Саясат

Жұрт «Жаңа Қазақстаннан» компенсация күтеді

Облыс орталығынан шеткері жатқан Арал, Қазалы аудандарында түрлі аурулар көбейіп, тұрғындардың денсаулығы төмендеп барады.

Жұрт «Жаңа Қазақстаннан» компенсация күтеді

Туберкулез, бүйрекке тас байлану, сарысу, өкпе-тыныс жолдарының қабынуы, жұқпалы аурулар басқа өңірлерге қарағанда мұнда жоғары көрсеткішке ие.

Экологиялық мәселелерді көтеріп жүрген жергілікті тұрғын Нұржан Пірманов: – Осы аймақта өмір сүрген соң бәрін көзімізбен көріп отырмыз. Мысалы, қыста түсетін қырауға ұқсас, жазда терезеде сор қатады. Дауыл оңтүстік-батыстан соқса, теңіздің ұлтанынан тұз ұшып, аспанымызды аппақ тұман басады. Бұл аз болғандай, оған Байқоңырдың зымыран ұшыруынан келетін у-залалды қосыңыз. Ресей бір зымыран ұшырса, артынан 3 күн қара дауыл соғады. Болмаса, күн шақырайып, ысып кететіні сонша адам түгіл, кесіртке інінен шыға алмай қалады, – дейді.

Қоғам белсендісінің айтып отырғаны рас. «Протон-М» зымырантасығышы ұшар алдында артылған жүгіне қарай 649-662 тонна улы отын – гептил құйып алады. Яғни осы «у» тыныс алып отырған ауа қабатында жағылып, денсаулыққа орасан зиянын тигізеді.

– Осы зымырантасығышты ғарыш айлағына жеткізу, орнату, тазалау, ұшыру үшін де қаншама отын, электр қуаты, ұлан-дария су шығындалады. Осыдан-ақ оның қазақ даласына орасан зиянды әсерін көреміз. «Протонды» көкке көтеретін 4 ұшыру алаңының бәрі тек «Байқоңыр» айлағында орналасқан. Біз әлі күнге дейін «алғашқы адам мен ғарыш кемесінің ғарышқа көтерілуіне бастау болған қазақ жері – құтты қоныс» деп әлем алдында мақтанып жүрміз. Ал осы құтты қонысымыздан «Протонның» 280-ін ұшырдық, денсаулықты бердік, басқа не айтамыз», деді Н.Пірманов.

«Зымыран атмосфераның озон қабатын теседі» деген сөзді біреулер аңызға телиді. Ал «Байқоңырға» іргелес елді мекендердің тұрғындары оған сәт сайын куә болады. Қоғам белсендісі ғалымдардың зерттеулеріне сүйеніп, осы мәселені де көтерді.

– Озон қабаты жерден шамамен 10-50 шақырым биіктікте жатқан, жоғары концентрациясымен ерекшеленетін стратосфералық қабат. Атмосферадағы озонның ең көп көлемі 20–25 шақырым биіктікте шоғырланады, мұнда озонның тығыздығы жер бетіне қарағанда 10 есе көп. Озон күн радиациясының қысқа толқынды ультракүлгін бөлшектерін оттегінің сіңіруінен пайда болады. Озон мөлшерінің көп болуы көктем айларына, азаюы күз айларына сәйкес келетінін де біліп алдық. Озон қабаты ультракүлгін сәулелерді жер бетіне жеткізбей, сәулеленудің алдын алады. Ол болмағанда, жер бетіндегі тіршілік иелерінің бәрі күн радиациясына ұшырап, жанып кетер еді. Біздің жақта «Протондарды» күн ара, екі күн сайын ұшырып тұрған кездері болды. Төбемізде озон қабаты қалмады деуге болады. Жыл сайын қуаңшылық қысып, көктен жаңбыр тілеп отырғанымыз сол, – дейді Нұржан Ералыұлы.

Былтыр Ресей «Байқоңырдан» 14 рет зымыран ұшырыпты. Оның екеуі «Протон». Биылдың өзінде 3 зымыран көк сеңгірге аттанды. Жыл соңына дейін тағы тоғызын ұшыруды жоспарлап отыр. Оның үшеуі – «Протон» болмақ. Екі ел арасында мемлекетаралық келісім болғандықтан, Жаңа Қазақстан да зымыран ұшыруды тоқтатып, «Байқоңырды» жауып тастай алмайды. Мысалы, Кеңес Одағы 1982 жылы «Байқоңырдан» бір жылда 108 зымыран ұшырыпты. Жергілікті тұрғынның күнара ұшыратын дейтіні осы. Бертінде Ресей 1992 жылы қазақ жерінен бір жылда 55 зымыран ұшырып, өз рекордын орнатыпты.

Ал енді жергілікті халық үкіметтен не сұрайды? Тұрғындар, «мемлекет Ресейдің зымырандарын ғарыш айлағынан ұшыруын тоқтата алмайды екен, онда осы өңірдегі халыққа біріншіден, экологиялық төлемдерді 100-200%-ға көтерсін». Екіншіден, әрбір ұшқан зымыран үшін тұрғындарға өтемақы-компенсация төлесін дейді. Үшіншіден, жергілікті медицинаның деңгейін көтерсін, ауруханаларды қайта ашсын деп отыр.

– Әйтпесе, денсаулығынан түк қалмай бара жатқан жұртшылық азғантай тапқан-таянғанын тамағына жұмсай ма, әлде емделуге, дәріханаға шығындай ма? Жыл сайын халықтың денсаулығы бітіп, нашарлап бара жатыр, – деді қоғам белсендісі.

Мысалы, Арал ауданы жағы тоқсан жолдың торабында тұрған Қамыстыбас ауылында бұрын көрші бірнеше ауылға қызмет көрсететін аурухана жабылып тынды. Сонау 1920 жылы ашылған, соғыс уақытында да жұмысын тоқтатпаған мекеме еді. Бір ғасыр жұмыс жасаған аурухана 2017 жылы Денсаулық сақтау министрлігінің реформаларына шыдас бере алмай, жабылып тынды. Халық жылда ұлардай шулап, журналистерге шағымданады, ақпарат құралдары мәселе көтереді, көрсетеді. Бірақ нәтиже жоқ. Бұқара «еститін билік болмай тұрғанына» наразы. Қазіргі кезде аурухана болмағандықтан, ауруы меңдеген ересектер мен бала-шаға 71 шақырымға шабылып, Арал қаласындағы ауруханаға жатуға мәжбүр. Ал аудандық аурухананың да жағдай мәз емес, аппараттары тозған.

– Экологиясы бүлінген аймақта әлемдегі ең озық медорталықтар ашып, халыққа бар жағдай жасау орнына – билік оларды жауып жатыр. Бұл халыққа деген қастандық емес пе? Ойланатын басшылар болмай тұр. Осындай жағдайға жеткізгендердің өзі ауыра қалса, шалғайдағы ауруханаларға қаңғыту керек», – деп күйінеді тұрғындар.

Жергілікті тұрғындардың жанайқайына әзірге Денсаулық сақтау министрлігі жауап берген жоқ, ал Ұлттық статистикалық бюросының ресми статистикасында 2006 жылы Қазақстанда 1086 аурухана болыпты. Содан бері ауруханалар тоқтаусыз жабылуда екен. Мәселен, 2009 жылы 1020, 2012 жылы 990, 2015 жылы 901, 2018 жылы 788, қазіргі кезде 770-і қалыпты. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев болса өз блогында қоршаған ортаны жақсарту үшін сексеуіл және басқа өсімдіктер отырғызылғанын айтады. Сонымен қатар «2014 жылғы 24 қарашада «Байқоңыр» кешені бойынша Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының ІІ отырысының хаттамасына сәйкес, өңірдің экожүйесіне жүктемені төмендету үшін Байқоңырдан «Протон-М» зымыран тасығыштарын ұшыруды кезең-кезеңмен қысқарту жоспарланған», – дейді С.Брекешев.

Құжатқа сәйкес, «Протон-М» зымыран тасығыштарын ұшыру санын 2017 жылы 2 есеге, 2020 жылы тағы 2 есеге, 2025 жылы жалпы саны 5-ке дейін қысқартып, 2026 жылы іс жүзінде доғару көзделген.

Айтпақшы, осыдан он жылдай бұрын үкімет «Байқоңырдың» елге пайдасы көп екенін дәлелдеуге талпынып, жеке туристік ошаққа айналдыру жоспарланып отырғанын жариялаған. Сөйтіп 50 гектар жер бөлінген «Байқоңыр» жобасы қағаз жүзінде қалып қойды. Қазір Байқоңыр қаласын «жекеменшігім» деп санайтын ресейліктер ол жаққа шетелдіктер түгілі қазақстандықтарды да аяқ бастырмайды. Елдегілер тек қатаң тіркеумен кіріп-шыға алады.

Қалай болғанда да облыстың әкімі Нұрлыбек Нәлібаев елінің базынасын жоғары жаққа жеткізіп, ең құрығанда компенсация мәселесін шешіп берсе, абыройы «Протондай» көкке ұшары белгілі болып тұр.

Тегтер: Без Тега
Нұр-Қасым Жомарт
Нұр-Қасым Жомарт Нұр-Қасым Жомарт

Оқыңыз