Трамп АҚШ мемлекеттік хатшысын Панамаға жіберді
АҚШ-тың жаңа мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Панамаға сапарлап, сол елдің президенті Хосе Рауль Мулиноға Панама каналының жұмысына дереу өзгеріс қажет деді.
Мемлекеттік департамент басшысының айтуынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Қытай ықпалы Панама каналының жұмысына қауіп төндіреді деген қорытындыға келген.
Панама билігі канал жұмысын Қытай бақылауына алды дегенді жоққа шығарады. Reuters агенттігінің жазуынша, каналды Панама басқарып отыр. Дегенмен каналдың екі жағындағы екі портты Қытайдың арнайы әкімшілік аймағы деген статусқа ие Гонконгте тіркелген компания басқарады. Одан басқа бірнеше порт АҚШ, Сингапур және Тайваньдағы компанияларға қарайды.
Марко Рубио Панамаға сапары алдында портты басқаратын компанияны бақылайтын Қытай жанжал туса каналға кіргізбей қоюы мүмкін деп ескертті.
"Қытай үкіметі қақтығыс болған кезде оларға Панама каналын жабуды бұйырса, олар мұны істеуге мәжбүр болады. Шынын айтқанда, олардың мұны істеуге төтенше жағдайларға арналған жоспары бар екеніне күмәнім жоқ. Бұл – тікелей қауіп", – деп Рубионың мәлімдегенін "Америка дауысы" сайты жазды.