Тігіншілік – өлмейтін кәсіп
Қазіргі таңда дені сау, қол-аяғы бүтін жандар жұмыс істеуге құлықсыз. Дегенмен де, қазір білім алмадым, дипломым жоқ демей, өз бетінше ізденіп, қолынан келетін ісін дамытып, аяққа тұрып жатқандар да жетерлік.
Бір сөзбен айтқанда, кімнің қолынан іс келеді, сол адам жұмыссыздыққа тап болмайды. Әрі ешкімге масыл болмайды. Осы мәселеге қатысты өз еңбегімен аяққа тұрып, кәсібін дамытып, еш демалмастан отбасының қамы үшін еңбек етіп келе жатқан тігінші Гүлстан Жандосқызымен өз бетінше табыс тауып, қалай еңбек ету керек екендігі жөнінде әңгімелестік.
– Гүлстан ханым, кәсібіңіз туралы таныстырып өтсеңіз. Қалай бастадыңыз? Қаржы жағынан қандай өзгеріс енгізе алдыңыз?
– Негізі кәсіпті ашуым бұл 22 жыл бұрын үйде отырып, табыс табу мақсатында басталған еді. Ол кезде нәрестелі болып, үйде жіпсіз байланып отырып қалдым. Содан табыс табудың жолдарын іздей бастадым. Үйге табыс көзінің аз кіруінің салдарынан амал жоқтан, тапсырыспен көрпе тіктім. Ол кезде құрақ көрпенің құны 2500-3000 теңге болса, жай көрпенің бағасы 200 теңге еді. Осыдан құрақ көрпелеріміз құнсыз дүние секілді көрінетін. Кейіннен кәсібімді дөңгелетіп жатсам, құрақ көрпенің құнсыздануына жол бермеймін деп армандаушы едім. Бүгінде ол мақсатыма да жеттім. Қазір құрақ көрпенің құнын 70-90 мыңға дейін көтердім. Осылайша, қаржы жағынан ұтылмадым десем де болады.
– Қазір қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыз?
– Кәсібімді алғаш бастағанда жер үйде тұрған едік. Ол үйдің қонақ бөлмесін тігін шеберханасына, жатын бөлмесін қоймаға айналдырдық. Кейіннен 8 көршімді жұмыспен қамтамасыз еттім. Сол 8 көршілерімізбен бірігіп, әлі күнге дейін Қазақстанның әр жерінен қыз жасауына тапсырыс алып, дайындап келеміз. Тек тігін тігіп қана қоймай, ою-өрнектердің, құрақтың түрлерін әбден зерттеп, терең танып білгеннен соң, қазір көп қыз-келіншектер менен кеңес алып келе жатыр. Оларға тек тігінді ғана емес, оны математикалық есептеуін, стратегия мен жоспар құруын білгеннен соң, көбі тігіннің «жілігін шағып, майын іштіңіз» деп білмегендерін сұрап жатады.
– Гүлстан ханым, жалпы сіз үшін масылдық дегеніміз не? Өзгеге масыл болмау үшін жұмыссыз жүрген қыз-келіншектерге қандай кеңес бересіз?
– Бұл сұрақ өте өзекті сұрақ. Себебі қазір көбіне көпбалалы аналар күйеуіне масыл болмау үшін мемлекеттік грантты оңай ұтып алып жатады. Сол грант арқылы кәсіп бастау үшін тігін машиналары мен жаңа техникаларды сатып алады. Бірақ сол кәсіпті игере алмай, бизнестерін жүргізе алмай жүрген аналар қаншама. Егер олар грантты алмас бұрын тігін өнерін толық біліп, үйреніп алатын болса, ол кісілер бүгінде кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Әрі бұл салада олар ұтылмас еді. Үйде отырып та ақша табуларына болар еді. Тігін өнері ешқашан өлмейтін кәсіп. Қыз жасауы дейсіз бе, ұлттық оюмен өрнектелген көрпе-төсектер сұраныстан түспейді. Мейлі, той тоқтап қалса да, қыздың жасауын беру ешқашан тоқтамайды. Өйткені бұл салт-дәстүріміз. Әрбір адам шеберлігін меңгеретін болса, үйден шықпай-ақ табыс табар еді.
– Рақмет!