Саясат

Жиырма талапқа – жалғыз жауап

немесе қарарды қарауға да бет керек

Жиырма талапқа – жалғыз жауап

Мәселенің мәнісіне келер болсақ, былай: Еуропа парламенті басым көпшілік дауыспен «Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі» қарар қабылдады. Мәселе өте  күрделі. Жақында ғана елімізде өткен парламенттік сайлаудағы әділетсіздіктер, сөз бостандығының шектелуі, адам құқықтарының бұзылуы және тағы басқа демократиялық құндылықтар Еуропа төріндегі мінберден өткір айтылды. Ең көкейкестілігі, Еуропа парламентінің депутаттары мінберде айтылған пікірлерді растап дауыс берді. Нақты айтсақ, «Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі» қарарды 693 депутаттың 598-і қолдады, тек 43 депутат қана қарсы шықты.

Қарарда Еуропа парламентінің депутаттары Қазақстан басшылығына 20 түрлі талап қойды. Қарарға қарар болсақ, Қазақстан билігі адам құқы мен бостандығы бойынша мойнына алған халықаралық міндеттемелерді орындауы тиіс. Демек, бұдан шығатын қорытынды, демократиялық құндылықтарға қатысты міндеттемелер елде бұған дейін аяқасты етіліп, орындалмай келген.

         Әрине, Еуропа парламенті қабылдаған қарар Қазақстанға әлем алдында еш абырой әпермейді. Енді еуропалық депутаттар қабылдаған қарардың бірнешеуіне ғана тоқтала кетейік.

        Билеуші партия – «Нұр Отанды»  жеңімпаз деп таныған 10 қаңтардағы мәжіліс сайлауы тым бәсекесіз өтті. Оппозициялық партиялардан сайлауға ешкім қатысқан жоқ. Белсенділер қудаланды. 10 қаңтар күні сайлауға наразылығын білдіріп, көшеге шыққандар қамалды. Арнайы жасақтар шеңбер жасап, суық аязда митингіге шыққандарды қоршап, 7-8 сағат бойы ұстап тұрды. «Осы әрекеті арқылы қазақстандық полицейлер жендеттің рөлін атқарды» деп, жанайқайын білдіріп жатқандар жетерлік. Тәуелсіз бақылаушыларға биліктен қысым жасалды. Жаңадан партия құрғысы келгендердің мүмкіндігі аяқасты етілді. Олар тіркелмеді. Сайлау болған күні Қазақстанның 10 қаласында кемінде 350-ден астам адам ұсталды. Елдің басқару билігіне екінші адам келсе де, Қазақстандағы бейбіт митинг әлі күнге дейін күшпен басып тасталынып отыр. Сондықтан халық қысым көрмей, өз пікірін еркін айта алуы тиіс.

        Қарарда депутаттар ондаған саяси тұтқынның түрмеде азап шегіп жатқанын сөз етіп, биліктің оларды босатуға ешқандай қадам жасамай отырғанын айтты. Еуропарламент мүшелерінің сөзіне сенсек, дүниежүзіндегі сөз бостандығы рейтингінде Қазақстан 157-орында тұр. Мұның өзі-ақ көп нәрсені айқындап бергендей. Егер  журналистер билікті сынаса, оларға қысым жасалынады. Материалдарының алынып тасталынатын оқиғалары да жиі кездеседі.

        Қарарда сондай-ақ Қытайдағы азаптау лагерінен Қазақстанға қашып келіп, бір күнде соққыға жығылған Айша Аханқызы мен Мұрагер Әлімұлының тағдыры сөз етіледі. Олардың бірі соққыға жығылса, екіншісін қылмыскерлер пышақтап кеткен. Бірақ  қылмысқа қатысы барлардың біреуі де  осы уақытқа дейін ұсталған жоқ.

        Бұл ғана емес, қарарда интернеттің нашар жұмыс істейтіні және  бұқаралық ақпарат құралдарында цензура мен бақылаудың күшейіп тұрғаны сөз етіледі.

