Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 08 Мамыр 2024

Токиодан озған Тазша бала. Қырық өтіріктің соңы...

Мусин
Фото: из открытых источников

Сәуір айының аяғында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин күтпеген жерден қызметінен кетті. Мусин министр креслосында 2020 жылғы қыркүйектен бері 3 жыл 7 ай отырды.

Біздің елде министрлер үшін үш айдың өзі әжептәуір ұзақ уақыт есептеледі. Бағдат Мусин билікке қай еңбегімен ұнағаны белгісіз, тіпті талай шендінің тағдырын өзгерткен Қаңтар оқиғасынан кейінгі «тазалауда» да, 6 партия мәжілістен мандат алып, елде «демократия орнаған» парламент сайлауынан кейін де, Әлихан Смайылов үкіметі ауыр сынға қалып, абыройсыздықпен тараған ақпандағы ауыс-түйісте де Мусинің мызғыған жоқ.

Мусин биліктің үш жарым жылдық «сенім кредитіне» қалай ие болғаны белгісіз, оның кезінде елдегі интернет жылдамдығына қатысты мәселе ушығып кетті. Көп сын айтылды. Алыс ауылдарды айтпағанда, Астана мен Алматының өзінде байланыс сапасы бұрынғыдан да төмендеп кетті. Бағдат Мусин бұл проблеманы шешуге аса құлықты болған жоқ, бірде жауапкершілікті жеке операторларға артып, басын алып қашса, енді бірде интернет баяу деген уәжді жоққа шығарамын деп, қызды-қыздымен біздің интернетті «Токиодағыдан жылдам» деп салып, күлкіге қалды.

Мусин қызметінен неге кетті?

Министр Мусин қызметінен аяқ астынан кетті. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында өз еркіммен отставкаға кеткенін жазды. Бірақ оның бұл сөзіне сену қиын. Өйткені осыдан бірнеше күн бұрын ғана байланыс операторларының конференциясына қатысып, премьер-министрге Astana Hub технопаркін таныстырып, шауып жүрген. Бұл жақын арада өз еркімен жұмыстан кететін адамның жүрісіне ұқсамайды.

Шамасы Ақорда мызғымас министрдің жұмысынан мін тапқан сияқты. Отандық БАҚ былтыр қарашада президент әкімшілігі Мусин басқарған министрліктің қызметіне тексеріс жүргізгенін хабарлады. Тексеріс қорытындысы жақында шығып, Smart City жобасын жүзеге асыру барысында үлкен олқылықтар бар екені анықталыпты. Президент әкімшілігінің аудиторлары мен сарапшылары министрліктің Smart City жобасы ғана емес, цифрлық шешімдер бағытындағы бүкіл жұмысын сынаған.

Осыдан бірнеше жыл бұрын елордадан 100 шақырым жердегі Ақкөл қаласында Smart Aqkól жобасы қолға алынған. 2,5 миллиард теңге бөлінген жобаның басты мақсаты – Ақмола облысындағы шағын қаланы елдегі ең үздік «Ақылды қалаға» айналдыру болатын. Бірақ сол кезде баспасөз құралдары жарыса жазып, мақтауын асырған Smart Aqkól бос сөзге айналған. Әу баста жоспарда болған аялдамалардағы тегін Wi-Fi, күн нұрынан қуат алып, тұрғындардың телефонын қуаттауға мүмкіндік беретін Smart орындықтар, интеллектуалды бейнекамералардың бүгінде бірі де жоқ. Кезінде орнатылған көп құрылғыны шаң мен тот басып, тозып жатыр. Мусин мырза мұның бірде-бірін білмеген немесе білгісі келмеген күйі жұмыстан кетті.

Бағдат Мусин отставкаға кетсін деген талап ел арасында көптен айтылып жүрген. Мысалы, былтыр жазда бір топ белсенді оның жұмыстан кеткенін сұрап, петиция жариялады. Петицияға аз ғана уақыттың ішінде мыңдаған адам қол қойып, министрдің жұмысына наразы екенін білдірген.

