Live

Жаннұр Садықова, психолог: Көп отбасында ашық әңгімеге уақыт жетіспейді

Соңғы жылдары балалар мен жасөспірімдер арасында суицидтік мінез-құлықтың қалыптасып келе жатқаны жиі айтылады. Мұндайда бала өзін қоғамнан оқшау ұстап, томаға-тұйық қалыпқа түседі.

отбасы

 Бұған не себеп? Ата-ана мен мұғалім баланы мұндай тығырықтан қалай құтқара алады? Бұл туралы Орталық Азия аймағының когнитивті мінез-құлықтық терапиясы ассоциациясының мүшесі, психолог Жаннұр Садықовадан сұрадық.

Жаннұр, балалар мен жасөспірімдерде суицидтік мінез-құлықтың қалыптасу себебі неде?

– 2025 жылғы 1 қыркүйекте жарияланған ДДҰ деректеріне сәйкес, әлемде әр жетінші 10-19 жастағы жасөспірім психикалық қиындықтармен кездеседі. Олардың қатарына алаңдаушылық, депрессия немесе мінез-құлық мәселелері жатады. Бұл мәселе көп жағдайда уақытында білінбей, білім алуына, қоршаған ортамен қарым-қатынасына және жалпы өмір сапасына әсер етеді. 15-29 жас аралығындағы жастар арасында өзіне-өзі қол жұмсау үшінші орында тұр. Халықаралық зерттеулердің нәтижесі бойынша, 59 елдің жасөспірімдерін қамтыған деректерде шамамен әр алты жасөспірімнің біреуі бір жыл ішінде кемінде бір рет суицидтік ойлайды немесе өзін-өзі өлтіру әрекетін жоспарлайды екен. Ал еліміздегі деректер де бұл мәселенің өзектілігін көрсетеді. Ranking.kz сайтының мәліметтері бойынша, КПСиСУ деректеріне сүйенсек, соңғы жылдары жасөспірімдер арасындағы суицид пен соған оқталу әрекеті санының өскені байқалады. Оған әсер ететін фактор қайсы?

Біріншіден, эмоционалдық және ақпараттық жүктеме айтарлықтай артты. Балалар мен жасөспірімдерге қойылатын талап күшейді. Олар өздерін үнемі басқалармен салыстырумен бетпе-бет келеді. Екіншіден, кейбір жасөспірім жалғыздық пен түсінбеушілік сезімін бастан кешеді. Олар ішкі уайымы туралы ашық айтуға қиналады, ата-анасы да бұл өзгерісті дер кезінде байқамайды. Сонымен қатар жасөспірімдік кезеңнің өзі жоғары эмоционалдық сезімталдықпен сипатталады. Егер оған отбасындағы жанжал, мектептегі қысым немесе буллинг қосылса, бала өзін тығырыққа тірелгендей сезінуі мүмкін. Яғни баланың сезімін елемеу немесе оларды маңызсыз деп көрсету дұрыс емес. Ересектер тарапынан «Бұл – уақытша нәрсе» немесе «Сенің жасыңда мұндай мәселе болмайды» деу де қате түсінік. Сондай-ақ айыптау, ұялту немесе ақыл айту да көмектеспейді. Мұндайда ең дұрыс тәсіл – сабырлы түрде тыңдау, оның сезімдері маңызды екенін көрсету және қиындықты бірге шешуге дайын екеніңізді білдіру.

Қайғылы жағдайды алдын алуда отбасының рөлі қаншалықты маңызды?

– Отбасының рөлі өте маңызды. Баланың қауіпсіздік сезімі мен эмоционалдық тұрақтылығы ең алдымен отбасында қалыптасады. Егер бала өзін тыңдайтынын, түсінетінін және айыптамайтынын білсе, ол қандай жағдайда да көмек сұрауға бейім болады. Алайда ата-ана көбінесе баланың эмоционалдық көңіл күйіне емес, оқу үлгеріміне назар аударады. Егер баламен күнделікті сөйлесіп, қандай сезімде жүргенін біліп, ашық диалог орнатсақ, өз мәселесімен жалғыз қалуға жол берілмейді. Отбасында сенімді қарым-қатынас болған кезде бала қиындықты бөлісуден қорықпайды.

Жасөспірімнің мінез-құлқындағы өзгерістің алғашқы белгісін қалай білуге болады?

– Жасөспірімнің мінез-құлқындағы кейбір өзгерістерге ерекше назар аудару қажет. Баланың кенеттен тұйықталып кетуі, бұрын ұнатқан ісіне қызығушылығының төмендеуі немесе адамдардан алыстауы мүмкін. Кейде апатия, шамадан тыс ашуланшақтық, ұйқы мен тәбеттің бұзылуы байқалады. Кейбіріне өмірдің мәні жоқтай сезіледі. Мұндай өзгеріске әрқашан байыппен қарау қажет. Тіпті бала достарынан алыстап, жеке заттарын таратып беруі мүмкін. Бұл оның ішкі күйзелісінің белгісі болуы ықтимал.

– Балалар мен жасөспірімдерге психологиялық қолдау көрсетудің ең тиімді әдісін атап өтесіз бе?

– Ең маңыздысы – баланың өз сезімі туралы еркін айтуына мүмкіндік беру. Көп жағдайда олардың сөзін шынайы тыңдағанның өзі үлкен қолдау болады. Психологиялық көмек баланың эмоциясын түсінуіне, күйзелісті басқаруына және қиын жағдайларда шешім табуына көмектесуі тиіс. Сонымен қатар оның өзін-өзі бағалауын қалыптастыру және өмірлік қиындықтарға төтеп беру дағдысын дамыту маңызды. Психолог үшін тағы бір маңызды бағыт – тек баламен ғана емес, оның отбасымен де жұмыс істеу. Себебі баланың психологиялық жағдайына ең үлкен әсер ететін орта – отбасы.

– Жасөспірімнің бойында суицидтік мінез-құлықтың пайда болуына интернет кеңістігі мен әлеуметтік желінің әсері бар ма?

– Әлеуметтік желілердің әсері екіжақты болуы мүмкін. Бір жағынан, желі адамдармен байланыс орнатуға және қолдау табуға мүмкіндік береді. Екінші жағынан, өзіңді басқалармен үнемі салыстыруға, қысым сезімін күшейтуге және кейде кибербуллингке алып келуі мүмкін. Сондықтан жасөспірімдердің цифрлық сауаттылығын дамыту маңызды. Олар интернеттегі ақпаратты сын тұрғысынан қабылдауды және әлеуметтік желілердегі жарияланымның әрқашан шынайы өмірді көрсете бермейтінін түсінуі керек.

– Ата-анаға қандай кеңес бересіз?

Бірінші, балаларды кішкентай кезінен бастап өз эмоцияларын тануға және олар туралы айтуға үйрету маңызды. Эмоцияны түсіну қабілеті адамның психологиялық тұрақтылығын арттырады және қиын жағдайларда өзін дұрыс реттеуге көмектеседі. Екінші, көп отбасында ашық әңгімеге уақыт жетіспей жатады. Сондықтан аптасына кемінде бір рет отбасы мүшелері бірге отырып, бір-бірімен ашық сөйлесетін немесе бірге уақыт өткізетін дәстүр қалыптастыру пайдалы. Үшінші, әр баланың өмірінде кем дегенде бір сенімді ересек адам болуы өте маңызды. Бұл ата-ана, мұғалім немесе жақын туыс болуы мүмкін. Бала қиын жағдайда дәл осы адамға жүгіне алатынын білуі оның қауіпсіздік сезімін күшейтеді. Төртінші, жасөспірімдердің көпшілігі көмек сұрамайды, бірақ оларды біреу байқап, жағдайына мән бергенін күтеді. Сондықтан ересектердің баланың көңіл күйіндегі өзгерістерге мұқият қарауы үлкен рөл атқарады.

Сұхбаттасқан

Тоғжан ТӨЛЕГЕН

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз