Түгіскенде шынашақтай спорт саңлақтары шыңдалуда

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

18.11.2021, 11:30

420

Елдің абыройын асқақтататын да, жігерін құм ететін сала – спорт екені аян. Бірақ қазақ оны тілге салғанымен, әлі де санаға қондырмай келеді. Осылай деуімізге жазда Токионың төрінде өткен әлемдік олимпиаданың бізге таттырған ащы сабағы дәлел. Қалай десек те, реформасы көп саланың реңі солғын тартқанына көз жетті. Болар іс болды, бояуы сіңді. Енді өкінішке ұрындырған істен сабақ алып, амал-әрекет жасау міндеті тұр. Осыны меңзеген президент жауаптыларға жаңа тапсырма жүктеді. Анығын айтқанда, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортты дамытудың кешенді бағдарламасын қабылдау қажеттігін жариялады.

«Барлық жастағы тұрғындарға бұқаралық спорт түрін насихаттау керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымының барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Оның басында чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз», – деді президент.

Дегенмен, осы сипаттағы жасампаз жұмыстар аядай ауылда жарнамасыз жүргізіліп жатыр. Мәселен, Жаңаарқа ауданының Түгіскен ауылдық округінде осындай оңды бастаманың қолға алғанына 4 жылдың мұғдары болған. Халқының саны небәрі 2154 адамды құрайтын шағын елді мекенде қарсыласына қамшы салдырмайтын, жолбарыстай қайратты жасөспірімдер өсіп келеді. Өрендердің ойға алған арманын орындауға жергілікті кәсіпкер Қайрат Көпбаев мұрындық болған. Ауыл меценатының есімін иеленген спорт кешенінде 45 балғын қазақша күрес, бокс және дзюдо саортының қыр-сырын меңгеруде. Сайдың тасындай іріктелген арыны мықты, талантты жасөспірімдердің 11-і – спорт шеберлігіне үміткерлер. Келешегінен үкілі үміт күттіретін өрендерді кәсіби маман Халиолла Әбенов жаттықтыруда.

– Кәсіпкер ініміз салып берген ғимарат құтты болып тұр. Кешеннің сыйымдылығы да көңілге қонымды. Ұзындығы – 36 метр, ені 12 метрді құрайды. Осынау мүмкіндікке қол жеткізген шәкірттерім спорттың бір түрімен шектелмей, осынау өнердің өзге саласын жан-жақты меңгеруде. Атап айтқанда, біздің кішкентай сұңқарлар гандбол, баскетбол, волейбол ойнап, өз қабілеттерін шыңдап жүр. Шағын футболға ғимараттың 24 метрін қалдырдық, 12 метр аумақты күреске белгіледік. Жоспарға сәйкес, енді дзюдо күресін қоғамдық негізде өткіземіз. Ал кешке қарай осы араға ауыл жастары жиналып, волейбол, шағын футбол ойнайды, – дейді самбодан қазақ күресі бойынша КСРО спорт шебері Халиолла Әбенов.

63 жастағы атақты спорт жаттықтырушысы шәкірттерінің жеңісін тізбелеуді бізге қалдырды. Оғлан спортшының жас ізбасарларының он бірі – күрестен, біреуі – дзюдодан Қазақстан құрамасына үміткерлер санатында. Танымал қарт бапкердің алдыңғы шәкірттерінің бірі қазір ұстазымен ауыл жасөспірімдерін байрақты бәсекеге дайындауда.

– Өзім 2019 жылы Моңғолияда болған Азия чемпионатында, одан басқа халықаралық және республикалық жарыстарда жүлделі орындарды иемдендім. Енді сол тәжірибемді өзімнің болашақ мұраттастарымның бойына дарыту үстіндемін. Осы уақыт аралығында он шәкіртім күрестен спорт шебері дәрежесін қорғады. Бірнешеуі облыстық, республикалық жарыстарда жүлдегер атанды, – дейді «Қайрат» жасөспірімдер спорт кешенінің бапкері, күресші Нариман Ахметжанұлы.

Түгіскен ауылы да асыл текті спортшыларды түлететін киелі мекенге айналғалы тұр. Бұған «Қайраттың» қырандай айрықша қанаттанған дегдар шәкірттерінің бүгінгі аяқ алысы айғақ.

Тегтер: спорт футбол хоккей ақпарат дерек ұйымдастыру

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Сайт әкімшілігі 17:45
Шиелі ауданында 3297 жаңа жұмыс орны ашылды
Сайт әкімшілігі 16:19
Шиелі ауданында 3297 жаңа жұмыс орны ашылды
Бифат ЕЛТАЕВА 12:21
Ғибраты мол байқау
Сайт әкімшілігі 08:37
Павлодарда лак-бояу өнімдері қоймасында алапат өрт болды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 13:30
Қарағандыда тағы бір ферроқорытпа зауыты ашылды
Сайт әкімшілігі 26.11.2021, 12:16
Жезқазған ақыны Қарағандыда өткен республикалық айтыста Бас жүлде иегері атанды

Аңдатпа


  • "Жас Алашқа" жазылуды ұмытпаңыз!
    23.11.2021, 10:20
  • Қайта түлеуге қадам басқан Майқұдық
    22.11.2021, 14:03
  • «Жас Алашты» ауыл кітапханасына жаздырып бердім
    16.11.2021, 10:00
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    26.10.2021, 11:14
  • «Ақиқаттың алдаспаны» байқауына қатысыңыз
    19.10.2021, 10:30