Түркістан облысында фермерлер Қытай қызанағы кесірінен банкрот болу алдында тұр
Түркістан облысының диқандары шетелден арзан қызанақтың көптеп келуіне байланысты банкрот болудың алдында тұрғандарын айтады.
Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Кәсібінің күйреу қаупі туралы Сарыағаш ауданындағы шаруалар айтып отыр. Ауданда екі мыңға жуық шаруашылық 400 гектар аумақта жылыжай қызанақтарын өсіреді. Алайда диқандардың сөзінше, Қытай мен Түрікменстаннан келетін арзан өнім олардың еңбегін зая кетіріп жатыр.

«Сауда жоқ, өнім жан-жақтан келіп жатыр. Олардың қызанақтары біздікінен арзан. Қазір менде 15 тонна өнім жатыр, бірақ өткізе алмай отырмыз. Бір аптадан кейін бәрі шіріп кетеді де, мен банкрот боламын. Шығыным қазірдің өзінде 25 миллион теңгеге жақындады», — деді дихан Нұрсұлтан Қуанышбаев.
Қазір Шымкент базарларында қытайлық қызанақтың келісі 350 теңгеден сатылып жатыр. Ал жергілікті өнім шамамен 550 теңге тұрады. Диқандардың айтуынша, сатып алушыларды дәл осы 200 теңгелік айырмашылық қызықтырады.
Жылыжай иелері қоймаларындағы сатылмай тұрған өнімді көрсетіп, шығындарын есептеп жатыр.

«Бір гектар жылыжайды ұстауға шамамен 500 тонна көмір кетеді. Оның әр тоннасы 27-29 мың теңге тұрады. Бір жұмысшының айлығы — 250–300 мың теңге. Ал бір гектарға 30-40 адам жалдаймыз. Бұған тыңайтқыш, дәрі-дәрмек, жарық ақысы қосылады. Коммерциялық тариф бойынша жарықтың өзі 80 мың теңге тұрады. Көшет бір данасына 150 теңге. Соның бәрін есептегенде қазақстандық қызанақтың өзіндік құны килограмына 450–460 теңгеге шығады», — деді жылыжай иесі Бауыржан Әбілқасымов.
Фермерлердің айтуынша, импорттық көкөністер сапасы мен дәмі жағынан отандық өнімнен әлдеқайда төмен. Бұдан бөлек, олар Қытай мен Түрікменстаннан келетін қызанақтарға шекарада тиісті фитосанитарлық бақылау жасалмайды деп күдіктенеді.
«Біз шекарадағы фитосанитарлық бақылау мәселесін үнемі көтереміз. Өйткені сырттан ауру қызанақтар мен басқа да көкөністер келеді. Бізде оған қатысты видео мен құжаттар бар. Бірақ зертхана қорытындылары бойынша бәрі “таза” болып шығады», — деді Қазақстан фермерлік жылыжайлар қауымдастығының төрағасы Данияр Қалтаев.
Ал Сауда және интеграция министрлігі фермерлердің шағымына жауап ретінде нарықтағы баға ең алдымен тұтынушы үшін тиімді болуы тиіс екенін айтты. Ведомство мәліметінше, импорттық қызанақтар нарықтың небәрі жеті пайызын ғана қамтиды.
Сонымен қатар министрлік жергілікті өндірушілер нақты кепілдік берсе, жағдайды қайта қарауға дайын екенін мәлімдеді.
«Егер фермерлер қауымдастығы елді толықтай қызанақпен қамтамасыз ететініне, бағаны тұрақты ұстайтынына және жыл бойына нақты қолжетімді бағаны бекітетініне кепілдік берсе, онда Сауда министрлігі олардың ұсыныстарын қарастыруға дайын», - деді министрліктің ресми өкілі Тойгүл Жұбанышова.
Алайда әзірге диқандар кепілдік мәселесін емес, қолдағы өнімді тым болмаса өзіндік құнымен сатып үлгеруді ойлап отыр. Жылыжай иелері қарыздарын өтей алмаса, келесі маусымда олардың көбі жұмысын тоқтатуы мүмкін екенін айтады.