шұғылдануы үшін бар жағдай жасалып, ғимарат ауданның барлық санаттағы тұрғындары үшін қолжетімді болады. Бұл мемлекетіміздің ауылдық елді мекендердің тұрғындарына қамқорлығы мен жанашырлығы деп білуіміз тиіс. Спорт кешенінің іске қосылуы ауыл спортын қарқынды дамытуға, ауыл тұрғындарының спорттық белсенділігін арттыруға, чемпиондарды тәрбиелеуге зор септігін тигізетініне сенімдіміз. Ұлт саулығы еліміздің басты құндылығы деп бағалайтын президентіміздің жыл сайынғы жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне ерекше назар аударып, осы мақсатта «100 дене шынықтыру-сауықтыру кешені» жобасын іске асыруды міндеттегені белгілі. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында 2019 жылы облыс бойынша 9 дене шынықтыру-сауықтыру кешені қолданысқа берілсе, бүгін, міне, су жаңа ғимарат Чапаев және Тайпақ ауылдарында да халыққа есігін ашты. Енді спорт кешенінде волейбол, баскетбол, футзал, қазақ күресі, еркін күрес, дзюдо, қол күресі сынды спорт түрлерімен шұғылдану үшін барлық жағдайлар жасалған», – деген өңір басшысы Нариман Төреғалиев Ақжайық ауданында туып-өскен есімдері әлемге әйгілі спортшыларды да атап өтті. Олардың қатарында самбо күресінің шебері, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, әлемнің 4 дүркін чемпионы Ерболат Байбатыров, грэпплингтен ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионы Зайреден Мұхамбетжанов, қол күресінен ҚР спорт шебері, жастар арасында әлем чемпионы Кенжеқыз Қаупенова, бокстан ҚР спорт шебері, Азия чемпионатының күміс жүлдегері Даниал Сәбит, қол күресінен Азия кубогінің жеңімпазы Ізбасар Нұрбол бар. Одан бөлек әлем чемпионатының күміс жүлдегері Болатбек Райымқұлов, самбодан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, самбодан әлем чемпионатының жүлдегері Бағдат Жарылғасов, самбодан және грэпплингтен ҚР дәрежедегі спорт шебері, самбодан жастар арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері Армат Қабдолов сынды спортшыларды атасақ болады. Спорт кешенінде спортшылар ғана емес, түрлі жастағы ауыл тұрғындары да спортпен айналысып, денсаулықтарын нығайтады және бос уақыттарын тиімді өткізе алады. Ауыл спортын жаңа биікке шығарып, алыстағы елді мекен тұрғындарын спортпен шұғылдануға мүмкіндік берген дене шынықтыру сауықтыру кешенінің лентасын өңір басшысы Нариман Төреғалиев пен бокстан ҚР чемпионы, Азия ойындарының күміс жүлдегері Даниал Сәбит кесті. Ал Тайпақ ауылында ашылған жаңа ғимарат жаңа технологиялық жабдықтармен қамтылып, ойын спорты түрлеріне арналған спорт залы, күрес залы, жаттығу залы, киім ілетін бөлмелері, басқа да қосалқы жайлары бар. Бұл қазақ күресі, еркін күрес, дзюдо, волейбол, баскетбол, шағын футбол сынды өңіріміздегі басымды спорт түрлерін серпінді дамытуға және кеңінен таратуға, халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге, қалың бұқараны спортқа тартуға, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, аудан тұрғындарына түрлі спорт түрлерінің қолжетімді болуын қамтамасыз етуге зор мүмкіндік береді.

Бұл қос бірдей қуаныш Ақжайық ауданы тұрғындарының мерейін өсіріп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Есігін жаңа ашқан спорт кешендері ауыл тұрғындарын салауатты өмір салтын ұстануға үндейтін, жастарды бұқаралық спортқа тартатын тәрбие ошағы болатынына күмән жоқ.

         Ақгүлім Ерболқызы