Жиенбет ауылына жаңа мектеп қашан салынады?

Нұрболат ӘЛДИБЕК

14.06.2022, 12:00

1636

Шу ауданындағы Қорағаты ауылдық округіне қарасты Жиенбет ауылының тұрғындары жиырма жылдан бері жаңа мектеп салып беруді сұрап,  бармаған жері, қақпаған есігі қалмапты. Соңғы он жылда өтініш-шағымдарын айтып, «ауданға алпыс, облысқа отыз» бардық деген ауыл тұрғындары алғашында әкімдерден «келер жылғы жоспарға кіргізіп қойдық» деген жауап алғанда «бір жылға қоянның терісі де шыдайды» деп үлкен үмітпен күткен. Бірақ «келесі жылы» деумен осы он жылда ауданда 7 әкім ауысты дейді жиенбеттіктер. Шудың жаңа әкімі Сәкен Арубаев та көктемде ауылға келген сапарында «жаңа мектепті келесі жылы салып береміз, күтіңіздер» деп кетіпті. Мұндай уәдені жеті әкімнен естіген жиенбеттіктер «келер жылы деп Арубаев та алдаусыратып, өзінен кейінгі әкімге «аманаттап» кетпесіне кім кепіл?» дейді.

— Қырқына шыдаған ағайын қырық біріне де шыдаңдар, келесі жылы мектеп қаржысын қарастырамыз, – деп жақында болған аудан әкімінің есеп беру жиналысында жаңа әкім Сәкен Арубаев уәде берді. «Келесі жылы» дегенді келіп-кеткен әкімдердің бәрі айтушы еді. 2010 жылдан бері естіп келе жатқан бұл жауапты жаттап алдық. Бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай, бәрінің айтатын әуені бір болып тұр. 550-ден аса  тұрғыны, 120 оқушысы бар ауылымыздың өркениет көшінен қалып, 60 жыл бұрын салынған саман үйді мектеп қылып отырғаны жанымызға батады. Қосымша бұрынғы кеңес заманынан қалған медпункт, жекеменшік үйлерді ыңғайластырып мектеп қылып ілдебайлап отырғанымызға 30 жылдан асыпты. Болашағымыз балаларымыздың  заманауи соңғы үлгідегі мектеп үйінде оқып, білім алғанын қалаймыз. Мектеп заман талабына сай болмағандықтан, ауыл тұрғындарының шамасы жеткендері балаларын аудан орталығындағы, қаладағы туған-туыстарының үйлеріне жатқызып, оқытып жүр. Егер жаңа мектеп соғылып жатса, оқушы саны қазіргіден көбейетіні анық. Ауылымызда балабақша да жоқ.  Бірақ жаңа мектеп салынса, бір бөлігін бүлдіршіндерге арнап, бұл мәселе қосыла шешілер еді, – дейді Жиенбет ауылының тұрғыны, зейнеткер қария Құрманбек Қамзаев.

Ал 74 жастағы Тілеуқұл Қарабаев қария осы мектеп-үйде мен оқығанмын. Бұл тамның жағдайын осыдан-ақ біліңіз деп қысқа қайырды. Ал Мэлсбек Оспанов қария жаңа мектеп соғып беруді сұрап, жиырма жылдан бері ауданға келген әкімдердің талайының есігін тоздырдық, айтып-айтып шаршадық деді. Келген әкімнің бәрі «құжатын жасап жатырмыз», келесі жылы қазығын қағатын боламыз деп арқамыздан қағып шығарып салады. Келер жылы барсақ, орнында басқа әкім отырады. 10 жылда 7 әкім ауысыпты. Әйтеуір, соңғы кезде ауданымызға әкім құтаймайтын болды, – дейді Мэлсбек қария.

Ал аты-жөнін газет бетінде көрсетпеуін өтінген ұстаздар жағы «Оқушыларымыздың ХХІ ғасырда мынандай мектепте оқып жатқаны қынжылтады. Заманауи, қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған, қауіпсіз білім ошағы салынуды сарыла күтіп келеміз», – деп күйініштерін жасырмады.

Бұл ауылдағы мектеп 9 жылдық болған соң 10-11-ші сынып оқушылары көрші ауылға барып оқиды. Көлігі бар ата-аналар болмаса, жиенбеттік бүлдіршіндер балабақшаға да бармайды екен. Өйткені аудан шенділері тым құрығанда көрші ауылдағы балабақшаға апарып, әкелетін тасымал мәселесін де шешіп бермепті. 

Ауылда интернет байланысы да өте нашар. Қайбір жылы онлайн оқу болғанда кейбір оқушылар сабақтарын мешіттің 21 метрлік мұнарасына шығып оқыпты. Айта берсе, Жиенбет ауылында бұдан басқа да мәселе шаш-етектен болып тұр...

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылы Қазақстан халқына арнаған жолдауында 2025-ші жылға дейін 1000 мектеп салу туралы тапсырма берілгені белгілі. Бұл ретте Жамбыл облысында 85 мектеп салу жоспарлануда. Кеткен әкімді кінәлағанымыз емес, бірақ бұрынғы облыс басшысы Б.Сапарбаевқа «85 мектептің біреуі бізге бұйырса екен деп» айтқан өтінішіміз жауапсыз қалды, – дейді 60 жыл бұрын салынған саман үйді мектеп қылып отырған жиенбеттіктер.

Жиенбет ауылынан қайтуға жиналғанымызда ауыл қариялары «Жамбыл облысының жаңа әкімі Нұржан Нұржігітов Шуға келген сапарында ауылымызға арнайы ат басын бұрса, мектебіміздің жайын өз көзімен көрсе...», – деген өтініштерін жеткізуді сұрады. Үмітсіз шайтан демекші, кім біледі, мүмкін сол кезде расында, келер жылы ауылымызда жаңа мектеп бой көтеретін шығар, – дейді ауыл тұрғындары.

Тегтер: мектеп білім шара

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Арайлым ЕРКЕБАЕВА 15.08.2022, 09:05
Діннен тірек таба алмай адасқандарға ақпараттық түсіндіру тобы көмекке келуде
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 10:21
Қарағанды облысында жол-көлік апаты салдарынан үш адам қаза тапты
Сайт әкімшілігі 12.08.2022, 08:51
ШҚО-да қарттар үйінің лауазымды тұлғалары 7,4 млн теңге жымқырған
Бифат ЕЛТАЕВА 11.08.2022, 16:56
Жас таланттарды анықтайтын жоба
Сайт әкімшілігі 11.08.2022, 15:06
Қостанайда балабақша тәрбиешісі үш жасар бүлдіршіннің сүйегін сындырған – министрлік
Сайт әкімшілігі 11.08.2022, 10:22
Қазақстанның бірқатар өңірінде бейсенбі күні бұршақ аралас жаңбыр күтіледі

Аңдатпа


  • "Төбесі құлап жатыр". Талғарда 3 миллиард теңгеге салынған мектеп төңірегінде дау туды
    15.08.2022, 08:58
  • Қасақана өртеді: Тараздағы әскери бөлімдегі жарылысқа қатысты тың дерек шықты
    12.08.2022, 08:47
  • «Үйдің жыртығын жамау мүмкін емес»: Елордада 50 жыл болған жатақхана құлағалы тұр
    11.08.2022, 09:04
  • Смайыловтың Президентке ұсынған болжамы дөп келе ме?
    10.08.2022, 09:37
  • «ЭКСПО-2017»: Миллиардттарға салынған мақтаулы нысандар су астында қалды
    09.08.2022, 08:49