Қоғам

Тоқаев: «Қандай да бір тілге қарсы күрес жүргізу – Жаратқанға, оның нығметіне қарсы шығу»

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілдің қоғамды біріктірудегі маңызына тоқталды. Оның айтуынша, қазақ тілінің қолданыс аясы соңғы жылдары әкімшілік немесе саяси мәжбүрлеусіз кеңейіп келеді.

Тоқаев

Мемлекет басшысы әсіресе жастардың қазақ тілінде еркін әрі сауатты сөйлей бастағанын атап өтті. Президенттің сөзінше, мемлекеттік тіл ұлттық мәдениет пен болмысты танытудың маңызды құралына айналып отыр.

Сонымен қатар қазақ тілін дамыту өзге тілдерден бас тарту немесе оларды шеттету дегенді білдірмейтінін айтты. Конституцияда азаматтарды тіліне, тегіне, ұлтына, діни көзқарасына және басқа да белгілеріне қарай кемсітуге жол берілмейтіні бекітілген.

Тоқаев әлеуметтік желілерде ұлтаралық араздықты қоздыруға бағытталған әрекеттерге де тоқталды. Оның пікірінше, мұндай арандатулар қоғамның бірлігіне және елдегі тұрақтылыққа кері әсер етуі мүмкін.

«Тіл – Жаратқанның адам баласына берген ең үлкен игілігі, теңдессіз сыйы. Қандай да бір тілге қарсы күрес жүргізу – Жаратқанға, оның нығметіне қарсы шығу. Сірә, бұдан асқан ақымақтық болмас. Сондықтан тіл (қандай тіл болса да) бірлік пен өркениеттің өлшемі болуға тиіс. Бүгінгі таңда түрлі ұлттың жастары қазақ тілі мен мәдениетін кеңінен насихаттап жүр. Бұған қалай қуанбайсың?

Олар, шын мәнінде, рухани дүниесі бай, бойында талант тұнған жандар. Достыққа дәнекер болған осындай адамдар қашанда жоғары құрмет пен қолдауға лайық. Мемлекет те оларды елеусіз қалдырмайды. Өйткені қоғамдағы тұрақтылықты сақтауға, әлемдік үдерістердің өркениетті, табысты қатысушысы ретінде мемлекетіміздің абырой-беделін асқақтатуға осындай азаматтардың қосар үлесі зор. Бірнеше жыл бұрын менің тапсырмаммен арнайы «Ел бірлігі» ордені тағайындалды. Бұл – ұлт тұтастығын нығайтып, қоғамдық келісімді қамтамасыз ету жолында жемісті еңбек еткен жандарға берілетін бәсі биік, айрықша марапат.

Конституциялық мәртебеге ие және халық атынан өкілдік ететін ұйым ретінде осы жоғары наградаға лайықты үміткерлерді Қазақстан Халық Кеңесі ұсынғаны дұрыс әрі әділетті деп есептеймін», - деді президент. 

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз