Сүлейменованың «шаңды жорығы» немесе Қарашөкеевтің аузына су тамызу операциясы
Еліміз бастауын өзге мемлекеттен алатын трансшекаралық өзендерге тәуелді. Содан болар саптыаяқ басынан қарауыл қарап, тірлік кешіп жатқан жайымыз бар.
Өйткені елдегі суармалы жердің көлемі 1,4 млн гектар екенін ескерсек, бізге көп су керек. Тіпті 2027 жылға қарай суармалы жердің ауқымын 3,3 млн-ға жеткіземіз деген әйдік жоспарымыз тағы бар.
Әрине, суармалы жерді көбейте отырып, ауыл шаруашылық өнімдерін өзімізде даярлап, азық-түлік қауіпсіздігін шешіп алсақ, жаман болмас еді. Бірақ қолбайлау болып тұрған бір жайт бар. Ол – су. Әсіресе еліміздің оңтүстік облыстары жаз шыға қаталап жатады. Өйткені арналы Сырдария да, Талас та, Шу да сырттан келеді. Мәселен, суармалы жер Түркістан облысында 38, Алматы облысында 29, Қызылорда облысында 14, ал Жамбыл облысында 8 пайызды құрайды. Демек, бұл облыстардың сусыз күні жоқ. Амалсыз судың басында отырған «су саудагері» атанған қырғыз бен тәжікке, өзбекке алақан жаюға тура келеді. Жыл сайын жаз шыға осы аймақтың диқандарының жанайқайы шығады да жатады. Себеп судың тапшылығы. «Судың басында отырғандар бал, аяғында отырғандар у ішеді» дегендей, судың бастауына иелік ететін айырқалпақтылар жаз шыға ағыстың төменгі жағында отырған көрші жұртқа шекесінен қарайтынды шығарған. Тіпті қырғыздар суды саяси мәжбүрлеу тетігіне айналдырып алған десек те, көп қателеспейміз. Айтқымыз келгені, судың саяси құралға айналғаны емес, бар суды қалай бөліске саламыз, соның жайы.
Өзге өңірді былай қойғанда, биыл Талас пен Шудың бойында отырған жер емген ел су мәселесін тағы көтерді. Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Талас және Рысқұлов аудандарындағы егіс алқаптары судың жетіспеуінен көкөніс біткен күйіп, мыңдаған гектар қант қызылшасы, пияз, жүгері еккен фермерлердің еңбегі зая кетпекші. Нақтылай түссек 4 мың гектар қант қызылшасы мен пиязға су болмаса бір қауіптің төнгені анық. «Құлындаған дауысы құраққа жеткен» төрт жүзге тарта диқанның үнін үкімет естіпті, сөйтіп, Қазақстан жағының бастамасымен екі елдің өкілдері кездесу өткізді. Бірақ шешілген ештеңе жоғы өз алдына, бар кілтипан осы кездесуден кейін шықты. Қырғыз тарапы, «су жоқ, лимит бітті, аз суды өзімізге жеткізе алмай отырмыз» деп шықты. Қазақстан тарабының біліктілігі жетпеді ме, қырғыз бауырларды су беруге көндіре алмады.
Көндіре алмағанда, мұнда бір мәселе бар. Қырғыздардың лимит деп отырғаны 3,54 млн текше метр су екен. Бұл екі жақты келісім бойынша белгіленген мөлшер. Соны қазақ тарапы секундына 40 текше метр көлем бойынша алып келген. Сөйтіп жүріп, «су жетіспейді, секундына 45 текше метр берсеңдер», дейді. Өздерінде де құрғақшылық болып жатқан қырғыз тарапы «лимиттерің ерте бітіп қалады ғой», деп, ескерту де жасапты. Бірақ, біздікілер райынан қайтпаған. Ақыры, Қырғыз Қазақстанның бұл өтінішін қинала-қинала орындайды. Нәтижесінде, қазақтар өздеріне бекітілген лимитті ішіп тауысып тастаған. Тамыздың басында лимит біткен және оған Қазақстанның өзі келісім берген. Бір қызығы, шаруалар шу көтерген соң ғана көз алдау қылып, қырғыздармен келісім жүргізген болды. Әйтпесе, Киров су қоймасы былтырғыдан он есе аз су жіберуге мәжбүр болып отырған қырғыздардың ешқандай бонус бере алмайтыны әу бастан-ақ түсінікті болған.
