«Вагнер Истра легионы» Нұрлан Сабуровқа мотоциклдер үшін алғыс айтты
Әлеуметтік желіде өзін «Вагнер Истра легионының 1-мотоатқыштар батальоны» деп атайтын бөлімше өкілдері қазақстандық комик Нұрлан Сабуровқа Enduro мотоциклдерін бергені үшін алғыс айтып жатқан видео тарады.
Үндеуде берілген техника «СВО аймағында жауынгерлік міндеттерді орындауға көмектесетіні» айтылған.
«Вагнер Истра легионының 1-мотоатқыштар батальонының әскери қызметшілері Нұрлан Сабуровқа біздің жауынгерлерге СВО аймағында жауынгерлік міндеттерді орындауға көмектесетін Enduro мотоциклдерін бергені үшін алғыс білдіреді. Біз үшін тыл мен майданның бір арнада әрекет етуі өте маңызды. Жеңіс біздікі болады!»
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Нұрлан Сабуровтың Ресей жағында соғыс қимылдарына қатысып жатқан «Вагнер» жеке әскери компаниясының бір бөлімшесіне Enduro мотоциклдерін табыстағаны туралы видео тараған.
Ролик 2025 жылғы 7 шілдеде Истра қаласы әкімшілігінің парақшасында жарияланған. Кадрларда Сабуровқа ұқсас ер адам «Ресей Батыры Александр Кузнецовтың жетекшілігіндегі Вагнер Истра легионына» 10 мотоцикл тапсырып жатқанын айтып, «жігіттердің аман-есен, жеңіспен оралуын» тілейді.
«Бүгін жақсы іс жасап жатырмыз. Ресей Батыры Александр Кузнецовтың жетекшілігіндегі Вагнер Истра легионының жауынгерлеріне көмектесіп жатырмыз. Осы қуатты Enduro мотоциклдерін көмек ретінде табыстаймын. Олар гуманитарлық жүктерді, азық-түлікті жеткізуге қажет болады. Жігіттер аман-есен, жеңіспен оралсын», — делінген видеода.
Белсенді Марат Тұрымбетов ҚР Бас прокуратурасына жүгініп, Нұрлан Сабуровтың «Вагнер Истра легионы» бөлімшесіне 10 мотоцикл бергені туралы видеоны тексеруді талап еткен.
Оның пікірінше, Сабуровтың әрекеті ҚР ҚК 170-бабы («Жалдамалылық») бойынша саралануы мүмкін, себебі «Вагнер Истра легионы» ЧВК «Вагнердің» бір бөлігі болып саналады.
Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Мәжіліс кулуарында бұл баптың құзыреті ҰҚК-ге тиесілі екенін мәлімдеді.
Кейіннен Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті қазақстандық стендап-комик Нұрлан Сабуровтың «Вагнер» деп аталатын легион өкілдеріне 10 мотоцикл беруі мүмкін екені туралы ақпаратқа тексеру жүргізіп жатқаны белгілі болды.
Сонымен қатар, украиналық заңгер Андрей Пронин өзінің өтініші негізінде Украина Қауіпсіздік қызметі Қылмыстық кодекстің 111-2-бабы («Агрессор мемлекетке жәрдемдесу») бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, әңгіме ресейлік қарулы құрылым өкілдеріне материалдық ресурстар беруі мүмкін жағдай туралы болып отыр.
6 ақпанда Сабуров Дубайдан ұшып келгеннен кейін Мәскеудің Внуково әуежайында ұсталды. Оған Ресейге 50 жыл мерзімге кіруге тыйым салу туралы құжат табысталған.
БАҚ мәліметінше, Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салуға «арнайы әскери операцияны» сынауы, сондай-ақ көші-қон және салық заңнамасын бұзды деген болжам себеп болуы мүмкін. Комик бұл айыптауларға жария түрде түсініктеме бермеген.
8 ақпанда Сабуров алғаш рет Instagram парақшасында пікір білдіріп, бұл жағдайды жария түрде талқылауға ниеті жоқ екенін айтып, барлық сұрақтарды заңгерлеріне тапсырғанын мәлімдеді.