XVIII ғасырдың ортасында өмір сүрген ақынның қолжазба өлеңі табылды
ҚР қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының қорына 40 көне қолжазба мен кітап тапсырылды, деп хабарлайды Zhasalash.kz сайты.
Мәдениет министрлігі Ұлттық қолжазбалар және сирек кітаптар орталығының қызметкерлеріне Жамбыл облысындағы ғылыми экспедиция барысында араб, парсы, шағатай тілдеріндегі 40-қа жуық көне қолжазба мен сирек кітаптар табысталғанын айтты.
Көне кітаптардың ішінде XVIII ғ. ортасында өмір сүрген Аллаяр Сопының өлеңдері жазылған қолжазба, Пайғамбарлар өмірбаяны өлең түрінде жазылған қолжазба, Қазанда басылған Қасиетті Құран Кәрімнің бірнеше данасы, түрік-осман авторы Мухаммад Челебидің 1894 ж. Қазанда басылған «Мухаммадия» кітабының бірнеше данасы, «Мәуліт» кітабы, Физули өлеңдері, Ханафи мазһабы бойынша іргелі еңбектердің бірі «Шарх әл-Викая», 1893 жылы Стамбулда басылған «Шарх әл-Кафия ли-Исфаханди» бар. Сондай-ақ Қожа Хафиз Ширазидің парсы тіліндегі ғазалдары, Мухаммад Саляхтың 1902 ж. Қазанда басылған «Тарджама Мухтасар әл-Викая» еңбегі бар, делінген хабарламада.
Сондай ақ Ислам тарихына қатысты, араб, түркі грамматикасына қатысты кітаптар мен мұсылман күнтізбесі де құнды мұралар қатарын толықтырған.
Фото: ҚР Мәдениет министрлігі