Демек, Мусиннің «өзім отставкаға кеттім» дегеніне сену қиындау. Біздің елде жайлы креслосын өз еркімен босатқан шенді жоқ. Оның үстіне телеграм-арналарда экс-министрге қарсы 8 томнан тұратын қылмыстық іс қозғалды деген ақпарат тарап жатыр. Бейресми ақпаратқа сенсек, Мусиннің отставкаға кетуіне 15 жылға сотталған Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы орынбасары Дәулет Ерғожинге қатысты жаңа қылмыстық істің қозғалуы себеп болған. Биыл ақпанда Қытай сайттарында қазақстандықтардың құпия деректері тарап кетіп, үлкен дау шыққан. Азаматтардың ақпараттық қауіпсіздігіне Мусин басқарып отырған министрлік жауапты болатын. Кейін деректердің шетел асуына Ерғожиннің қатысы бар деген ақпарат шықты. Сол даудың ұшы Бағдат Мусинге де тиген сияқты. Егер мұндай күдікке ілінгені рас болса, экс-министрді енді ешкім қорғай алмауы мүмкін.

Бағдат Мусин ел есінде қалай қалды?

Қызметтен босату туралы президент жарлығы шыққан соң Мусин әлеуметтік желіде екі жазба жариялады. Біріншісінде ол өзіне сенім артқан мемлекет басшысына алғыс айтады. Бұл – қазақстандық шенділердің бәріне ортақ әдет. Лауазымды қызметке келсе де, кетсе де президентке алғыс айтады. Тіпті істі болып, сотталса да президенттен кешірім сұрап жатады. Экс-президенттен кешірім сұрап, рақымшылыққа ие болған ақ жағалылар да аз емес.

Екінші жазбасында Мусин 3,5 жылда атқарған жұмыстарын тізбелеп, әбден «мақтаныпты». Оның айтуынша, Қазақстан қазір әлемдегі ең дамыған цифрлы елдердің бірі, тіпті жер бетіндегі цифрлы көшбасшылар қатарына қосылуға дайын. Сондай-ақ азаматтардың өмірін жеңілдеткен цифрлы жобалар жасалып, ІТ экспорты 529 миллион долларға жеткенін айтты.

Бірақ экс-министр ел есінде мұндай «жетістіктерімен» емес, кемшіліктерімен қалды. Әсіресе 2021 жылы еліміздің бүкіл «электронды үкімет» жүйесін Ресейдің «Сберіне» беремін деп қиғылық салғанын ешкім ұмытқан жоқ. Негізі «Еgov» жобасы Мусин келмей тұрып-ақ жолға қойылған, белгілі табысқа жеткен бағдарлама болатын. Сол кездің өзінде электронды қызметтер бойынша Қазақстан Ресейден әлдеқайда алда тұрған. Соған қарамастан, Мусин ресейлік платформаға қатты қызықты. Тіпті ресейліктерге сол үшін 500 миллион доллар төлеуге ниетті болды.

Бұл бастамаға қазақ қоғамы жаппай қарсы болды. Бірақ Мусин бастаған министрлік өкілдері түрлі әдіс-амалмен өз ойларын жүзеге асыруға тырысты. Белгілі блогерлер Мусинді жақтап, пікір жазуды жиілетті. Сол кезде кей сарапшы пиар сүйгіш министр блогерлерді жалдап алған болуы мүмкін деген болжам айтқан. Қалай болғанда да Мусиннің ресейлік платформаға есі кеткені анық. 2022 жылы Мәскеу Украинаға соғыс ашып, әлемнен жырақтап қалмағанда «электронды үкіметіміз» қазір Ресейдің қолына өтіп кетер ме еді, кім білсін...

«Сбермен» серіктес бола алмаса да, Мусиннің ресейліктерге деген «махаббатты» бәсеңдеген жоқ. Украинаға шабуыл жасаған Ресей үкіметі мобилизация жариялап, мыңдаған ресейлік елімізге қашқан. Сол кезде министр Бағдат Мусин қашқындарды құшақ жая қарсы алып, ХҚКО-да оларға қалай құжат жасауды үйретіп, әуреге түсті.

Экс-министрдің елдегі интернет жылдамдығына қатысты ұстанымы да біртүрлі болатын. Ол интернеттің әлсіздігіне тариф бағасының төмендігі мен тұрғындардың интернетті көп пайдаланғаны себеп болды деп санайды. Мусин бұл сөзді былтыр жазда айтты. Оның осы сөзінен кейін қазақстандық ұялы байланыс операторлары бірінен кейін бірі тариф бағасын көтерді. Бірақ интернет сапасы бұрынғыдан да нашарлап кетті. Халықты әлеуметтік желіні аз пайдалануға шақырған министр байланыс операторларына бағаны азайт деп айта алмады.