Су болмайтын болған соң, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Таразға барып, фермерлермен кездесті. Үкімет тарапынан резервтен қаржы бөлінетінін жеткізді. Әйтеуір диқандар шеккен залалды осылайша ретке келтіретінін айтты. Бірақ бұл мәселе бүгін-ертең емес, қыркүйек-қазан айларында ғана есептеліп, шыққан шығынның орны сол кезде ғана жабылмақ екен. Мәселен, жеке қожалық иесі Евгений Трубников 130 гектар жерге күнбағыс еккен екен. Бірақ судың болмауынан күйіп кеткен. Фермер шығыным кем дегенде 150 миллион теңге дегенді айтады. Сол секілді өзге де қожалық иелері шығынды үкімет толық төлеп бере ме, жоқ па деп әрі-сәрі күй кешуде.
Ал осы су мәселесіне тікелей жауап беретін Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова қара көрсетпеді. Бәлкім, қырғыз елімен болған суға байланысты келіссөзде сәтсіздікке ұрынған министрдің диқандарға көрінуге беті болмаған шығар. Дегенмен журналистер қойған сұраққа: «Қырғызбен кесте шеңберінде жұмыс істеп жатырмыз. Өзім болмасам да, орынбасарым Қордай, Байзақ, Талас аудандарында болды. Қазіргі күні жағдай күрделі» деп күмілжігеннен басқа айтары болмады. Демек, әу баста дұрыс келісім болмаған жерде министр ханымның «жау кеткен соң қылышыңды тасқа шаптың» кебін жасап, өздері де су таппай отырған Бішкекке шаңдатып барғанымен, елдегі диқандарға еш қайыр болмады. Бұл тарихта оттың өзін көз жасымен өшірмек болған нәзік министрдің су таппаған «шаңды жорығы» ретінде аталмаса, лимитін ерте тауысып тастаған «көлтауысар» Қарашөкеевтің аузына су тамыза алмады. Дегенмен Қордайға келген Экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Ғалидулла Азидуллин диқаншыларды алдағы жылы Ырғайты және Қалғұты су қоймалары салынатынын айтып, жұбатқандай болды. Бірақ бұл су қоймалары тараздық фермерлерді су тапшылығынан құтқара алмаса керек-ті. Өйткені Жамбыл облысындағы судың 80 пайызы қырғыз елінен келетінін ескерсек, бәрібір қырғыз алдындағы тәуелділігіміз кемімейді. Қайтпек керек?
«Қойшы көп болса, қой арам өледі» деген сөздің өзегінде шындық жатыр. Мәселен, елімізде су мәселесімен айналысатын төрт бірдей мекеме бар. Айталық Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Трансшекаралық өзендер департаменті, Су ресурстары комитеті және Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты деген мекеме. Осылар немен айналысады? Түсінбеймін. Онда 200-дей адам жұмыс істейді. Мен талай айттым. Оданша бір ғана Су министрлігін құрайық. Сол бәріне жауап берсін деп. Бірақ менің сөзімді тыңдаған ешкім жоқ. Бұлар айлық алып отырса болды. Басқаға бас қатырмайды. Солардың ішінде су саласын білетін маман бар деп ойламаймын. Су жетпейді емес, су бар. 1982 жылы қырғыз елімен су мәселесі бойынша келісім жасағанбыз. Онда бәрі жазылған. Өкініштісі – қазір сол құжатты көтеріп, оқып, сол бойынша жұмыс істейін деген бір министрді көріп тұрған жоқпын. Оларға керегі осы салаға бөлінетін қаржы. Соны есептеп, бұйырғанын жемсауға салып отырса болды. Өзен басына, тоған қасына барған министрді көрдің бе? Кезінде Жамбыл облысында 250 мың гектар суармалы жер болды. Соған суды кең молынан жеткізіп тұрдық. Ешқандай дау-дамай болмады. Қазір неге екені қайдам, 182 мың гектар деп көрсетіледі. Тіпті Жамбыл облысына су қоймасын салайық дейтіндер бар. Күлкілі. Суды қайдан