«Жағдайы жақсы, күйеуі бар» – Еңбек министрі сәбиін арқалаған курьер анаға қатысты пікір білдірді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік желіде талқыланған курьер қыздың жағдайын анықтап, оның отбасымен байланысқа шыққан.
Ведомство басшысы Асқарбек Ертаевтың айтуынша, әйел күйеуі және баласымен бірге 19 мамырда Шымкенттен Алматыға көшіп келген.
Министрдің мәліметінше, оның жұбайының IT саласы бойынша жоғары білімі бар, ал әйелдің техникалық мамандық бойынша дипломы бар.
«Жұбайының 2 миллион теңгелік автонесиесі бар. Олар Шымкентте жақсы тұрған. Туған ағасы ломбард саласында жұмыс істейді. Ата-анасының да жағдайы жақсы. Сондықтан отбасының материалдық жағдайы жеткілікті деңгейде», – деді министр.
Асқарбек Ертаевтың пікірінше, басқа қалаға қоныс аударған азаматтар жұмыс іздеу барысында мансап орталықтарының қызметіне жүгінгені жөн.
Оның айтуынша, министрлік отбасы мүшелерімен сөйлесіп, әйелдің жұбайына IT саласы бойынша жалақысы жоғары бірнеше бос жұмыс орнын ұсынған. Министр сондай-ақ бұл жағдайдан кейін курьерлік қызмет саласын реттеу мәселесі қарастырылып жатқанын айтты. Оның сөзінше, осы бағытта Glovo және Yandex компанияларының өкілдерімен кездесу өткізілген.
Ертаев алдағы уақытта курьерлер үшін бірыңғай талаптар мен еңбек шарттарын жетілдіру мәселесі күн тәртібіне шығуы мүмкін екенін жеткізді.