Live

Трамп Иран бойынша жаңа шарттарды жариялады

АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон Иранмен ықтимал келісім аясында Тегеранның бұғатталған активтерін алдын ала босатпайтынын және санкцияларды жеңілдетпейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай қадамдар тек бейбіт келісімге қол жеткізілгеннен кейін ғана қарастырылуы мүмкін.

Трамп

NBC News арнасына берген сұхбатында Трамп Иранға қарсы экономикалық шектеулерді жұмсарту немесе елдің бұғатталған қаржысын қайтару мәселесі әзірге күн тәртібінде жоқ екенін айтты.

«Бұл кейінірек болады. Егер олар өзін дұрыс ұстап, жақсы қадамдар жасаса, содан кейін ғана бұл мәселені талқылай бастаймыз», – деді АҚШ президенті.

Оның сөзінше, санкцияларды алып тастау немесе мұздатылған активтерге қол жеткізуге рұқсат беру келіссөздердің бастапқы шарты емес, ықтимал келісімнің нәтижесі болуы мүмкін.

Ливан мәселесі міндетті шарт емес

Трамп сондай-ақ АҚШ Иранмен қысқа мерзімді келісім жасау барысында Ливан мәселесін міндетті талап ретінде қоймай отырғанын жеткізді.

Оның айтуынша, Тегеран Ливанға қатысты тақырыптарды келіссөздерге енгізгісі келуі мүмкін, алайда Вашингтон мұны талап етпейді.

Сонымен бірге Трамп Израильді Ливандағы «Хезболла» қозғалысына қарсы операцияларда барынша дәл әрі сақ әрекет етуге шақырды.

«Мен Ливанда өмірдің жақсарғанын қалаймын. "Хезболлаға" қарсы соққылар нақты әрі нысаналы болуы керек деп есептеймін», – деді ол.

Хомейнидің мұрагерімен кездесу мүмкіндігі

АҚШ президенті сұхбат барысында Иранның жоғарғы көшбасшысы қызметіне ықтимал мұрагер саналатын  Можтаба Хомейнимен тікелей келіссөз жүргізу мүмкіндігін де жоққа шығармады.

Журналистер оның нақты қайда екенін сұрағанда, Трамп бұл жөнінде ашық айтудан бас тартты.

«Оның қайда екенін білемін бе, жоқ па – бұл туралы айтқым келмейді. Бірақ білуім әбден мүмкін», – деді ол.

Вашингтон мен Тегеран келіссөзді жалғастырып жатыр

Бұған дейін Axios басылымы АҚШ пен Иран өкілдері қарулы қақтығысты тоқтатуға бағытталған алдын ала келісім жобасы бойынша белгілі бір ілгерілеуге қол жеткізгенін хабарлаған болатын.

Алайда әзірге ешқандай түпкілікті құжатқа қол қойылған жоқ. Вашингтон Иранның ядролық қару жасау бағдарламасынан бас тартуын негізгі талаптардың бірі ретінде алға тартып отыр.

Өз кезегінде Тегеран да АҚШ-пен соғысты тоқтату жөніндегі соңғы келісімнің әлі жасалмағанын мәлімдеді.

Сарапшылардың пікірінше, Трамптың соңғы мәлімдемелері АҚШ-тың Иранға қысым саясатын сақтай отырып, дипломатиялық жолмен мәмілеге келуге ұмтылып отырғанын көрсетеді.

Тегтер: АҚШ Иран
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз