Тоқтар Төлешовтің Шымкенттегі үйі 240 млн теңгеге аукционға шығарылды
Шымкентте бұрынғы «сыра королі» атанған Тоқтар Төлешовке қатысы бар үй аукционға шығарылды.
Нысанның бастапқы бағасы – 240,2 млн теңге. Бұл жаңалық Төлешовтің қорғаушылары оның қылмыстық ісін жеңілдеу баптарға қайта саралауға әрекет жасап жатқан тұста жарияланды. Он жыл бұрын ел назарын аударған кәсіпкердің ісі осылайша қайтадан ақпарат кеңістігіне шықты.
Шымкенттің Әл-Фараби ауданындағы Желтоқсан көшесінде орналасқан жылжымайтын мүлік E-qazyna электронды сауда алаңына қойылған. Сауда 27 тамызда өтеді. Аукционға қатысу үшін 12 млн теңге көлемінде кепілдік жарна төлеу қажет. Сауда бағаны төмендету тәсілімен өтеді. Бастапқы құны 240,2 млн теңге болғанымен, нысанның ең төменгі сату бағасы 40 млн теңгеге дейін түсуі мүмкін.
Лот тек бір тұрғын үйден тұрмайды. Оның құрамына жалпы ауданы 314,5 шаршы метр болатын бірнеше құрылыс пен 0,0644 гектар жер телімі кіреді. Негізгі екі қабатты үйдің ауданы – 191,8 шаршы метр. Одан бөлек 73,6 шаршы метрлік тағы бір тұрғын үй, 35 шаршы метрлік қосалқы құрылыс, 34,6 шаршы метрлік жертөле және 14,1 шаршы метрлік сарай бар.
«S&T Капитал» компаниясының 2026 жылғы 12 маусымдағы бағалауына сәйкес, бұл жылжымайтын мүліктің нарықтық құны 80,1 млн теңге деп көрсетілген. Соған қарамастан, аукциондағы бастапқы баға бағалау құнынан үш есеге жуық жоғары белгіленген.
Нысанның сатушысы әрі баланс ұстаушысы ретінде «Дархан Group» компаниясы көрсетілген. Бұл компанияның да Тоқтар Төлешовке қатысы бар. Ашық деректер бойынша, 2015–2021 жылдары «Дархан Group» Төлешовке тиесілі болған. 2014 жылдан бастап компания иелері қатарында Нұрғали Досанбаев көрсетілген, ал 2021 жылдан бері оның капиталында Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті пайда болған.
Қорғаушылары істі жеңілдетуге тырысып жатыр
Төлешовтің аты соңғы рет бірнеше күн бұрын оның адвокаты Ыдырыс Әбішевтің мәлімдемесінен кейін қайта аталған еді. Адвокаттың айтуынша, қорғау тарапы Қарағанды облысының Абай аудандық сотына қылмыстық заңның кері күшін қолдану туралы өтініш берген. Мақсат – Төлешовке тағылған кейбір айыптарды Қылмыстық кодекстің жеңілдеу бөліктеріне қайта саралау. Қорғау тарапы Қылмыстық кодекстің сотталған адамның жағдайын жақсартатын заңның кері күші бар екенін белгілейтін нормасына сүйеніп отыр.
Ыдырыс Әбішевтің түсіндіруінше, Төлешовке үкім шығарылған кезде оның бірқатар әрекеті бұрынғы заңнама нормалары бойынша сараланған. Ал содан бері Қылмыстық кодекске бірнеше рет өзгеріс енгізілген. Адвокат кейбір саралаушы белгілердің кейіннен декриминализацияланғанын, осыған байланысты сотталған адамның әрекеттерін ауырлығы төмен бөлікке ауыстыруға заңдық негіз бар деп санайды. Дегенмен қорғау тарапы бұл өтініштің нақты қандай нәтижеге жеткізуі мүмкін екенін әзірге ашып айтпай отыр. Адвокат та ықтимал нәтиже туралы алдын ала болжам жасауға ерте екенін жеткізген.
2016 жылғы атышулы іс
Тоқтар Төлешов Қазақстан қоғамына «Шымкентсыра» зауытының иесі, ірі кәсіпкер ретінде танылған еді. Бірақ 2016 жылдың басында оның өмірі күрт өзгерді. 2016 жылғы 30 қаңтарда Төлешов Шымкентте арнайы операция кезінде ұсталды. Құқық қорғау органдары оның тұрғылықты жері мен жұмыс орнынан атыс қаруы, есірткі заттары және басқа да заттай дәлелдер табылғанын хабарлаған. Кейін оған бірнеше ауыр айып тағылды. Олардың қатарында мемлекеттік төңкеріс жасауға дайындалу, трансұлттық қылмыстық топ құру және оған басшылық ету, қылмыстық топтың қызметін қаржыландыру, психотроптық заттарды заңсыз дайындау, сақтау және айналымға енгізу сияқты баптар болды.
Сол жылдың соңында мамандандырылған ауданаралық әскери сот Төлешовті кінәлі деп танып, мүлкін тәркілей отырып, қатаң режимдегі колонияда 21 жылға бас бостандығынан айырды. 2017 жылы оның үстінен тағы бір іс қаралып, салық төлеуден жалтарды деген айып бойынша бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен бірге Төлешов мемлекетке 1,4 млрд теңгеден астам қаржы төлеуге міндеттелді.
Сол кезден бері бұрынғы кәсіпкер жазасын өтеп келеді.
«Шымкентсыра» басқа қолға өтті
Төлешов ұсталғаннан кейін оның бизнес активтерінің тағдыры да өзгерді. Соның ең белгілісі – Шымкент сыра зауыты. Бір кездері Төлешовтің негізгі активтерінің бірі болған кәсіпорын кейін бірнеше иені алмастырды. 2024 жылғы ақпанда зауытты кәсіпкер Тұрсенғали Алагөзов Тимур Жанабаевтан сатып алды. Кейін Алагөзов мәміленің құны 8 млрд теңге болғанын мәлімдеді. Бұдан соң кәсіпкер зауытты жаңғыртуға шамамен 40 млн доллар инвестиция салғанын айтты. Оның сөзінше, бұл қаржының 15 млн долларға жуығы ауданы 20 мың шаршы метр болатын жаңа қоймалар мен өндірістік ғимараттар салуға, коммуникациялар жүргізуге және жабдық орнатуға жұмсалған. Тағы 7 млн доллар алкогольсіз сусындар шығаратын жаңа цех салуға бағытталған. Қазір зауыт Алагөзовтер отбасының бизнес активтерінің біріне айналған. Кәсіпорын басшысы – Тұрсенғали Алагөзовтің ұлы Арсен Алагөзов.