Қарағанды қырықтан асқандарға қырын қарайды

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

08.11.2021, 08:47

585

Қарағандыда қырықтан асып, елуді еңсерген білімі жоғары, кәсіби тәжіребиесі мол адамдар арасында жұмыс іздеушілер жылдан жылға ұлғайып келеді. Оны айналамыздағы бейтаныс жандардан жиі естиміз. Құрбыларымыздың арасында да кәсіп таппай күйзеліп жүргендер бар. Қазақстан қоғамының барлық саласында жұмысқа жастарды көптеп тарту қарқын алғалы, өңірде қырықтың қырқасына шыққандар мен елуге аяқ басқандар абдырап қалды. Әсіресе жұмыс берушілер тарапынан жас ерекшелігіне байланысты аражікке бөлу ерекше байқалады.

Мамандығы есепші Дина Ермекова екі қолға бір кәсіп іздегеніне 5 жыл болған. Әкімдіктен бастап, коммуналдық қызмет саласының мекемелерін адақтап шыққан. Кейбір маманға зәру ведмостводағы «дөкейлері» оның мысын сан қайтарған.

– Бір аңғарғаным, басшылар бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай: жылпос, суайт. Кабинетіне кіргенде адал адамның кейпін танытып парасатты шешім айтады да, есіктен шыға бере уәдесінен тайқып шыға келеді. Араға күн салып кадр бөлімінен хабарын сұрасам: «Ұжыммен ақылдаса келе, жас кадр алуды шештік», – деп тауымды шақты, – дейді жұмыссыз келіншек.

– Қарағанды университетінің филология факультетін бітірдім. Қолыма диплом алғаннан кейін журналист болғым келді. Біраз уақыт қалалық жекеменшік газеттер пен радиода қаламақыға жұмыс істеп жүрдім. Айлығым шайлығыма жетпейтін қаражат жүріп-тұруымды ақтамады. Арагідік облыстағы бұқаралық ақпарат құралдарына барып өтінімді тастадым. Бірақ ешқайсынан шақырту түспеді. Босаған орынға жастарды алғанын естимін. Жергілікті жердегі жұмыспен қамту орталығында 3 ай тіркеуде тұрдым. Ондағылар әдеттегідей мамандығыма сай, қалауымнан шығатын жұмыс тауып бере алмады. Ақыр аяғы, амалсыздан желілік маркетингтің біріне кірдім. Менің ойымша, қырықтан асқандарға үміт аз. Негізі біздің аймақтағы жұмыс ұсынушыларға: «Қырыққа жеткендер мен елуді еңсергендер жұмысқа қабылданбайды», – деген елден ерек заң қабылдау керек-ау, – дейді Жоламан Жанболат.

Рас, Қарағандының сүбелі салаларында он, ол аз десеңіз, он бес жылдан ұзақ тапжылмай отырған басшылар бар. Монархиялық биліктің қамытын киген кәнігі шенеуніктер кәсіби мамандарды қызметке алуға түпкілікті қарсы. Орын тағын тоздырған болаттай бастықтар маңына тәжірибесіз жастар мен қауқарсыз зейнеткерлерді жинауды әдетке айналдырған.

– Жасым-45-те. Маған жұмыс табу – өте үлкен проблема. Ал табыла қалса, нағыз сәттілік! Біздің қалада тәжірибелі қызметкерлерге неге құрмет жоқ, жастар неге жақсы? Алты жылдан бері жұмыс таппай қажыдым. Жоғары білімді әлеуметтанушымын. Бос жұмыс орындарына түйіндемемді жіберемін. Барлық жерден жас шегі 40-45 ке дейінгі кадр керек деген жауап аламын. Қазақстанда заң жүзінде мұндай талапқа тыйым салынған. Бірақ «қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» деген жүйе орнатқан шенеуніктер заңды көпе-кернеу өз ыңғайларына қарай бұрып алып отыр, – дейді қала тұрғыны Марат Ақан.

Қоғамды кері тартып тұрған ойы оспадар, білімі таяз, сөзі жалаң лауазымын қартайтқандар бұқараның көзіне сүйелдей көрінгенімен, әкімдердің алдында сүйкімді бейнеге еніп келеді. Психолог Арайлым Әлімбаева: «Бір орында ұзақ отырған басыбайлы бастықтардың жұмысында креативті ой, жетістік жоқ», – дейді.

Қалай десек те, қызмет орнын қаққан қазықтай қажытқан Қарағандының «қарт басшылары» бүгінгі космополитизмге бейім «Z» ұрпаққа кіндігі байланғандай. Айтпақшы, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы өңірде жұмысыздардың жас ерекшеліктері жайлы сараптама жасалмайтынын алға тартты. Басқарманың берген ақпаратына қарағанда, облыста 6632 адам еңбек нарығына сұраныс білдіріп отыр. Ал жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіштін қиналмай табуға болады. Сонда жоғалған ұрпақ санатына енген қырықтағылар дарынсыз, елудегілер қарымсыз болғаны ма?

Тегтер: еңбек нарығы жұмыс беруші мәселе тергеу тексеру

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 17:45
Шиелі ауданында 3297 жаңа жұмыс орны ашылды
Сайт әкімшілігі 16:19
Шиелі ауданында 3297 жаңа жұмыс орны ашылды
Бифат ЕЛТАЕВА 12:21
Ғибраты мол байқау
Сайт әкімшілігі 08:37
Павлодарда лак-бояу өнімдері қоймасында алапат өрт болды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 13:30
Қарағандыда тағы бір ферроқорытпа зауыты ашылды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 12:16
Жезқазған ақыны Қарағандыда өткен республикалық айтыста Бас жүлде иегері атанды

Аңдатпа


  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30