Live

Венгриядағы сайлау нәтижелері: Мадьяр бұрмалаушылық болғанын мәлімдеді

Венгриядағы парламент сайлауының ресми қорытындылары жарияланды. Елдің Ұлттық сайлау комиссиясының мәліметінше, оппозициялық «Тиса» партиясы 199 орынның 141-ін иеленіп, айқын жеңіске жетті.

 Петер Мадьяр

Ал премьер-министр Виктор Орбан жетекшілік ететін «Фидес» партиясы 52 мандатпен шектелді. Бұл туралы  Deutsche Welle жазды.

Партиялық тізім бойынша дауыс беруде «Тиса» 53,18 пайыз, «Фидес» 38,61 пайыз, ал «Біздің Отан» партиясы 5,63 пайыз жинаған. Қалған саяси күштер парламентке өте алмады.

Сонымен қатар «Тиса» көшбасшысы Петер Мадьяр сайлаудың бір округіндегі нәтижелерге күмән келтірді. Оның айтуынша, Ваш өңіріндегі №2 округте сайлаушыларды әдейі жаңылыстыру фактісі болған. Атап айтқанда, дәл осы округте оның аты-жөнімен бірдей кандидат тіркелген. Ол 909 дауыс жинап, нәтижеге әсер еткен.

Мадьярдың пікірінше, осы жағдайдың кесірінен «Фидес» кандидаты Петер Агь аз ғана басымдықпен «Тиса» өкілі Виктория Штромпованы жеңіп, депутаттық мандатқа ие болған. Ресми дерекке сәйкес, Агь 25 700 дауыс, ал Штромпова 25 452 дауыс алған.

Саясаткер бұл жағдайды «қасақана жасалған жаңылыстыру» деп атап, нәтижені сот арқылы даулауға ниетті екенін мәлімдеді. Қазіргі таңда құқық қорғау органдары аталған жайт бойынша тексеру жүргізіп жатыр. Сайлау нәтижесін қайта қарау мәселесін сот шешеді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз