Жанабыловтардан тәркіленген көліктер мемлекеттік органдарға берілді
Астанада сот үкімімен тәркіленген блогерлер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенованың сегіз Hyundai Elantra автокөлігі мемлекеттік органдардың балансына берілді.
E-Qazyna порталында 7 шілде күні сағат 10:00-де аталған көліктер бойынша аукцион өткен. Алайда көліктердің нақты қай мемлекеттік органдарға берілгені жарияланған жоқ.
Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, мұндай мүлікті ең алдымен құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар, сондай-ақ Президенттің, Парламенттің және өзге де мемлекеттік органдардың қызметін қамтамасыз ететін құрылымдар сатып ала алады.
Бұған дейін Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті мемлекеттік органдар тарапынан сұраныс болмаса, көліктер ашық электронды аукцион арқылы кез келген азаматқа сатылатынын хабарлаған еді. Алайда аукционның нәтижесінде көліктер мемлекеттік органдарға берілген.
Ведомствоның түсіндіруінше, мұндай мүлік мемлекеттік органның нақты қажеттілігі болған жағдайда ғана беріледі. Сондай-ақ көліктің қызметтік мақсатта қажет екені және оны күтіп-ұстау шығындарын мекеменің көтере алатыны ескеріледі.
Көліктердің бағасы қанша?
Мемлекеттік органдардың көліктерді нақты қандай бағаға алғаны жарияланған жоқ. Дегенмен әрбір 2025 жылы шығарылған Hyundai Elantra автокөлігінің бағалау құны 8 395 000 теңге деп көрсетілген. Көліктер қара, сұр, көк, қызыл, жасыл және ақ түсте.

Блогерлерге шығарылған үкім
Еске салсақ, сәуір айының соңында Астана соты Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегенованы заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру баптары бойынша кінәлі деп таныды.
Сот үкімімен:
-
Эльмира Төлегенова 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазаны өтеу екі жылға кейінге қалдырылды және мүлкі тәркіленді;
-
Ерболат Жанабылов 2 жылға шартты түрде сотталып, мүлкі тәркіленді.
Сот барысында айыпталушылар мемлекетке келтірілген 247,6 млн теңге көлеміндегі материалдық залалды толық өтегені айтылды.
Судьяның түсіндіруіне сәйкес, мемлекет кірісіне 8 Hyundai Elantra автокөлігі мен 17 дана iPhone 16 (128 ГБ) смартфоны тәркіленді.
Ал бұған дейін бұғатталған Lamborghini Urus пен Lexus LX600 автокөліктеріне қойылған тыйым алынып тасталды.
Бұдан бөлек, сот Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеновадан Жәбірленушілерге өтемақы төлеу қорына әрқайсысынан 20 АЕК (78 640 теңге) көлемінде мәжбүрлі төлем өндіру туралы шешім шығарды.