Әлеумет

Түркістан облысында тойда уағыз айтқан ер адам ұсталды

Түркістан облысының тұрғыны діни және әлеуметтік алауыздықты қоздырды деген күдікпен ұсталды.

П

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.

«Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес еліміз – зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Барлық азамат заң алдында тең. Діни немесе әлеуметтік алауыздықты қоздыруға, сондай-ақ адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын жария мәлімдемелер жасауға жол берілмейді», – делінген ІІМ хабарламасында.

БАҚ мәліметінше, тергеуге Жетісай қаласының 66 жастағы тұрғынының тойда сөйлеген сөзі түсірілген бейнежазба себеп болған. Видеода ол тойларда музыка болмауы керек екенін айтып, әншілерді «шайтанның жаршылары» деп атаған. Сондай-ақ ерлер мен әйелдер бір дастарқанда отырмауы тиіс деген пікір білдірген. Бейне әлеуметтік желілерде тарап, қоғамда қызу талқыланды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әлеуметтік желіде тараған «музыка – харам, әншілер – шайтанның жаршылары» деген пікірлер қоғамда резонанс тудырғанын атап өтті.

ҚМДБ ислам діні адамдарды құрметтеуге шақыратынын, әйелдерді немесе өнер өкілдерін кемсітуге жол бермейтінін мәлімдеді. Басқарма діни мәселелерде ресми ислам ғалымдарының түсіндірмелеріне сүйенуге және қоғамдағы татулықты сақтауға үндеді.

ІІМ өз кезегінде адамның ар-намысын қорлайтын, әйелдерді кемсітетін, діни немесе әлеуметтік алауыздықты қоздыратын және қоғамдық келісімді бұзуға бағытталған жария мәлімдемелер заңға сәйкес құқықтық бағасын алатынын ескертті.

Тегтер: Жетісай
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз