Әлеумет

Жүргізушілер жаңа жол ережелерінен кейін жаяу жүргіншілерді кінәлай бастады

Астанада сәуір айының соңында жаңа жол ережесі енгізілді: «ақылды» камералар жаяу жүргіншілер өткелінде адамды өткізбеген жүргізушілерді тіркей бастады. Алайда бұл бастама тұрғындар арасында қызу пікірталас тудырды.

1

Threads әлеуметтік желісінде жаңа нормаға қатысты талқылау кең тарап жатыр. Көптеген жүргізушілер өзгерістерге наразылық білдіріп, жаяу жүргіншілердің де жауапкершілігі болуы керек екенін айтуда.

Олардың пікірінше, жол апаты оқиғалары кезінде кінә көбіне жаяу жүргіншілердің өзінен болады. Себебі кейбірі жолға жүгіріп шығып, жүргізушінің тоқтауына мүмкіндік бермейді немесе жолға шығарда жан-жағына қарамайды.

«Ал алды-артына қарамай жаяу жүргіншілер жолағымен өте салатын адамдарға айыппұл салына ма? Әйтпесе әділетсіз болып тұр ғой», – деп жазды пікір қалдырушылардың бірі.

Кей жүргізушілер жаяу жүргіншілерді де жол қозғалысы ережелеріне үйрету қажет екенін айтқан.

«Егер жаяу жүргіншілер аяқ астынан жүгіріп шықса не істейміз? Біресе қиғаштап, біресе көлденең өтіп кетеді», – дейді тағы бір қолданушы.

Сонымен қатар жаңа ережені қолдағандар да бар. Олардың айтуынша, жол ережесінде негізгі талап – «жол беру» ұғымы нақты жазылған.

«Жоғарғы сот түсіндіргендей, басты критерий – жаяу жүргіншіге кедергі келтірмеу», – деп жазды желі қолданушыларының бірі.

Кейбір тұрғындар тек жүргізушілерге емес, басқа да мәселелерге назар аудару қажет екенін айтты. Атап айтқанда, өшіп кеткен жаяу жүргінші жолағының белгілері мен жол бойында көріністі жауып тұратын көлік тұрақтарына да жауапкершілік енгізуді ұсынды.

Астана әкімдігі бұл жүйе жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында енгізілгенін мәлімдеген болатын. Камералар құқықбұзушылықтарды нақты уақыт режимінде тіркеуі тиіс.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз