Зеленский: Ресей аумағындағы соққы жасалатын нысандар тізімі жаңартылды
Украина президенті Владимир Зеленский Ресей аумағындағы алыс қашықтықтан соққы берілетін басым нысандар тізімі жаңартылғанын мәлімдеді.
Ол бұл туралы 26 шілдеде әскери басшылықпен дипломатиялық шараларға арналған кеңестен кейін хабарлады.
Зеленскийдің айтуынша, Украина қарулы күштерінің соққы беру қашықтығы қазір 3 мың шақырымнан асады, әрі бұл мүмкіндіктерді одан әрі кеңейту жалғасып жатыр.
Президенттің сөзінше, Ресей үшін стратегиялық тылдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қиындай түскен. Өйткені Ресейдің әуе қорғаныс жүйелерінің басым бөлігі Мәскеу, мемлекеттік резиденциялар, Қырым көпірі мен Санкт-Петербург маңына шоғырланған.
Зеленскийдің мәліметінше, 2025 жылдың өзінде Украина қорғаныс күштері Орал, Сібір және Ресейдің Мәскеуден шалғай өңірлерінде мыңнан астам атыс тапсырмасын орындаған. Шабуылдар мұнай нысандарына, әскери өндіріс кәсіпорындарына және Ресей логистикасының маңызды инфрақұрылымына бағытталған.
Украина басшысы мұндай соққылардың негізгі мақсаты – Ресейдің қару-жарақ өндірісін қиындатып, мұнай саласына және экономикасына шығын келтіру арқылы Мәскеуді дипломатиялық келіссөздерге итермелеу екенін айтты.
«Соғысты лайықты бейбіт жолмен аяқтау үшін Ресейдің саяси басшылығына барлық қажетті ұсыныстар жасалды», – деді Зеленский.
Бұған дейін, маусым айының соңында, Украина президенті Ресейге ықпал ету мақсатындағы 40 күндік арнайы операцияны бекіткенін мәлімдеген еді. Осыдан кейін Ресейдің ішкі өңірлеріндегі мұнай өңдеу зауыттарына, сондай-ақ Wildberries қоймаларына жасалған шабуылдар күшейді.
Ал 10 шілдеде Зеленский Ресей аумағына алыс қашықтықтан соққы беруге жауапты Украина Қарулы күштерінің жаңа қолбасшылығы құрылғанын жариялаған болатын. Оның айтуынша, бұл құрылым Ресейдің әскери әлеуетін әлсірету үшін барлық қолда бар ресурсты үйлестіреді.