Украина Ресейдегі стратегиялық нысандарға соққыларды күшейтпек
Украина президенті Владимир Зеленский елдің Қарулы күштері құрамында Ресей аумағындағы стратегиялық нысандарға алыс қашықтықтан соққы беруге маманданған жаңа арнайы қолбасшылық құрылғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, жаңа құрылым Ресейдің әскери әлеуетін әлсіретуге бағытталған операцияларды үйлестіреді.
10 шілде күні кешкі видеомәлімдемесінде Зеленский Украина Қарулы күштері құрамында «Ресейге алыс қашықтықтан ықпал ету жөніндегі арнайы қолбасшылық» құрылғанын хабарлады.
Зеленскийдің сөзінше, жаңа қолбасшылық Ресейдің Украина шекарасынан алыс орналасқан әскери нысандарына дрондар мен басқа да алыс қашықтыққа арналған қару түрлері арқылы соққы жасау операцияларын ұйымдастырып, үйлестіретін болады.
«Әскерилеріміз Украинаға қарсы соғыс жүргізіліп жатқан жерлерде – Ресей аумағында басқыншыларды жою үшін бұрынғыдан да көп мүмкіндікке ие болуы керек», – деді Зеленский.
Оның айтуынша, жаңа құрылым барлық қолда бар ресурсты бір бағытқа жұмылдырып, Ресейдің соғыс жүргізу мүмкіндігін айтарлықтай әлсіретуге тиіс.
Сонымен қатар Зеленский жаңа қолбасшылықтың құрылымы, өкілеттігі, техникалық мүмкіндіктері немесе оған кім басшылық ететіні туралы нақты мәлімет берген жоқ. Тек бұл бағытқа тәжірибелі қолбасшы тағайындалатынын айтты.
Зеленский Ресейдегі жанармай тапшылығына да тоқталды
Украина президенті Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына жасалған дрон шабуылдары елдегі бензин тапшылығын күшейтіп жатқанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұл жағдай Ресей президенті Владимир Путиннің жақын айналасындағы адамдардың көңіл күйіне де әсер ете бастаған.
Зеленский Ресей билігінде Украинадағы соғысты тоқтатудың қажеттігін түсінетін адамдар бар екенін айтып, Киевтің бейбітшілік жөніндегі ұсыныстарын халықаралық серіктестермен қатар, Путиннің айналасындағы кейбір тұлғалар да қолдайтынын жеткізді.
«Біз бейбітшілікке қалай қол жеткізуге болатыны туралы ұсыныстарымызды ұсындық. Бұл ұсыныстарды халықаралық әріптестеріміз ғана емес, Путиннің айналасындағы кейбір адамдар да қолдап отыр. Олар жағдайды және бейбітшілікке балама жоқ екенін түсінеді», – деді Зеленский.
Ол мұндай көзқарас Ресей ішінде алдағы уақытта күшейе түсетінін де айтты.
Ресей жанармай тапшылығының себебін мойындады
Зеленскийдің мәлімдемесінен бірнеше сағат бұрын Ресей премьер-министрінің орынбасары Александр Новак елдегі бензин тапшылығының себептерінің бірі Украина дрондарының мұнай өңдеу зауыттарына жасаған шабуылдары екенін алғаш рет ашық мойындады.
Оның айтуынша, шабуылдар салдарынан кейбір кәсіпорындар ішінара жұмысын тоқтатқан.
Новак Ресейде жанармай өңдеу қуаты жеткілікті екенін және елдің ішкі нарықты толық қамтамасыз ете алатынын, сонымен қатар мұнай өнімдерін экспорттауды жалғастырып жатқанын айтты.
Алайда Ресей мұнай өнімдерін экспорттауды жалғастырғанымен, маусым айында көрші елдерден бензин мен дизель отынын импорттай бастағаны хабарланды.
Бұған дейін Кремль өкілдері елдегі жанармай тапшылығын Украина дрондарының мұнай өңдеу зауыттарына жасаған шабуылдарымен ашық байланыстырмай келген еді.