алмақ. Қырғыз жерінде Тараз өңіріне су жіберіп тұратын Киров су қоймасы бар. Соны дұрыстап пайдалана алсақ та жетеді. Бір қызығы, министрлік «су жөнінде жаңа келісім жасау керек» дегенді жиі айтатын болыпты. Бұған дейін жасалған келісімдерде бәрі қаттаулы тұр емес пе? Неге біз барды пайдаланбай, бәрін «ескі» деп, «жаңа» деген ұғымға ұмтыламыз. Бұдан не ұтамыз? Қазір Қазақстанда су саласының білікті мамандары кемде-кем. Сонда құжатты кім даярламақ? Судың исі мұрнына бармайтындар ма? Бұрынғы екі жақты келісімде бәрі көрсетілген. Талас пен Шудың қасына жаңа бір өзен, я болмаса канал қосылған жоқ. Бәрі орнында тұр. Олай болса, «жаңа келісім, жаңа құжат» деп формалды өтірік жұмыс істегенсу кімге керек? Әлде президент алдына барып, «су мәселесін шешіп жатырмыз» деп есеп беру үшін бе?» – дейді 1981-1990 жылдар аралығында Су шаруашылығы министрі болған Нариман Қыпшақбаев.
Рас, бұрнағы құжаттарда Талас пен Шуды қазақ пен қырғыз қалай бөліске салынғаны қаттаулы. Үңілейік. Шу өзені бойынша Қазақстанға тиесілісі – 0,11 текше шақырым, яғни 3,0 пайыз. Ал 3,84 текше шақырым, яғни 97 пайыз айырқалпақтылардың бақылауында. Талас өзені бойынша қырғызға тиесілі су 94 пайыз (1,72 текше шақырым), ал қазаққа тиесілісі – 6,0 пайыз (0,11 текше шақырым) екен. Сондай-ақ су қоймаларының барлығы қырғыз жерінде орналасқан. Демек, «қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дегендей, айырқалпақтылар қажет кезінде қазақты шөміштен қыса алады деген сөз. Жалпы Бішкекте өткен екі жақты кездесуде Қазақстан тарапы 18 шілдеден 31 шілдеге дейін Киров су қоймасынан Тараз өңіріне су беруді секундына 45 текше метрге дейін арттыруды сұраған екен. Ал келісім бойынша секундына 40 текше метр болуы тиіс еді. Қырғыз жағы есептей келе, Тараз диқаншыларына секундына 45 текше метр су жіберсе, 1 тамызға қарай қазақстанның үлесі 3,54 млн. текше метрге артатынын, әрі секундына 10 текше метр шығын кезінде су 4 тамызға дейін таусылатынын ескерткен. Бірақ елімізден барған өкілдер қырғыздардың айтқанына құлақ аспаған сынды. Соның кесірінен тамыздың екінші он күндігінен бастап қырғыз жағы қазақстанға су беруді амалсыз тоқтатуға мәжбүр болған. Осылайша су мәселесінде біліксіздік танытқан қазақстандық өкілдер артық қылам деп тыртық қылып алса керек.
«Қырғыз ағайындардың бізге суды қысып беруін түсінуге болады. Қырғызда да құрғақшылық болды. Әсіресе Шу және Талас облыстарында. Содан олар суды өз диқандарына қарай бұрды. Сондай-ақ жылдағыдай емес, Киров су қоймасында су аз. Мәселен, өткен жылы 177,28 млн текше метр болса, биыл ол 32,48 млн текше метр көлемінде. Яғни 144,8 млн т.м кем деген сөз. Демек, су мәселесі жөнінде бір емес, он рет келіссөз өткіз, ештеңе шешілмейді. Өйткені жаһандық жылынудың кесірінен жыл сайын Памир мен Тәңіртаудағы (Тянь-Шань) мұздықтар тез еруде. Содан болар алдағы уақытта судың кемуі арта берері сөзсіз. Оған біз даяр болуымыз керек. Демек, бізге су мен ылғалды көп қажет ететін дақылдардан аздап бас тарта бастаған жөн. Мәселен, 1 келі күрішке кем дегенде 5-6 тонна су қажет. Бұл бізге қажет пе? Сол секілді мақта. Оған да су көп қажет. Жалпы, Орталық Азия елдері судың тапшылығын қазірдің өзінде сезініп жатыр. Демек, суды көп қажет ететін дақылдарды азайтқаны жөн. Сырттан сатып алу әлдеқайда тиімді. Бұл – бір.
Екіншіден, судың орта жолда буланып, не болмаса жерге сіңіп жоқ болуынан сақтану үшін, суды құбырлар арқылы тасымалдауға көшкен жөн. Себебі ирригациялық және су тарату жүйелері тозған. Арық-тоғандардың жай-күйі сын көтермейді. Оны жөндеу, қыруар қаржы. Үшіншіден, суды үнемдеуді халыққа кеңінен түсіндіру. Қажет болса шектеу шараларын енгізу қажет. Сондай-ақ суды баяғыдай егіске жайып жібермей, заманауи технологияларды қолдана отырып, тамшылатып суғару секілді мүмкіндіктерді пайдалану қажет. Мұның бәрі аз да болса суды үнемдеуге әсер етеді», – дейді «Байтақ» экологиялық партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай.
Суды үнемдеу жағынан қырғыз алда тұр. Жекеменшік моншаларды, көлік жуу орындарын, т.б. суды көп қажет ететін тұрмыстық кешендердің жұмысына тыйым салынды. Мұны бізге де жасау қажет. Қытай сарапшыларының есебіне қарасақ, аймақта жатқан мемлекеттер суды кем дегенде 56 пайызға үнемдей алатын болса, онда 300 миллионға тақау жұртты сумен қамтамасыз етуге болады екен. Бірақ бұған біздің бұқара даяр ма?
«Менің пайымымда судың басында отырған Қырғызстан мен Тәжікстанды ортаға ала отырып, Қазақстан, Өзбекстан және Түркіменстан суды бөлу және пайдалану үшін жаңа келісімшарт жасасқаны дұрыс. Бұдан өзге тығырықтан шығар жолды көріп тұрған жоқпын. Бұл мәселе жыл сайын көтеріледі. Үнемі «қырғыз су бермей жатыр» деп, көршінің құлағын шулатып жатамыз. Меніңше, бұл дұрыс емес. Барлық кінә министрлікте, су шаруашылығының басы-қасында жүргендерде. Солардың біліксіздігінің кесірінен үнемі қазақтар ұтылып жататын келіссөздер жүргізілді. Келісімшарттарға қол қойылды. Бәрін қайта қарап, бүгінгі күннің талабын ескере отырып, жаңа келісімдер жасалғаны дұрыс. Өйткені баяғы көл-көсір су жоқ. Барымен базар ететін күн туды. Қырғыз премьер-министрі Ақылбек Жапаровтың «Су Орталық Азия республикаларын бірімен-бірін қырылыстыратын фактор болмауы тиіс. Керісінше, су мәселесі мемлекеттерді біріктіретін факторға айналған кезде аймақта даму болады», деуі тегін емес. Демек, Орталық Азия басшылары жиналып, аймақтағы трансшекаралық өзендер мәселесін қалай да бір қарап, жаңа келісімшартқа қол қойғаны дұрыс. Бұл министрлік деңгейінде шешілетін мәселе емес», – дейді саясаттанушы Ерасыл Ислам.
Су басты тақырыпқа айнала бастаған заманда бұл мәселе тоған басыларының, су саласына иелік ететін министрлердің деңгейінде емес, мемлекетаралық келісімдер жасалып, мемлекет басшыларының араласуымен шешілетін дүние. Әйтпесе, оңтүстік өңірдегі диқандарымыздың еңбегі еш, тұзы сор болып қала беретіні анық.