Халықаралық зерттеушілер дерегі бойынша, Қазақстандағы мобильді интернет жылдамдығы – 35,49 Мбит/с, бұл көрсеткіш бойынша еліміз әлемде 69-орында тұр. Ал кең жолақты интернет жылдамдығы бойынша Қазақстан 220 елдің ішінде 155-орынға «абыроймен» жайғасқан. Елімізде 1 300 елді мекен әлі күнге мобильді байланыссыз отыр. Мұның бәрі мақтанатын көрсеткіш емес. Бірақ экс-министр «әлемде ешбір ел халқын интернетпен толық қамтамасыз ете алған жоқ» деп ақталады.

Ең маңыздысы – Мусин ақпараттық қауіпсіздікті ақсатып алды. Азаматтарымыздың құпия деректері бірнеше мәрте шетелдік компаниялардың қолына түсіп кетті. Осыдан бірер жыл бұрын көпшілік жеке деректі екінші деңгейлі банктерге беруге қарсы болған. Бірақ барлық мәлімет банктерге берілді. Бір сұхбатында Мусин «жеке деректі банктерге беру менің идеям» деп ашық мойындаған. Ол мұның еш қаупі жоқ, жеке дерекке азаматтың өзінен басқа ешкім қол жеткізе алмайды деп уәде берді. Бірақ бұл уәде бос сөз болып шықты. Министрлік азаматтардың ақпаратын қорғай алмады. Бұрынғыны айтпағанда, биыл ақпанда Beeline және Tele2 ұялы байланыс операторларынан тараған дерек Қытай мен АҚШ-ты шарлап кетті. Бірақ бұл мәселеге цифрлық даму министрлігі анық позиция білдіре қойған жоқ, бәрін бар мен жоқтың арасында жылы жабуға тырысты. Енді сол бейғамдығы Мусиннің өз басына сойыл болып тигелі тұрған сияқты.

ІТ маманы Мейіржан Әуелханұлы: Илон Масктың интернетіне лоббистер қарсы

«ІТ маманы ретінде Мусиннің цифрландыру бойынша атқарған жұмыстарына оң баға беремін. Ол істеген жұмыстардың қандай да бір қоғамдық-саяси астары жайлы ештеңе айта алмаймын. Бірақ техникалық тұрғыда тәуір жұмыс істеді деп ойлаймын.

Ал интернет жылдамдығына қатысты заңдық нормаларды министрлік дайындауы қажет еді. Осы тұрғыда өз құзыретін толық пайдалана алмады. Алдағы бірнеше жылда елдегі барлық ауылды жылдам интернетпен қамтамасыз ету жоспары жайлы айтсақ, менің ойымша, бұл орындалмайтын жоспар. Техникалық тұрғыда ол мүмкін емес. Өйткені кең-байтақ аумақты сымды немесе талшықты-оптикалық интернетпен қамту қиын.

Бірақ оның басқа шешімі бар. Мысалы, Илон Масктың Starlink жобасын үкіметпен бірлесе отырып, жүзеге асыруға болады. Бұл интернет біздің елге келді, бірақ оны жеке адамдардың пайдалануына шектеу қойылған. Алыс ауылдарда тұратын адамдар Starlink жүйесін орната бастап еді, заңмен шектеп тастады. Оны орнату үшін министрліктен арнайы рұқсат алу қажет. Бұл лоббист компаниялардың ықпалынан туындаған шектеу деп ойлаймын. Еркіне жіберсе, жарты Қазақстан Starlink-ке көшіп алар еді.

Егер монополистер кедергі жасамаса, дәл осы жүйені орнату тиімді болар еді. Мысалы, менің жұмысым Алматыда, біздің офистегі интернет те әлсіздеу. Бір ғимараттағы жүздеген офиске Starlink-тің бір табақшасы жетеді. Оның бағасы да қазіргі интернеттен әлдеқайда төмен».

Түйін. Бағдат Мусин – лауазымды қызметке жастай қол жеткізген шенді. 25 жасында басқарма басшысы болып, 37 жасында министр атанған. Қызметте жүргенде басы жиі дауға қалатын. Бірақ 4 жылға жуық отырған орнынан аяқ астынан кеткені көңілге күдік ұялатып отыр. Бәрін сөз жүзінде шешіп тастауға әуес Мусин бір тұста аяғын шалыс басқан сияқты. Бұл қателіктің бодауы қандай болуы мүмкін? Жұмыстан айырылу соңғы жаза бола ма, әлде БАҚ-та жазылып жатқандай қылмыстық жауапқа тартыла ма? Әлде, БАҚ-та тараған ақпарат әшейін қауесет болып шығып, бұл Мусиннің кезекті орын алмасуы ғана болып шықса да таңғалмаңыз. Токиодан озған Тазша бала – қырық өтірікші Мусин үшін мүмкін емес нәрсе жоқ.

Қуаныш Қаппас