Live

Владимир Путин жаңа келісімшартқа отырған әскери қызметкерлердің қарызын кешіру туралы заңға қол қойды

Ресей президенті Владимир Путин 2026 жылғы 1 мамырдан кейін армиямен келісімшартқа отырған азаматтар мен олардың жұбайларын 10 миллион рубльге дейінгі мерзімі өткен несиелерді өтеуден босату туралы заңға қол қойды.

Ресей

Бұл туралы Deutsche Welle хабарлады.

Құжат ресми құқықтық ақпарат порталында жарияланған.

Заң бойынша тек 2026 жылғы 1 мамырға дейін төленуі тиіс болған мерзімі өткен несиелер ғана есептен шығарылады. Жаңа жарлық 2022 жылдың қазанында қабылданған заңға өзгеріс енгізеді.

 2024 жылдың қарашасында бекітілген нұсқада, мұндай жеңілдік 2024 жылғы 1 желтоқсаннан кейін келісімшартқа отырғандарға ғана қатысты болған.

Сонымен қатар заңда соғысқа қатысып жүрген әскери қызметкер қаза тапқан жағдайда немесе ауыр жарақат алып, І топ мүгедектігін алған кезде оның және отбасының барлық несие міндеттемелері тоқтатылатыны көрсетілген.

Бұл шешім Ресейде келісімшартпен әскерге барушылар саны азайып жатқан кезеңде қабылданып отыр.

Германиядағы SWP халықаралық қауіпсіздік мәселелері институтының ғылыми қызметкері Янис Клюге Ресей Қаржы министрлігінің деректеріне сүйене отырып, 2026 жылдың алғашқы үш айында Ресей Қорғаныс министрлігімен күніне шамамен 800–1000 адам келісімшарт жасағанын есептеген. Бұл 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда шамамен 20 пайызға аз.

Оның мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері шамамен 70,5 мың адам келісімшартқа отырған.

Ал «Важные истории» басылымы өңірлік төлемдердің орташа көлемі 1,47 миллион рубльге жеткенін жазды. Бұл – соғыс басталғалы бергі рекордтық көрсеткіш.

Басылым мәліметінше, сәуір айының басына дейін Ресейдің 12 өңірінде төлемдер қосымша ұлғайтылған. Кейбір аймақтарда өсім 78 пайызға дейін жеткен.

Сондай-ақ 2026 жылдың алғашқы тоқсанында Ресейдің 17 өңірі қаза тапқан әскери қызметкерлердің шамамен алты мың отбасысына өтемақы төлеген.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз