Трамп АҚШ көмек бергені үшін Украинадан сирек металдар алғысы келетінін айтты
Украина үкіметі өзінің «жеңіс жоспарын» дайындаған кезде Дональд Трамптың АҚШ президенті болу мүмкіндігін ескере отырып, екі тармақ қосқан. Солардың бірі Украинаның өзінің маңызды табиғи ресурстарын Батыс елдерімен бөлісуі.
АҚШ президенті Дональд Трамп Украина үкіметімен келісімге келу ниетін мәлімдеді. Оның айтуынша, Киев сирек металдарға айырбас ретінде Американың көмегін қабылдай бастайды.
«Біз Украинамен келісім бойынша жұмыс істеп жатырмыз, сирек металдар мен басқа заттарға айырбас ретінде өз көмегімізді көрсетуді жалғастырамыз», - деді Трамп Ақ үйде журналистермен өткен брифингте.
Сондай-ақ әңгіме барысында Трамп Ресей-Украина соғысын реттеуде «үлкен ілгерілеушілік» бар екенін айтты. Бірақ ол қандай ілгерілеушілік барын айтпады.
Financial Times басылымының жазуынша, Украина үкіметі өзінің «жеңіс жоспарын» дайындаған кезде Дональд Трамптың АҚШ президенті болу мүмкіндігін ескере отырып, екі тармақ қосқан. Олардың бірі Украинаның өзінің маңызды табиғи ресурстарын Батыс елдерімен бөлісуін көздесе, екіншісі соғыс аяқталғаннан кейін Еуропадағы Америка әскерлерінің бір бөлігін украиндықтардың алмастыруын көздейді.
Дональд Трамп әкімшілігі Украина және Ресеймен келіссөздер мен кездесулер өткізуді жоспарлап отырғанын хабарлады. Украиналық «Суспильне» телеарнасының хабарлауынша, ел Трамп әкімшілігімен кездесу кестесін жүргізіп жатыр. NV хабарлауынша, Трамптың Украина бойынша арнайы өкілі Кит Келлог Киевке ақпан айының ортасында келуі мүмкін.
Бұған дейін Ресейдің Путин мен Трамптың кездесуі мүмкін орындары ретінде БАӘ мен Сауд Арабиясын қарастырып жатқаны хабарланған болатын.