Украина дрондары Таганрогтағы әскери аэродром мен Тольяттидегі химия зауытына шабуылдады
12 қыркүйекке қараған түні Украина дрондары Ресейдің Ростов және Самара облыстарындағы нысандарға шабуыл жасады.
Таганрогта әскери аэродром маңында, ал Тольяттиде өнеркәсіптік кәсіпорын аумағында өрт шыққан.
Таганрогтағы шабуыл нысандарының бірі «Таганрог-Центральный» әскери аэродромы болған. Мұнда Ресейдің 708-әскери-көлік авиация полкі орналасқан. Сондай-ақ украиналық мониторинг арналары бұрынғы Таганрог автомобиль зауытына да соққы жасалғанын хабарлады. Қазір оның аумағы дрон құрастыруға пайдаланылуы мүмкін деген дерек бар.
Таганрог басшысы Светлана Камбулова қалаға жаппай әуе шабуылы жасалғанын растады. Ростов облысының губернаторы Юрий Слюсарьдың мәліметінше, Таганрог пен Таганрог шығанағы үстінде 70-тен астам дрон атып түсірілген. Бірнеше нысан өртенген, қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
Тольяттиде де дрондар шабуылынан бірнеше тұрғын үй зақымданып, бір адам жараланған. Самара облысының билігі өнеркәсіптік кәсіпорынға шабуыл жасалғанын растады, бірақ оның атауын жарияламады.
Украиналық мониторинг арналары шабуылдың «Куйбышев Азот» химия зауытына бағытталғанын және кәсіпорын аумағында ірі өрт шыққанын жазды.
«Куйбышев Азот» аммиак, аммиак селитрасы, карбамид және басқа да химиялық өнімдер өндіреді. Ресейде полиамид-6 мен беріктігі жоғары техникалық жіп шығаратын жалғыз кәсіпорын да осы зауыт саналады.