Жетісу облысында жол апатынан бес адам қаза тапты
Жетісу облысында республикалық маңызы бар Алматы – Өскемен тасжолында болған жол-көлік оқиғасынан бес адам қаза тауып, тағы екі адам ауруханаға жеткізілді.
Қайғылы оқиға 26 маусым күні кешкі уақытта Сарқан ауданы аумағындағы автожолдың 432-шақырымында болған. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, екі жеңіл автокөлік соқтығысқан.
Апат салдарынан екі жүргізуші мен үш жолаушы оқиға орнында көз жұмған. Тағы екі жолаушы түрлі дене жарақаттарымен медициналық мекемеге жеткізілген.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, жол апатының нақты себептері мен барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Осыған байланысты полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, қауіпсіз жылдамдық режимін таңдауға, арақашықтықты ұстануға және рөлде барынша мұқият болуға шақырды.