Telegram арқылы есірткі сатты деген күдікті Қазақстанға жеткізілді
Қазақстанға Польша Республикасынан есірткі саудасын ұйымдастырды деп күдікке ілінген азамат экстрадицияланды. Ол трансұлттық қылмыстық топты басқарды деген айыппен тергеліп жатыр.
Бас прокуратура мәліметінше, күдікті Telegram желісіндегі «Kaef Mafia» интернет-дүкені арқылы синтетикалық есірткінің заңсыз саудасын жолға қойған. Тергеу барысында оның қылмыстық схема арқылы есірткі заттарын жасырын тәсілмен таратып отырғаны анықталған.
Құқық қорғау органдарының дерегінше, топ мүшелерінің банк шоттары арқылы 2,8 млрд теңгеден астам қаржы өткен. Бұл қаражат заңсыз жолмен алынған деп танылып, кейін мемлекет пайдасына тәркіленген. Арнайы операциялар барысында 1,2 келіге жуық есірткі және психотроптық заттар да тәркіленген.
Топ мүшелерінің бір бөлігі сотталған, алайда ұйымдастырушы халықаралық іздеуге жарияланып, 2025 жылдың желтоқсанында Польшада ұсталған. Кейін Қазақстанға экстрадицияланды. Қазір ол тергеу изоляторында қамауда отыр.
Оған 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу жазасы қаупі төніп тұр.