Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 17 Қыркүйек 2024

Зымыран ата алмайтын Зеленскийдің аяқ-қолы байлаулы

 Зеленский
Фото: коллаж УНИАН, фото president.gov.ua, US Army

2022 жылдың 24 ақпанында Ресей басқыншылық соғыс ашқалы Украинаға күн құрғатпай зымыран атады.

 Бүгінге дейін баллистикалық, авиациялық түрлері аралас жалпы саны 7 мыңнан астам оқтұмсық ұшырған. Мыңдаған адам өлді. Балаларды жетім, әйелдерді жесір етті. Бірақ қолында Батыстың заманауи зымырандары бола тұра Ресей жерін ата алмай келген Украинаның енді қарымта қайтаратын күні алыс емес көрінеді.

15 қыркүйек, жексенбі. Күздің жайма-шуақ аз күндерінің бірі. Шөкімдей бұлт жоқ, аспан шайдай ашық. Украинаның Ресеймен шекаралас Харьков қаласы түннен аман шығып, күндізгі тірлігіне кіріскен. Қауіп кез келген сәтте жетіп келетінін білсе де, күн нұрына елжіреген халық бүгін тыныштықтан үмітті еді. Кенет қаланың адам көп қоныстанған ауданындағы көпқабатты үйдің біріне зымыран түсіп, астан-кестеңін шығарды. Екі бірдей подъезд бүлінген. Кемі 41 адам зардап шеккен. Ең кішкентайы – 1 жасар сәби. Украина қарулы күштерінің хабарлауынша, Ресей қашықтан басқарылатын авиабомба атқан. Соғыс басталғалы осы – Ресейдің зымырандары толассыз түсіп келеді. Кейбірін қағып түсіргені болмаса, оған Украинаның қарымта қайтаруына рұқсат жоқ. Президент Владимир Зеленский Батыстағы одақтастарынан бұл шектеуді алып тастауды көптен бері сұрап келеді.

Өткен аптада әлемдік БАҚ АҚШ пен Ұлыбритания билігінің Украинаға Ресей жерін ATACMS және Storm Shadow зымырандарымен атқылауына рұқсат беріп, ашық мәлімдеме жасайды деп күтті. Ақ үйдегі аты-жөнін көрсетпеген түрлі дереккөздерге сілтеген Батыс басылымдары украиналықтардан әне-міне сүйінші сұрайтындай-ақ көрінген. Жылы, жайлы кабинеттегі саясаткерлер бастап, қауіпсіз пәтерінде отырып түрлі телеарналарға сұхбат берген әскери сарапшы, саясаттанушы біткеннің көбі осы мәселені сөз етті. Талқылады, сан-саққа жүгіртіп, түрлі болжам жасады, әрқалай жорыды.

Көпшілік алдымен 11 қыркүйек кешке қарай Киевке суыт келген АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Лэммидің аузын бақты. Президент Владимир Зеленскиймен кездесіп шыққан олар Украинаға көмектің маңызы жөнінде жалпылай сөйлеп, зымырандарға рұқсат туралы сұрақтарға толымды жауап қатпады. Бұл сапардың алдында ғана америкалық Politico басылымы сүйіншіні осы екеуі сұрауы мүмкін екенін жазған еді. Тіпті АҚШ-тың республикашыл бір топ сенаторы 10 қыркүйекте Ақ үй қожасына арнайы үндеу жолдап, Украинаға зымырандарды өз еркімен қолдануға рұқсат беруге шақырған. «Байден әкімшілігінің ахуалды ушықтырып аламыз деген қаупі негізсіз екеніне соғыстың алғашқы күнінен-ақ көз жеткізіп келеміз. Украинаның АҚШ берген қаруды қолдануы, Киевтің Курскіге басып кіруі сияқты ешбір оқиға Ресеймен соғысты шиеленістіріп жіберген жоқ. Байден әкімшілігінің америкалық қаруды Ресейге қолдануға қойылған негізсіз шектеуі Украинаға бұл соғыста жеңіске жетуге кедергі келтіріп отыр», – деп еді сенаторлар.

Бұдан соң сарапшылар мен БАҚ 13 қыркүйекке иек артты. Ол күні Вашингтонда АҚШ президенті Джо Байден мен Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер кездескен. Алайда бұл екеуі де аптаның ең маңызды сұрағын сол күйі ашық қалдырды. Сөйтіп Киевті емексіткен, Мәскеуді алаңдатқан мәлімдеме ресми түрде айтылмай, тағы бір апта сырғып өтіп, тарих қойнауына кетті.

Ұлыбританиялық The Guardian басылымының жазуына қарағанда, шешім әлдеқашан шығып қойған болуы мүмкін, бірақ оны АҚШ пен Ұлыбритания ресми жария етпейді. Біріншіден, Ақ үй мен Дауниң стрит (Downing street 10 – Ұлыбритания премьер-министрінің кеңесі орналасқан мекенжай) Кремльден әлі де сақсынады. Екіншіден, негізгі шешім қабылданған күннің өзінде зымырандарды қалай қолданудың мән-жайы, нақты жоспары бекімеген болуы ықтимал.

Кремльден сақсынуға себеп те жоқ емес. Премьер-министр Кир Стармер Вашингтонға ұшқалы жатқанда Ресей президенті Владимир Путин Батысқа тағы да қоқан-лоқы көрсетті. Ол: «Бұған дейін бірнеше рет айттым, мұны Ресейдің де, Батыстың да сарапшылары растайды – Украина әскері ұзақ қашыққа арналған заманауи жүйелерді қолдана алмайды. Мұндай шабуылды спутник арқылы жасалған барлау мәліметтері арқылы ғана жасауға болады. Украинаның қолында ондай мәлімет базасы жоқ. Ондай ақпаратты не Еуропа, не АҚШ-тың, бір сөзбен айтқанда, НАТО-ның спутниктері жинайды. Бұл – біріншіден. Екіншіден және ең маңыздысы, бұл зымыран жүйелерінің ұшу бағытын НАТО елдерінің әскерилері ғана реттей алады. Украина әскерилері мұны істей алмайды. Сондықтан әңгіме Украинаға осы қарумен Ресейді атуға рұқсат беру не бермеуде емес, әңгіме НАТО елдері бұл әскери қақтығысқа тікелей араласа ма, жоқ па дегенде ғана болып тұр. Шешім қабылданса, бұл НАТО елдерінің, яғни АҚШ-тың, Еуропаның тікелей Украинадағы соғысқа қатысуды құп көргені. Мұндай жағдайда Ресейге төнген қатерге қарай шешім қабылдаймыз» – деді.

Ал Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Батыстағы келіссөздерден Кремльдің әбден хабардар екенін айтты. Ұлыбританиялық Reuters агенттігі оның «Мәскеудің әрбір мәселеге қалай жауап беретінін күтіп отырудың керегі жоқ. Бұл әрекеттің бәріне арнайы әскери операция арқылы жауап беріп келеміз. Америкалық қаруды Ресейге қарсы қолдану жөнінде шешім шығып қойған. Әрине, бұған күмәніміз жоқ. Ал қазір баспасөзде әлдеқашан қабылданып қойған шешімді хабарлау рәсімі ғана жүріп жатыр. АҚШ та, Еуропа да осы «қақтығысқа қатысушысы» деген аттан сақтанады. Бірақ одан түк шықпайды. АҚШ пен Еуропа Украинадағы қақтығысқа бәрібір тікелей араласып отыр» деген сөзін келтірді.

Ресей мемлекеттік думасының спикері Вячеслав Володин де өзінің Telegram арнасына қабағы қатулы пост жазды. «Зеленскийдің сұрауы бойынша АҚШ пен Еуропа елдері Украинадағы соғысқа қатысушы елдерге айналып барады. Бұл ақыр соңында өз халқын қорғау үшін Ресейдің әлдеқайда қуатты әрі жойқын қару қолдануына әкеліп соғады», – деді төраға. Мәскеуден айтылған бұл «ескертулерге» Стармер Вашингтонға ұшып бара жатқан жолда жауап қатты. BBC агенттігінің хабарлауынша, ұшақ ішінде қаумалаған көп журналистің ортасында қалған Стармер: «Бұл соғысты бастаған – Ресей. Украина жеріне басып кірген де – Ресей. Оны тез тоқтата алатын да – Ресей. Украина өзін қорғауға құқылы. Әрине, біз де Украинаның бұл әрекетін қолдаймыз. Бірақ біздің Ресеймен қақтығысатын ойымыз жоқ, ондай мақсат қоймаймыз» – деген.

Стармер мен Байден Ақ үйде кездесті. Түрлі форматта келіссөз өткізіп шыққан Ұлыбритания премьер-министрін табалдырықта журналистер күтіп тұрған еді. Бәрінің естігісі келгені белгілі – АҚШ-тың келісімі. «Байденді көндіре алдыңыз ба?» деген сұраққа Стармердің жауабы да дайын екен. «Біз, Байден екеуміз, жекелеген нәрсе туралы емес, жалпы, жаһандық мәселелер жөнінде сөйлестік. Тактикалық емес, стратегиялық тақырыптарды талқыладық. Оның ішінде Украина, Таяу Шығыс, Үнді-Тынық мұхиты аумағындағы мәселелер де бар», – деді Стармер. Байден журналистерге шықпады. Оның орнына Ақ үйдің баспасөз қызметі «Стармер мен Байден Украинаға тоқтаусыз көмек берудің маңызды екенін атап өтті» дейтін жұтаң хабарлама ғана таратты.

Бұл жауапқа журналистердің көңілі толмады. Қомсынып қалды көбі. Бақсақ, БАҚ қана емес, Ұлыбританияның саяси элитасы да күпті боп отырса керек. Елдің экс-премьер-министрі Борис Джонсон бастап, «бұрынғы қорғаныс министрі» деген атағы бар Грант Шэппс, Бен Уоллес, Гэвин Уильямсон, Пенни Мордонт и Лиам Фокс сынды тағы бес әскери тұлға қостап, The Times басылымы арқылы Стармерге үндеу жолдады. Джонсон «кібіртіктеуге негіз жоқ» десе, Уоллес «қорқақтаудың соңы Ресейдің басынуына әкеп тірейді» деген. Ал Уильямсон мен Шэппс Ұлыбританияның Украинаны қолдау жолында Еуропа елдерінен алда екенін айта келе Стармерді батыл болуға, АҚШ-қа жалтақтамай шешім шығаруға шақырған. Бұл үндеулерге НАТО әскери комитетінің бастығы Роб Бауэр де қосылады. Әскери жанжал туралы халықаралық құқық нормаларында кез келген елдің өзін қорғау үшін жаудың аумағындағы әскери нысандарды атқылауға хақылы екенін еске салған Бауэр Зеленскийдің сұрап отырғанын орынсыз емес деп білетінін айтқан.

Бұл мәселеде Еуропа Одағының ұстанымы бірдей емес. Украинаға қару-жарақ жеткізуде алдыңғы үштікке кіретін Германияның ұстанымы басқа. Канцлер Олаф Шольц немістің Taurus қанатты зымырандарын Киевке бермеген. Ол берген күннің өзінде оны Ресей жеріне атуға келіспейтінін ашып айтып келеді. Бұл ұстанымынан Шольц әлі таймаған. 14 қыркүйек күні канцлер «басқа елдер рұқсат етсе де біздің зымырандар Ресей аумағына қарай ұшпайды» деп анық айтты. Франция да SCALP (ұлыбританиялық Storm Shadow зымыранының франциялық нұсқасы – ред.) зымырандарының орыс жеріне түскенін қаламайды. Бірақ Эмманюэль Макрон Шольц сияқты емес, екіұштылау сөйлеп жүр. Бірақ соңғы мәлімдемелерінің бірінде «Орыстардың зымыран ұшыратын әскери базаларын жою үшін Украинаға рұқсат бергеніміз де жөн» деген.

Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига Путиннің сес көрсете сөйлеуі үйреншікті жайтқа айналғанына сенімді. X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіндегі парағына жариялаған жазбасында Сибига Путиннен қорқудың қажеті жоқ дейді. «Путиннің сесінде салмақ жоқ. Украинаның одақтастары оған берілмеуі керек. 2022 жылы көктемде ол Батыс Украинаға әскери көмек берсе оңбайды деп қоқан-лоқы көрсеткен. Қару берілді. Путин ештеңе істеген жоқ. НАТО-ның кеңеюіне де қарсы жауап беретінін айтқан. Бірақ Финляндия мен Швеция ұйымға кіргенде ол тағы да ештеңе істей алмады. Үнемі солай. Украинаға F-16 ұшағы келсе, қарымтасы қатты болатынын мәлімдеген. Ұшақтар келді. Путин тағы түк істемеді. Путин ылғи қара күшке тап болғанда кері шегінеді және онысын халқына әртүрлі түсіндіре береді», – деді Сибига.

15 қыркүйек күні америкалық СNN телеарнасына берген сұхбатында Украина президенті Владимир Зеленский де осы ойды қайталаған. Зеленский осы айдың соңына қарай АҚШ-қа баратынын, сол сапарында президент Джо Байденге, вице-президент Камала Харрис пен экс-президент Дональд Трампқа Ресейді жеңудің жоспарын таныстыратынын айтқан. Бұл үш адамның жөні түсінікті. Украинаның тағдыры алдағы бірнеше айда Байденге, ал келесі төрт жыл Харрис пен Трамптың біріне тікелей байланысты.

Айгүл Баба

Тегтер: