Құқық қорғаушылар халықты қанауды қояр емес

Полицейлердің сатушыларда қандай өші бар?

Мариям МАКСАТ

16.03.2021, 09:10

663

Біздің елде кейбір шенді-шекпенділердің қолына билік берілсе болғаны –  білгенін істеп, біреудің қалтасын қағып, өзінің қалтасын қампайта бастайды. Дәл бір қанға сіңген «қасиет» дерсіз. Қазіргі заманда қоғамдық тәртіпті сақтауы тиіс полиция қызметкерлерінің кейбірі өздері сол тәртіпті бұзатыны ешкімді таңғалдырмасы анық. Тіпті кейде шектен шығып, заңды белшесінен басып, неше түрлі қитұрқы әрекеттерге барады.

Бұл ретте Павлодар облысындағы жергілікті полиция қызметі мен дүкен иелері арасындағы дау-дамайға ерекше назар аудармасқа болмас. Биылдан бастап кейбір тәртіп сақшылары табыс табудың жаңа амалын тапты. Дәлірек айтқанда, жеткіншектерді сауда орындарына қасақана жіберіп, оларға алкоголь өнімдерін алдыртады. Сол сәтте сауданың үстінен топ етіп түсіп, айыппұл жазуға бекінеді. Не болмаса бармағын басып, көзін қысып, хаттама толтырмай, жылы жауып қою үшін белгілі бір сома сұрайды. Мұндай бассыздыққа әбден «тойған» кәсіпкерлер жанайқайын әлеуметтік желілер арқылы білдіре бастады. «21 жасқа толмағандар оларға алкоголь өнімдері сатылмайтынын жақсы біледі. Сондықтан көбіне үлкендерге өтініш жасайды. Сонда да учаскелік полиция қызметкерлері бозбалаларды дүкенге әдейі жіберіп, сыра не басқа бір өнім сатып әкелуді тапсырады. Олардың мұндай әрекеттері заң аясына да, әділдікке де жатпайды», –  деп жазды екібастұздық кәсіпкерлердің бірі.

Оның сөзін өзгелер де қостады. Бірақ шындықты айтқаны үшін сатушылардың өздерінің басы бәлеге қалды. Облыстық полиция департаментінің өкілдері оларға жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын анық аңғартты.

Ал кәсіпкерлердің сөзіне қарағанда, тәртіп сақшыларының қитұрқы құрық құратыны шындық. Тіпті дүкен иелері өздерінің тексеру амалдарын жүргізіп, біраз нәрсенің бетін ашқан екен. Мәселен, кәсіпкер Қадырбек Ыбыраев жалған сатып алушыларды жіберетін полиция қызметкерлері жеке жетондағы бейнелерді монтаждап, жоқ қылатынын алға тартты. Яғни жеткіншектермен келісу, оларды дүкеннен күтіп алу сынды іс-әрекеттер бейнеленген жазбаларды жойып жіберетін көрінеді. Десе де, бизнес өкілдерінде тәртіп сақшыларының заңсыз әрекеттерін айғақтайтын басқа деректер бар.

— Мәселен, құқық қорғаушылар дүкенге жіберген сатып алушылардың бірі – ішкі істер министрлігіне жұмысқа тұру үшін құжат жинап жүргендердің бірі. Ол учаскелік полиция қызметкерінен мінездеме алуы үшін сатушыны алдауға келіскен екен. Тағы бір сатып алушы  – полиция қызметкерінің өзі. Бірақ оны хаттамалардан «сатып алушы туралы мәлімет анықталған жоқ» деген желеумен алып тастады. Құқық қорғаушылар тарапынан осындай заңсыз әрекеттер жетіп-артылады, –  дейді Қадырбек Ыбыраев.

Заңсыз әрекет демекші, таяуда полиция қызметкерлерінің бірі дүкенді тонамақ болып, сатушыға қару кезегені тағы бар.  22 жасар тәртіп сақшысының азық-түлік дүкенін тонамақ болған сәті бейнекамераларға жазылып, кейін әлеуметтік желілерде тарап кетті. Айта кету керек, сатушы студент қыз медициналық маска киген тонаушыдан қаймыққан жоқ. Тапаншасы бар тонаушыға қарсы тұрып, оны сауда орнынан қуып шықты.

Кейін белгілі болғандай, қала іргесіндегі сауда орнынан ақша жымқыру сәтсіз аяқталған соң, полиция өкілі тағы бір дүкенге ұрлыққа түскен екен. Мұнда айласын асырып, кассадан 120 мың теңгені қолды еткен. Содан соң оны өз әріптестері тұтқындады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. «Жасаған қылмыстық әрекеті үшін Павлодар станциясы желілік полиция бөлімінің кіші сержанты ұсталды. Ол ішкі істер органдарында тек бір жыл жұмыс істеді. Тергеу амалдары жүргізілуде», – деп хабарлады ішкі істер министрлігі көлік департаментінің баспасөз қызметі. Енді экс-полицей 3 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Полиция қызметкерлері осындай бассыздықтарға барып, қарапайым халықты қыспаққа алған тұста тәртіп сақшыларына қалай сенім артамыз? Олар біздің құқығымызды қорғаудың орнына аяққа таптап жатқан кезде кімнен қорған күтеміз? Мұндай мәселелерге билік назар аударып, тиісті тапсырма бермесе, жағдайдың түзеле қоюы екіталай. Ал әрі қарай да көз жұма қараса, талай сатушы, кәсіпкер, қатардағы тұрғын шенділердің «жемтігіне» айналмасына кім кепіл?!

Тегтер: полиция жауапкершілік әкім. облыс

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 16.04.2021, 14:45
"Зорлау фактісін біле тұра жасырған" - мектеп директоры сот алдына келді
Мариям МАҚСАТ 16.04.2021, 10:32
«Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
Нұрболат ӘЛДИБЕК 16.04.2021, 10:01
«Өз еркіңмен қызметіңнен кет деп жатыр»
Бақытжан ӘБДІРАШҰЛЫ 15.04.2021, 11:50
«Солтүстікке көшсек» дегендер жетерлік
Тілек ҚАЙЫРБЕКҰЛЫ 14.04.2021, 20:36
Жасыл экономика сән бе, әлде қажеттілік пе?
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 14.04.2021, 09:16
Құба даланы бұғаттағандарға бұғалық неге салынбайды?

Аңдатпа


  • «Қабырғасы құлай ма» деп қорқамыз»
    16.04.2021, 10:32
  • 20 жыл тұрған баспанамыздан қуып жатыр (видео)
    15.04.2021, 12:06
  • Қонаевқа неге соқтыға береміз?
    14.04.2021, 09:08
  • Дағдарысты ауылдан жауап
    09.04.2021, 08:46
  • Жылқы бағып, мотоцикл мінген әзиз әжелер
    08.04.2021, 14:24