Суы мен жолы, мектебі мен емханасы жоқ Сабалақ

Өркениет игіліктерінен ада ауыл тұрғындары қайтіп күн көруде?

Нұр-Қасым ЖОМАРТ

22.09.2020, 10:50

1855

Қызылорданың іргесінде, Шіркейлі мен Жаңадария өзендерінің бойында Сабалақ атты елді мекен бар. Ертеректе саяжай болғанымен, бүгінде іргесі бүтін ауыл. Қос каналдың бойында орналасқан соң ба, тал-терегі де өзгерек.

Мұнда  ресми емес деректер бойынша 12-15 мыңға жуық адам тұрады. Бірақ осыншама халық тұрғанымен, ауылда мектеп, емхана, жарық не болмаса жөні түзу жол да жоқ. Жергілікті тұрғындар болса елді мекеннің экономикалық ахуалын айтпай-ақ, әлеуметтік күйінің өзінен жандары егіледі. Өйткені ішер суға, жағар газға, керек десеңіз, ауыл ортасындағы жалғыз тас жолға қарап қалған. Жай-күйдің күйігі «тұрмыс билеген заманда» жан ауыртарлық. «Ал келімді-кетімді көп әкімдер жыл сайын сырғытып беретін уәделерінен бір таймайды» дейді ауыл тұрғындары.

 Осылайша қаланың заманауи келбетіне етегінде отырып тамсанып, өздері болса өркениет игілігін көре алмай отырған сабалақтықтардың айтар уәждері де, жоғын жоқтар мұңы да мың сан құлаққа жетердей.

Хош, сонымен, жергілікті тұрғындар не дейді?

«Ауызсуды қостық» деп, өтірік ақпар беретін шенеуніктерден шаршадық» деген тұрғындар мәселені тіршілік нәрінен бастады.

– Суды Шіркейлі каналынан ішіп отырмыз. Сапасын көріп отырсыңдар. Қоқымы көп болғасын сүземіз, сосын тұндырамыз, одан соң тамаққа да, ішуге де, кір жууға да пайдаланамыз. Қыста мұз оямыз деп жүріп, аяғымыз суға да түсіп кететін кездеріміз болады, – дейді  ауыл тұрғыны Қарлығаш Алматқызы.

«Елді мекенге былтыр көктемде ауызсу құбыры тартыла бастаған-ды. Бірақ басталды да, арты сиырқұйымшақтанып кетті» дейді тұрғындар.

– Суды баспа құдықпен амалдап ішіп отырмыз. Моторды ұрлап кетті. Ұрылар мотор түгіл, качалка құдықтарды да алып кеткен. Жұрт не істейді, сосын. Амалсыздан каналдан ішеді, – дейді зейнеткер Қыдырәлі Нағыметов.

– Ауылда үлкен бір-ақ жол бар. Маршрут тек осы көшемен ғана жүреді. Шетте тұратындарға тіпті обал. Ең болмаса осы жолды ауылды айналатындай етіп қойса, маршрут та солай жүрер еді ғой. Жарықты бастады да тастады. Жол да, су да, жарық та, екі каналдың ортасында тұрып аяқ су да жоқ. Мектеп пен емхана – ол да жоқ. Мектепке балалар тасымал автобуспен қатынайды. Медпункт бар. Биыл фельдшер әкелді. Бұрындары дәрігер мен жедел жәрдем болды. Дәрігер кетісімен, жедел жәрдем қоса кетті. Осында тұрып жатқаныма 10 жылдан асты. Әлі сол проблема шаш етектен, – дейді ашынған ақсақал.

Қызылордаға қарасты елді мекендер көгілдір отынмен қамтамасыз етілсе де, Сабалаққа ондай «бақыт» бұйырмаған. Ауылда баллондағы сұйытылған газды көлігі барлар ғана әкеледі. Көлігі жоқтар жерошаққа ас-ауқатын дайындауға мәжбүр.

– Газ жүргізуге уәде бергеніне алты жыл болды. Қазіргі уақытта газ тасымалдау өте қиын. Газ әкелетін машиналарды да таба алмаймыз. Газ болмаған кезде ошаққа дайындаймыз. Көпшілік осылай дайындайды. Біз бұған үйреніп те қалдық. Келіндеріміз «түк жағдай жоқ» деп, балаларымызды алып, қалаға кетіп қалды. Мысалы, мен жалғыз өзім тұрып жатырмын. Ендігі жерде біздің талабымыз, тілегіміз – су мен газ, жарық, – дейді кейуана Мағуфурат Мадиярова.

Ашынған тұрғындар ереуілге де шықпақ болыпты. Дегенмен жергілікті биліктің берген уәдесіне сенген.

