Live

Зеленский Израильді ұрланған астықты сатып алды деп айыптады

Украина президенті Израильге қарсы санкциялар енгізілуіне қол жеткізетінін мәлімдеді. Өз кезегінде Израиль бұл айыптауды жоққа шығарып, Украинаның ешқандай дәлел келтірмегенін айтты.

Зелен

Украина президенті Владимир Зеленский Ресей басып алған аумақтардан заңсыз шығарылған астықты қабылдағаны үшін Израильге қарсы санкциялар салынуын талап ететінін жеткізді. Президент астық тасушылар мен «осындай қылмыстық схемалар арқылы пайда тапқысы келетіндердің» барлығы санкцияға ілінетінін ескертті.

«Ұрланған дүниені сатып алу – кез келген өркениетті елде заң алдында жауапкершілікке тартатын әрекет. Бұл Ресей ұрлаған астыққа да қатысты», - деп жазды Украина басшысы 28 сәуір күні әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның айтуынша, Киев дипломатиялық арналар арқылы Израильден ұрланған астық тиелген кемелерді порттарға кіргізбеуді талап еткен, бірақ «кезекті кеме бәрібір тоқтатылмаған».

27 сәуірде Украина Сыртқы істер министрі Андрей Сибига Израильдің Хайфа портына басып алынған аумақтардан шығарылған астық тиелген тағы бір (кем дегенде екінші) кеменің келгенін хабарлады. Киев Израиль елшісін Сыртқы істер министрлігіне шақырып, кемені қабылдамауға шақырған. Бұған жауап ретінде Израиль Сыртқы істер министрі Гидеон Саар Украина тарапы бұл мәселе бойынша нақты дәлелдер ұсынбағанын айтты.

Кремль Украинаның басып алынған аумақтардан астық тасымалдау туралы мәлімдемелеріне түсініктеме беруден бас тартты.

«Киев режимі Израильмен, ал Израиль Киев режимімен өзі шешіп алсын. Біз бұл мәселеге араласпаймыз және пікір білдірмейміз», - деді Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков 28 сәуірдегі брифингте.

Украинаның Сыртқы барлау қызметі 2026 жылдың басында Ресей санкцияларды айналып өтіп, Украинаның басып алынған жерлеріндегі астықты өз өнімі ретінде сатып жатқанын хабарлаған болатын. Украинаның есебінше, өткен жылы Ресей аталған аумақтардан екі миллион тоннадан астам астық шығарған. Олардың негізгі сатып алушылары Мысыр мен Бангладеш болған.

Израильдің Haaretz басылымы 27 сәуірде Ресейдің Украинаның басып алынған жерлерінен жиналған астықты Израильге 2023 жылдан бері жүйелі түрде жеткізіп жатқанын хабарлады. Журналистердің мәліметінше, осы уақыт ішінде елге астық тиелген екі кеме келген, оның кем дегенде біреуі жүгін түсірген. Тағы кемінде жеті кеме астықтың қайдан шыққанын жасыруға тырысқан.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз