Жолдың сапасы жақсарады

Түркістан облысында биыл осы бағытта ауқымды жобалар қолға алынуда

М.СӘУЛЕБЕК

08.05.2021, 09:23

1233

Естеріңізде болса, қайбір жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен  жол сапасына тиісті бақылау жасамағаны үшін біраз басшылардың қызметінен алынғаны белгілі. Мемлекет басшысының қатаңдау шараға баратындай да жөні бар. Себебі Қазақстан жолдың сапасы жағынан әлемдік рейтингте ортадан төмен орын алып отыр. Жол құрылысына бюджеттен бөлініп жатқан қаржы қомақты, бірақ сапасына қатысты айтылып жүрген сын да аз емес.

   Түркістан облысында биыл «жақсы» және «қанағаттанарлық» деп бағаланатын жолдардың үлесі 81 пайызға дейін көтеріледі. Осы бағытта облыста бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асуда. Мұндай мәліметті жуырда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен мәжілісте айтылды.

Түркістан облысындағы жолдардың жалпы ұзындығы 18 мың шақырымды құрайды. Өткен жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының «жақсы» және «қанағаттанарлық» жағдайдағы үлесі 74,1 пайыздан 79 пайызға жоғарылады. 2020 жылы 900-ге жуық не 2000 шақырымға жуық автомобиль жолдары қамтылды.

Биыл өңірде құрылыс-жөндеу жұмыстарымен 400-ге жуық нысан немесе 1250 шақырымдай жолдар мен елді мекен көшелері қамтылады.  780 шақырымнан астам жол пайдалануға беріледі. Нәтижесінде облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының «жақсы» және «қанағаттанарлық» жағдайдағы үлесі 79 пайыздан 81,4 пайызға дейін артады деген жоспар бар. Мәжілісте облыс әкімі тарапынан жол сапасын арттыруға қатысты бірқатар тапсырмалар берілді. Жыл сайын жолдарды жөндеуге қаржының тұрақты бөлінуі және жолдарды жыл бойына күтіп ұстауға жеткілікті қаржы қарау тапсырылды. Сондай-ақ жөндеуден өткен жолдарды мерзімінен бұрын бұзылуын болдырмау үшін ауыр салмақты жүк көліктерінің қозғалысын реттеу де қарастырылуда. Өмірзақ Шөкеев облыс үшін маңызды Шымкент, Түркістан, Сарыағаш айналма жолдарының құрылысын бастау бойынша  индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен тиісті жұмыстар жүргізу қажеттігін айтты.

Соңғы жылдары жол құрылысын жүргізетін мекемелердің жұмысы қатаң қадағалануда.  Былтыр құрылыс-монтаждау жұмыстарын атқару кезінде кемшіліктерге жол бергені үшін мердігер, техникалық және авторлық қадағалаушы мекемелерге айыппұлдар салынды. Ескертулер беріліп, 58 мың шаршы метрден астам асфальт жамылғысы, 6,2 шақырым жол негізі бұзылып, қайта салынды. «Сапалы жол – адалдық алаңы» жобасы аясында анықталған барлық ақаулар қалпына келтірілді.

  Сондай-ақ жуырда  «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ-ның Түркістан облысы филиалының директоры қызметіне жаңадан тағайындалған Ж.Бақтияр Түлкібас ауданына арнайы іссапармен барды. Сапар барысында Жамбыл Бақтиярұлына аудан әкімі Нұрлан Байғұт аудан аумағындағы республикалық маңызы бар жолдардың бүгінгі жай-күйімен таныстырып, Тастұмсық елді мекеніндегі су тасқынын алдын алу және басқа да түйіткілді мәселелер талқыланды.

Атап айтсақ, аудан орталығындағы Т.Рысқұлов көшесін кеңейтіп 4 жолақты қылу, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінен аудан орталығы бағытындағы жол торабының аумағын реттеп, Майтөбе және Жабағылы жол тораптарының аумағындағы түнгі жарықтандыру шамдарын іске қосу мәселесі айтылды. Бұл жұмыстарды атқаруды міндетіне алған әзірбайжандық «Эвраскон» мекемесі басшылығына біраз тапсырмалар берілді.

Филиал директоры Түркістан мен Жамбыл облысы шекарасындағы жерасты өткелінің құрылыс жұмыстарының бүгінгі жай-күйімен де танысты. Айта кетері, екі облыстың шекарасындағы жерасты жолы жеті жылдан бері жүргізіліп келеді. Бұған дейін мамандар ақпарат құралдары арқылы тоннель құрылысының биыл аяқталатынын мәлім еткен болатын. Тоннельдің жалпы ұзындығы – 840 метр. Ені –13, биіктігі – 9 метр. Ол Түлкібас ауданынан басталып, Жамбыл облысының аумағынан аяқталады.

– Жерасты жолы бұл жерге бекерден-бекер салынып жатқан жоқ. Бұл –  Күйік асуы секілді Батыс Еуропа–Батыс Қытай трассасының ең қауіпті тұсы. Тау жоталарының арасы үнемі азынап тұрады. Үскірік жел жеңіл көлік түгіл, ауыр техникаларды да бел ортасына дейін көміп тастайды. Тоннель осындай жол азабын жеңілдету үшін салынып жатыр. Тау ортасы болған соң, күрделі инженерлік-техникалық шешімдерді қажет еткен жағдайлар болды. Жерасты сулары шығып кетті. Төбесі опырылып құлады. Құрылысшылар сондай қауіп-қатерге қарамай, тоннель құрылысын жалғастыруда. Бұл Қазақстандағы теңдессіз әрі жалғыз жерасты автожолы болмақ, – дейді сала мамандары.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 11.06.2021, 11:11
Кім кінәлі?: Жауап берсін!
М.СӘУЛЕБЕК 10.06.2021, 17:45
Мегаполис бюджеті 2,7 есеге көбейген
Айтбала СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ 10.06.2021, 14:13
Бір дүкеннің маңынан үш күннің ішінде екі мәйіт табылды
Мариям МАҚСАТ 10.06.2021, 12:04
«1 млрд теңгелік ескерткіштің ар жағынан жемқорлық «қылтиып» тұр»
Сайт әкімшілігі 08.06.2021, 16:45
Елордада 49 мектеп аралас тілде, 34 мектеп қазақ тілінде білім береді
Миуа БАЙНАЗАРОВА 08.06.2021, 14:00
Сыр елінің құт-берекесі неге қашып тұр?!

Аңдатпа


  • Кім кінәлі?: Жауап берсін!
    11.06.2021, 11:11
  • Ресей деградацияға ұшырауда
    10.06.2021, 10:33
  • Түнгі жол (Әңгіме)
    08.06.2021, 12:00
  • Жеңсең, жүз атаң табылар еді...
    08.06.2021, 10:30
  • Қазақ тілінде оқымаған бала ұлттың ұлы бола ала ма?
    03.06.2021, 09:02