– Көктемде 200-ге жуық көпбалалы ана төзімдері таусылып, наразылыққа шығуға дайын болдық. Алайда жергілікті билік екі ай ішінде әр үйге су кіргізіп, көше шамдарын жағуға, қысқа қарай ауылды газбен қамтамасыз етуге уәде берді. Сол уәдемен біз 5 мамырдағы наразылықты тоқтатқанбыз. Мына халық қазір ашынып тұр. Еш нәрсеге тоқтайын деп тұрған жоқ. Бірақ содан бері шенеуніктердің ешқайсысы Сабалаққа бас сұққан емес. Сол екі ай уәдені алып берген мен қарабет болып тұрмын, –  дейді көпбалалы ана Гүлсәнім Әукенова.

Ал жергілікті билік өкілдері Сабалақ тұрғындарын ауызсумен толық қамтамасыз ету жыл соңына дейін немесе келер жылы аяқталатынын айтады. Онда да жергілікті бюджеттен қаржы толық шешілсе ғана.

– Биыл Сабалақ саяжайының көшелеріне ауызсу жүйелерін жүргізуге жобалық-сметалық құжаттар дайындалып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. ЖСҚ бойынша Сабалақ саяжайының көшелеріне сыртқы ауызсу жүйесі, тұтынушыларға дейін құбыр тарту жұмыстары жүргізіледі. Дегенмен де бастапқы қаржы бізге толық келген жоқ. Облыстық бюджеттен қаржы бөлінген жағдайда биыл жыл соңына дейін аяқталады деп межелеп отырмыз, – дейді бұрынғы Тасбөгет кентінің әкімі, бүгінде қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Пәкуаддин Шамұратов.

«Қызылордада бұл күйді кешіп отырған жалғыз Сабалақ емес, қалаға қарасты Эдельвейс, Өркендеу саяжайларының да жағдайы осындай», – дейді Ағайша Нұрғалиева.

– Тұратын жерімізде су, газ жоқ. Қызылорданың бүтін көшелерін бұзып, қайта-қайта жөндеу жүргізе бергенше, қай жерде жағдай дұрыс емес, соны көріп, халықпен есептесетін кім бар деп отырмыз, – дейді тұрғын.

Бұл мәселеге орай, Қызылорда қаласының әкімдігі былайша мәлімдеді:

«Эдельвейс» саяжайындағы инфрақұрылымды дамыту мақсатында малта тасты жол құрылысы, ауызсу және электр жүйесін жүргізу мақсатында жоба іздестіру жұмыстары жүргізілді. Құрылыс бөлімі тарапынан ауызсу, тас жол, электр жарығы жүйесі құрылысын жүргізу мақсатында жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге тиісті мекемеге бюджеттік өтінім жолданды. Жұмыстар бюджеттен қаржының бөлінуіне қарай кезең-кезеңімен жүргізіледі. Осы бағыттағы жұмыстардың жүргізілуі қала әкімінің қатаң бақылауында екенін жеткіземіз», – делінген мәліметте.

Қала іргесіндегі «Сабалақ», «Эдельвейс», «Орбита», «Арай», «Болашақ» саяжайлары 2019 жылы бас жоспарға түзетулер енгізу жобасы бойынша Қызылорда қаласының құрамына енгізілген болатын. Бас жоспарға сәйкес, елді мекендер мәселелері кезең-кезеңімен шешілмек. Ал әзірге мұңдағы тұрғындар өркениеттен тыс өмірлерін жалғастыра бермек.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 19.10.2020, 17:05
Дүниежүзілік банктен гуманитарлық көмек келді
Сайт әкімшілігі 18.10.2020, 17:12
«Бадамда» инфрақұрылым мәселесі шешімін табуда
Сайт әкімшілігі 18.10.2020, 17:10
Шымкентте «Ойлы болсаң, озып көр» байқауы өтеді
Сайт әкімшілігі 18.10.2020, 16:56
Шымкентте жаңа жолаушылар терминалы салынып жатыр
Сайт әкімшілігі 18.10.2020, 16:55
Жастарға арналған денсаулық орталығы жұмыс істейді
Сайт әкімшілігі 18.10.2020, 16:52
Биыл 19 ауыз су нысаны пайдалануға беріледі

Аңдатпа


  • Мақаншыда «қинау» фактісі бойынша ауыл тұрғыны полиция қолынан қаза тапты (видео)
    19.10.2020, 15:16
  • Ашық хат
    15.10.2020, 10:44
  • Билік жұртта қалған елу отбасыны көшіре алмай отыр
    15.10.2020, 10:38
  • Біржақты қарамайық...
    15.10.2020, 10:30
  • Жетім бала елге аманат
    13.10.2020, 10:33