Live

Венесуэладағы жер сілкіністерінен қаза тапқандар саны 5 мыңнан асты

24 маусым күні Венесуэлада болған екі жойқын жер сілкінісінің салдарынан 5069 адам қаза тапты.

Венесуэла

Бұл туралы 17 шілдеде елдің Ұлттық ассамблеясының төрағасы Хорхе Родригес мәлімдеді.

Соңғы мәлімет бойынша, 16 740 адам жарақат алып, 17 907 тұрғын баспанасыз қалған.

Хорхе Родригестің айтуынша, іздестіру-құтқару жұмыстары барысында 6462 адам табылып, 37 мыңға жуық зардап шеккен адамға медициналық көмек көрсетілген. Табиғи апат салдарынан 190 ғимарат толық қирап, тағы 856 нысан қатты зақымданған.

24 маусым күні жергілікті уақыт бойынша шамамен сағат 18:00-де алдымен магнитудасы 7,2 болатын жер сілкінісі тіркелген. Одан бір минутқа жетпейтін уақыт өткен соң магнитудасы 7,5 болатын екінші жерасты дүмпуі болған. Мамандар мұндай құбылысты «сейсмикалық дублет» деп атайды.

Алғашқы жер сілкінісінің эпицентрі Кариб теңізі жағалауындағы Морон қаласынан батысқа қарай 28 шақырым жерде, шамамен Каракастан 168 шақырым қашықтықта орналасқан. Ошақтың тереңдігі 13 шақырым болған. Екінші жер сілкінісінің эпицентрі Мороннан 16 шақырым жерде, ал ошағы 10 шақырым тереңдікте тіркелген.

Билік мәліметінше, қаза тапқандардың басым бөлігі елдің жағалаудағы өңірлеріне тиесілі. Ал баспанасынан айырылған мыңдаған адам қазір адам лық толған уақытша лагерьлерде тұрып жатыр. Көптеген лагерьде ауызсу мен санитарлық жағдай жеткіліксіз.

Жер сілкінісінің салдарын жою үшін Венесуэла билігі Халықаралық валюта қорындағы (ХВҚ) өзіне тиесілі қаражаттан 346 миллион доллар пайдаланғанын президент міндетін атқарушы Делси Родригес мәлімдеді.

Еске салайық, 1 шілдеде Делси Родригес жер сілкінісі құрбандарын еске алу мақсатында елде жеті күндік ұлттық аза тұту жариялаған болатын. Ол кезде ресми түрде қаза тапқандар саны шамамен 2300 адам деп хабарланған еді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз