Украина Қырым көпірін толығымен қирату үшін жаңа операция дайындап жатыр

Украиналықтар бұған дейін екі рет Қырым көпірін қиратпақ болған. Бірінші рет жүк көлігі көпірде жарылған болса, екінші рет шабуыл пилотсыз теңіз қайығы арқылы жүзеге асты.
Украина әскерилері Қырым көпірін толығымен қиратуға мүмкіндік беретін жаңа операция дайындап жатыр. Бұл туралы The Observer басылымына берген сұхбатында Украина Қарулы Күштері Әскери-теңіз күштерінің қолбасшысы вице-адмирал Алексей Неижпапа мәлімдеді.
Ол бұған дейінгі шабуылдар кезінде жолға, сондай-ақ теміржол құрылымына зақым келгенін, соның салдарынан ресейлік әскерилердің көпірден ауыр вагондарды өткізе алмағанын еске салды. Неижпапа Украина бұл жолы Қырым көпірін қирататынына үміт білдірді.
«Ресейліктер біздің үшінші операцияны белсенді түрде талқылап жатқанымызды түсінеді», - дейді ол.
Украина бұған дейін екі рет Қырым көпірін қиратпақ болған. 2022 жылдың 8 қазанында, Ресей президенті Владимир Путиннің 70 жылдық мерейтойынан кейінгі күні көпір үстінде жүк көлігі жарылып, екі вагон жолы опырылып, теміржол учаскесінде өрт шықты. Ол кезде ресейлік тарап шығынды 7 миллиард рубльден астам деп бағалаған. Жөндеу жұмыстары 8 айға созылды. Екінші әрекет 2023 жылдың 17 шілдесінде жасалды - бұл жолы пилотсыз теңіз қайықтары қолданылды. Бұл шабуылдың нәтижесінде көпірдің жол бөлігі одан әрі зақымдалды.
Кейін Украина қауіпсіздік қызметінің басшысы Василий Малюк шабуылдарды өзі жоспарлап, басқарғанын мойындады. Ол бірінші жағдайда жүк көлігіне 21 тонна гексан тиелгенін, оны бақылау бекетіндегі сканерлер анықтап алмас үшін пластик пленкалардың арасына тығып қойғанын айтты. Сондай-ақ украиндық мамандар GPS координаттарын бұрмалауға қабілетті электронды соғыс құрылғыларын айналып өтетін арнайы жүйені әзірледі. Малюктің айтуынша, жүкті жеткізу үшін адамдар кездейсоқ таңдалған.
Екінші шабуылға теңіз күштерінің арнайы дрондары – 850 келі жарылғыш заттарды тасымалдауға қабілетті Sea Baby камикадзелері қатысты.
2014 жылы Қырым аннексияланғаннан кейін 19 шақырымдық көпір түбектің Ресеймен интеграциясының маңызды факторына айналды. Оның құрылысы 2016 жылдың ақпан айында басталған. Көпір ресейліктерге Украинаның оңтүстігін басып алған топтарға әскер мен қару-жарақ беруде маңызды жол саналады.