Украина Чувашияға ракета мен дрондар арқылы шабуыл жасады
Дрондардың бірнешеуі тұрғын үйлерге соғылып, қаза тапқандар бар.
Украина әскері 5 мамырға қараған түні және таңертең Чебоксары қаласына біріккен шабуыл ұйымдастырды. Бұл қала Украина қарулы күштерінің ең жақын позицияларынан шамамен 900 шақырым қашықтықта орналасқан.
Шабуылдың негізгі нысанасы «ВНИИР-Прогресс» қорғаныс кәсіпорны болған. Astra басылымының жазуынша, түнде кәсіпорын аумағына ракета түсіп, өрт шыққан. Салдарынан үш адам жараланған.
Кейінірек Украина президенті Зеленский шабуыл 1500 шақырымнан астам қашықтыққа ұша алатын «Фламинго» ракетасы арқылы жасалғанын мәлімдеді.
Зеленский ракета ұшырылған сәттің видеосын жариялап, Ресей аумағындағы бірнеше нысанға, соның ішінде Чебоксарыдағы кәсіпорынға соққы берілгенін айтты.
Оның сөзінше, Киевтегі мәліметтер бойынша «ВНИИР-Прогресс» зауыты Ресей флоты, авиациясы мен броньды техникасына арналған навигациялық құрылғылар шығарады.
Таңертең Украина қарулы күштері дрондар арқылы екінші мәрте шабуыл жасаған. Дрондардың бірнешеуі азаматтық инфрақұрылым нысандарына тиген: кемінде екі көпқабатты тұрғын үй мен сауда орталығы зақымданған.
Құрылысшылар көшесіндегі №6 үйге дрон тікелей тиіп, өрт шыққан. Ресей Тергеу комитеті шабуыл салдарынан қаза тапқандар мен жараланғандар бар екенін хабарлады, бірақ нақты саны жарияланбады.
Ал Baza Telegram-арнасының мәліметінше, екі адам қаза тауып, 34 адам жараланған. Зардап шеккендердің арасында бір бала да бар.
Шабуылдан кейін қалада қоғамдық көлік қозғалысы бірнеше сағатқа толық тоқтатылып, мектептер мен техникумдар қашықтан оқыту форматына көшірілген.
Чувашия билігі ресми Telegram-арналарында шабуыл туралы жедел ақпарат жарияламаған. Аймақ басшысы Олег Николаев та өз арнасында ешқандай хабарлама қалдырмаған. Кейінірек ол Max әлеуметтік желісіндегі парақшасында тұрғындарды «ресми дереккөздердің ұсыныстарын орындауға» шақырғанымен, нақты қай ақпарат көздерін меңзеп отырғанын түсіндірмеген.
«Агентство» басылымының есебінше, бұл – соғыс басталғалы бері Украина қарулы күштерінің «ВНИИР-Прогресс» кәсіпорнына жасаған алтыншы шабуылы. Бұған дейінгі ең ірі соққы 2025 жылдың желтоқсанында тіркелген. Ол кезде зауыт маңындағы тұрғын үй бүлініп, 14 адам жараланған еді.
Ресей Қорғаныс министрлігінің мәліметіне сәйкес, бір түн ішінде Ресейдің жиырмаға жуық өңірінде Украинаға тиесілі 289 дрон атып түсірілген.
Сонымен қатар Украина шекарасынан шамамен 2000 шақырым жерде орналасқан Ханты-Мансий автономиялық округі аумағында алғаш рет «ракеталық қауіп» режимі жарияланды.
Бұл жаппай шабуыл Зеленский жариялаған «бітімгерлік режимі» күшіне енер алдындағы уақытта болды.
Ресей Қорғаныс министрлігі 4 мамыр күні 8-9 мамыр аралығында Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс күніне байланысты атысты тоқтататынын мәлімдеп, Украинадан да осы бастамаға қосылуды талап еткен еді. Әйтпесе Киевке жаппай ракеталық соққы жасалуы мүмкін екенін ескерткен.
Бұған жауап ретінде Зеленский Украина атысты тоқтатуды 6 мамырға қараған түні бастауға дайын екенін, бірақ Ресей де бұл шартты орындауы қажет екенін айтқан.