       Жалпы, Қазақстанға қатысты Еуропа парламенті қойған 20 талаптың ішінде тағы не  бар? Қазақстандағы азаматтардың саяси бостандығы, сайлау және сайлану құқықтары, саяси тұтқындарды босату, бейбіт жиындар туралы заңға өзгерістер енгізу, әйелдерге жасалатын тұрмыстық зорлық-зомбылық, міне, осының бәрі Еуропа депутаттарын алаңдатып отыр. Сондықтан Қазақстан билігі халықаралық демократиялық  міндеттемелерді адал орындауы қажет.

       Биыл Қазақстан тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтеді. Алайда адам құқының бұзылуы жөнінен біздің еліміз Уганда, Руанда сияқты елдермен қатар тұр. «Адам құқын қорғаушылар мен белсенділерді қудалау тоқтамайынша, шынайы той болмайды», деген бірқатар еуропалық депутаттар осыған байланысты Қазақстанға санкция салуға шақырды. Егер, шын мәнінде, санкция жүзеге асатын болса, онда Қазақстан билігі қиын жағдайда қалады. Амал жоқ, қысымның салдарынан, халықаралық демократиялық міндеттемелерді орындауға тура келеді. Отыз  жылдағы тәуелсіздікке арналған мерейлі шынайы той осы ма?

         Еуропарламенттің 20 талабын орындауға Қазақстан мүдделі ме? Сөз жоқ, мүдделі. Бірақ авторитарлық билік халықтың еркін ойын білдіруге еш мүмкіндік беріп отырған жоқ. Көшеге шыққандар қамалады. Адамдар өздерінің саяси, діни және басқа да көзқарастарын еркін білдіре алмайды. Еуропарламент қабылдаған 20 талап кең ауқымды. Алайда Еуропарламент ұсынған 20 талапқа Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің бергені – адам сенгісіз жалпылама жалғыз жауап. Министрліктің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров: «Қарарда айтылған адам құқықтарына қатысты мәселелер шындыққа жанаспайды. Қарарды  Қазақстанға теріс пиғылдағы саясаткерлер ұсынған. Қарар мәтіні елдегі шынайы жағдайды бұрмалап көрсеткен. Қазақстан мақсатты түрде адам құқығы бойынша өзіне жүктелген міндеттерді адал жүзеге асырып келеді», – дейді. Міне, еліміздің сыртқы істер министрлігі ресми өкілінің арада үш күн өткен соң, берген жалпылама жалғыз жауабы осы. Билік осы жауабы арқылы өздерін ақтап алуға тырысуда.

        Ал елдегі күнделікті саяси жағдайды көзбен көріп отырған қарапайым халық бұған еш сенбейді. Биліктің жасап отырған қысымы мен Қазақстандағы адам құқының бұзылуын  сыртқы істер министрлігі ешқашан бүркемелеп жасыра алмайды. Сондықтан Еуропарламент қабылдаған қарар тасада қалмай, біртіндеп жүзеге аса бастауы керек. Әйтпесе, халықтың ашу-ызасы тасып, наразылық күшейе түседі.

       Жалпы, елдегі саяси жағдайға қатысты кемшіліктер атап көрсетілсе, оны дереу түзеуге тырысу керек. Алайда биліктің сөзін сөйлейтін біздің бірқатар сарапшылар Еуропарламент қарарының артында «шетелдегі оппозициялық күштер тұр», дегенді айтып отыр. Шын мәнінде, солай ма? Қазақстанға қара жағылған күйе болса, дереу Еуропада жүрген қашқын банкирден көретін біздің билік осы жолы да өздерінше, тон пішіп, халықты алдап отыр. Жақтағандық емес, еліміздегі кемшілікті қашанға дейін қасқа бас Әблязовтан көре береміз?! Ресми билік «Еуропарламент сынына ілінген біз ғана емес, оның ішінде, Украина мен Ресей де бар» деп, өздерін жұбатып отыр. Бірақ қарарды ұялмай қарауға да бет керек. Ұят нәрсе...

                                                                                  

Тегтер: Без Тега
Батыр Жасұлан
Батыр Жасұлан Батыр Жасұлан

Оқыңыз