Көпвекторлық 2.0: Қазақстанның халықаралық саясаты жаңа деңгейге көтерілді
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев «Turkistan» газетінде жариялаған «Реформалар мәні-6: Құбылмалы әлемдегі стратегиялық мүмкіндіктер» мақаласында Қазақстанның сыртқы саясатының трансформациясына ерекше назар аударды.
Оның пайымдауынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көпвекторлы ұстанымды жаңа жаһандық сын-қатерлерге бейімдеп, елдің халықаралық аренадағы рөлін айтарлықтай күшейтті.
Мәулен Әшімбаев атап өткендей, Қазақстан бір уақытта Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ), C5+1 форматы мен Еуропалық Одақпен серіктестікті дамытып, Түркі мемлекеттері ұйымы мен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымында белсенді рөл атқаруда. Бұл стратегия елді халықаралық алаңдарда сенімді торапқа айналдырады.
Мақалада жаңа модельдің нақты нәтижелерге бағытталғаны көрсетілген. «Көпвекторлық 2.0» романтикалық дипломатиядан экономикалық прагматизмге, нақты мүдделерді қорғауға көшуді және жаһандық қауіп-қатерлерді тиімді еңсеруді көздейді. Сонымен қатар, Қазақстанның сыртқы саясатының басты басымдығы — қауіпсіздік пен халықаралық құқықты нығайту.
Сенат Спикері Қазақстанның БҰҰ реформасына белсенді үлес қосып, Жаһандық Оңтүстік елдерінің мүдделерін ескеріп, орта державалардың рөлін күшейтуді көздейтінін атап өтті. Осылайша, «көпвекторлық 2.0» — тек сыртқы саясат емес, құбылмалы әлем жағдайында Қазақстанның тұрақтылығы, қауіпсіздігі және экономикалық дамуын қамтамасыз ететін стратегиялық бағдарға айналды.