«Жағдайыңды жасадың ба, кет!»
деген заң болса… Әкім, министр, шенеунік, сот, депутаттарға арналған
Қазақ халқы мен қоғамының көп түйткілі теңсіздіктен туындайды. Әбден байыған, бала-шағасы, үрім-бұтағына дейін шалқыған әкімқаралар, судья мен түрлі деңгейдегі бастық-директор қызметінен кетпей, тым ұзақ отырып алады. Ал алда-жалда қызметінен алынса, басқа бір мемлекеттік қызмет пен мекемеге барып қонжияды. Отыратын орындары ғана ауыспаса, өздері ешқашан ауыспайды. «Осыдан басқа біреу табылмады ма» деп, қараша халықтың жиі кейіп жүретіні рас.
«Жай, жүрген сол» деген әңгімені көшедегі қара қазақ қана айтады. Басшылық-қосшылық қызметке ілінген қазақтың ешқайсысы, анығында, жай жүрген жоқ. Мемлекетті дамытудан бұрын, олар мемлекеттік қызметте жеке басының жағдайын жасаумен ғана жүреді. Ауылдан аудандық мәслихатқа депутат болып бара жатқанның өзінде, жеке басына пайда әперетін бір мақсатпен барады. Рас, бәрімізге де бәрі керек. Екі қаладан баспана керек, ертең тірлік қылатын жер керек, бала-шағаңа қалдыратын бизнес керек, мал керек, қысылғанда пұл болатын құнды дүние-мүлік керек. Енді осы мұраттарының бәріне жеткендер «болдым, тойдым, қанағат» деп, қызметінен өз еркімен кетіп жатқанын көрген кім бар?!
Қазақстанда арамыздағы шенді-қарынды отандастарымыз мол байлыққа мемлекеттік қазынаға қатысы бар қызмет пен бизнеске содан туындайтын жемқорлықпен ғана жетіп жатыр. Жетсін, әрине, байысын. Бірақ олар «болдым-байыдым» демейді ғой, ешқашан! Соларды кетіріп жіберетін заң болса ғой. «Әй, байып болдың ғой, жетер енді» дейтін. Оның орнына басқа қазақ келсін. Оның да үрім-бұтақ әулеті, бала-шағасы, ертеңгі ұрпағы бар емес пе?!
Отыз жыл бойы мектептен бастап, министрлікке дейін басшы боп келгендердің бәрі шын ақылды, кемеңгер-ойшыл, мемлекетшіл-ұлтшыл стратег болса – еліміз әлі күнге неге нәски-түрси мен сіріңке де шығара алмай отыр? Әлі қос тілде қойыртпақ концерт қойып жүр? Шындықтың бірі – билікке елден бұрын жеткендер жаппай көзбояушылық пен кейде ашық көрінетін, көбіне сырт көзге ашық байқала бермейтін кәдімгі ұрлықпен айналысты. Екінші шындық – тіпті тоқтайтын түрі жоқ, тойымсыздар екен ғой, бұлар! Басқа қазақтан басы артық істейтін, басшы болуға соншалықты лайықты екенін қай депутат дәлелдеді?
«Қазақстанда жемқорлық жойылады» деген ендігі ешбір үміт қалмаған тұста, осындай билік кризисі туындаған тұста, біз неге басқа да қазақтың баюына, солардың ғана емес, қалған халықтың да әл-ауқатының көтерілуін талап етпейміз?! Қоғамды теңсіздік құртып жатыр екен, ендеше әбден тойған ұрыны жөніне жіберіп, арамыздағы аш-жалаңаш, ұрлау бақытын әлі көрмеген ұрыларға да бірдеңе ұстатудың өзі бір жөнді амал сияқты көріне бастады. Сонда қазақтың депутаты, соты мен шенеунігі ғана емес, қазақтың қара халқы да аш қалмай, әл-ауқатын жақсартып алар ма еді? Әлемде бірінші болып құрығанда, осындай «жемқорлар демократиясын» құрып көрмесек, демократияның басқа түрін көрмей-ақ құритын түріміз бар-ау.