Жәнібек жеңіске жеткен жекпе-жекте ескі әнұран шырқалды
Бокстан IBF және WBO тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы жаңа зеландиялық Андрей Михайловичпен жекпе-жек өткізіп, чемпиондық атағын қорғап қалды.
Тоғыз раундқа созылған жекпе-жек Сиднейдегі (Аустралия) бокс кешінің басты кездесуі болды. Екінші раундта-ақ Жәнібек Әлімханұлы қарсыласын нокдаунға жіберді, бірақ раунд уақыты бітіп қалды.
Тоғызыншы раундта отандасымыздың соққысы жаңа зеландиялықты тағы да құлатты. Бұл жолы төреші техникалық нокаутпен жекпе-жекті тоқтатты.
Осылайша Жәнібек Әлімханұлы мансабындағы 16 жекпе-жек өткізіп,16-рет жеңді. Ал қарсыласы 22 жекпе-жек өткізіп, алғаш рет жеңілді.
Қазақ боксшысы Жәнібек Әлімханұлы кәсіпқой мансабын 2016 жылы бастап, 11-жекпе-жегінде WBO тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы атағын жеңіп алды. 2023 жылдың қазан айында Әлімханұлы неміс боксшысы Винченцо Гуальтиериді техникалық нокаутпен жеңіп, IBF белбеуін иеленді. Михайловичке қарсы жекпе-жекте Әлімханұлы бірінші рет атағын қорғады.
Бұл бокс кешінде Жәнібек Әлімханұлы шыққан кезде еліміздің ескі әнұраны ойналды. Спортшы мен оның командасы бұған наразылық білдіргенімен, ұйымдастырушылар қателікті түзетпеді.
Естеріңізге сала кетейік, Әлімханұлы мен Михайлович 14 шілдеде кездесуі керек еді, бірақ кездесу қарсаңында қазақ боксшысы ауруханаға түсіп қалды. Осыдан кейін жаңа зеландиялық мазақ ететін видео түсіріп, чемпион қарсыласын сыйламады деп айыптады.
Бұған дейін боксшылар Аустралияда өткен алғашқы баспасөз мәслихатында жанжалдасып қалды.