Әлеумет

Алматыда есірткі таратты деген күдікпен кәмелетке толмаған қыз ұсталды

Алматы қаласында полицейлер есірткіні жасырын орындарға қалдыру арқылы таратты деген күдікпен кәмелетке толмаған қызды ұстады.

Полиция

Қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Медеу ауданында такси көлігін тоқтатқан. Көлік ішінде үш кәмелетке толмаған қыз болған. Жедел ақпаратқа сәйкес, олардың бірі синтетикалық есірткіні жасырын орындарға қалдыру арқылы таратумен айналысқан.

Тексеру барысында күдіктіге жеке тінту жүргізіліп, түрлі түсті оқшаулағыш таспамен оралған бірнеше түйіншек тәркіленді. Олардың арасынан өсімдік тектес заттар мен алдын ала мәлімет бойынша кристалл түріндегі синтетикалық есірткі табылған.

Күдікті алғашқы түсініктемесінде есірткіні жасырын орындарға қалдыру арқылы таратқанын мойындаған.

Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары жасөспірімді қылмыстық әрекетке кім тартқанын, есірткінің жеткізу арнасын және заңсыз схеманы ұйымдастырушыларды анықтап жатыр. Сонымен қатар оның мұндай әрекетке баруына не себеп болғаны, ата-анасының бақылауы мен тәрбиесіне қатысты жағдайлар да жан-жақты зерделенуде.

 

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз