АҚШ пен Дания Гренландия бойынша келісімге келгенін жариялады
АҚШ президенті Дональд Трамп Гренландияны сатып алудың орнына аралдағы америкалық әскери қатысуды кеңейту жөнінде Дания және Гренландиямен келісімге келгенін мәлімдеді.
Тараптар келісім Данияның егемендігіне нұқсан келтірмейтінін атап өтті.
Трамптың айтуынша, жасалған келісім АҚШ-қа Гренландиядағы «қауіпсіздік пен өзге де қажеттіліктерге тұрақты бақылау» жасауға мүмкіндік береді.
Оның сөзінше, АҚШ арал мен өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Гренландияда «қажеттінің бәрін жасау» құқығын мерзімсіз алады. Сондай-ақ Вашингтонның келісімінсіз АҚШ-тың ешбір қарсыласы Гренландияда әскери база орналастыра алмайды, әскери қатысуын күшейте алмайды немесе инвестиция сала алмайды.
Трамп АҚШ бұл келісім үшін «ештеңе төлемейтінін» айтты. Оның сөзінше, Вашингтон Гренландияның қолайлы бөлігінде ірі әскери инфрақұрылымын дамытуға дереу кіріспек.
Дания мен Гренландия да бірлескен мәлімдеме жасады. Құжатқа БҰҰ Бас Ассамблеясы кезінде қол қойылады деп жоспарланып отыр. АҚШ президентінің Бас Ассамблеядағы сөзі 22 қыркүйекке белгіленген.
Дания премьер-министрі Метте Фредериксен келісім Арктика мен Солтүстік Атлантикадағы ортақ қауіпсіздікті нығайтатынын мәлімдеді. Сонымен бірге құжат Данияның егемендігі мен аумақтық тұтастығын және Гренландия халқының өз тағдырын өзі айқындау құқығын мойындайды.
«Келісім Гренландияның мүддесін және халықаралық ынтымақтастықтағы орнымызды мойындайды. Бұл бәріміздің игілігіміз үшін», – деді Гренландия үкіметінің басшысы Йенс-Фредерик Нильсен.
Гренландия – Дания құрамындағы автономиялық аумақ. Дональд Трамп бұған дейін АҚШ-тың Гренландияға мүдделі екенін бірнеше рет мәлімдеген. Ол мұны Ресей мен Қытай тарапынан төнетін қауіпке байланысты ұлттық қауіпсіздік қажеттілігімен түсіндіріп, Дания аралды тиісті деңгейде қорғай алмайтынын айтқан.
Бұған дейін Ақ үй Гренландияны сатып алу мүмкіндігін де қарастырған. Кейін Трамп аралды бақылауға алу үшін күш қолданбайтынын мәлімдеген.