Беттен қақпаған «5-арна» бетімен кеткен бе?
Қияңдағы елдерге ебедейсіз елеңдеп, жақын маңдағы егемен мемлекеттерге әріден қалған әдетіне басып, әмірін жүргізгісі келіп әкіреңдеп қоятын солтүстіктегі көршіміз Ресейден өткенде бізге қарай тағы ызғарлы жел есті.
Ресей Федерациясы мемлекеттік думасы білім және ғылым комитетінің төрағасы Вячеслав Никонов БҰҰ-ның мінберінен емес, орнында отырып осқырып, жұлыны үзілердей жұлынып, «Қазақстанның территориясы Ресей мен Совет Одағының берген үлкен сыйы» деп сандырақтады. Іле Никоновтың сарынын қостаған думаның тағы бір депутаты Евгений Федоров «Ресей Қазақстаннан территориясын қайтаруды талап етуі керек» деп, алауыздық отын лаулата түсті. Күтпеген мәлімдемеге Қазақстан қоғамы дүр сілкініп барып, әрең тынышталғандай әсер қалдырды. Ел мен жер тағдыры үшін жанын қиюға әзір екенін әспеттеген солтүстік өңірдің жігіттері қалың қол болып, ертедегі ержүрек батырларша «Аттан, қазақ!» деген жауға шабардай ұран көтеріп, ақбоз атқа қонып, ішіміздегі «мысық тілеулілерге» айбат көрсетті. Қанша айтқанмен, ер түріктің ұрпағы емеспіз бе? Бабаларымыз «Қазақты намыс, қоянды қамыс өлтіреді» деп бекер айтпаса керек. Ал Қарағандының ақпарат кеңістігінде жергілікті жердегі орыс ұлты өкілдерінің санасын улайтын «мылтықсыз майданның» отын маздатып, үй ішінен үй тігіп отырғандар бар екен. Ал олар кімдер?
Бұрымта жолға түскен «5-арна»
Өзге қандастарымыз елемеген ерекше жайтты Қазақстан журналистер одағының мүшесі Дархан Уәлиев аңғарыпты. Әріптесіміздің фейсбуктегі парақшасындағы көңілге кірбің түсіретін жазбасына көзіміз түсті. Автордың ондағы айтқаны мынау: «Елімізде ақпарат қауіпсіздігі сақталмай тұр. Басты «Отау ТВ» отандық сандық таратушы және басқа да кабельді операторлар көбінесе Ресей арналарын көрермен назарына аударудан жалықпай келеді. Көрші мемлекеттің жаңалықтарын көпшілік қауымға жеткізе отырып, өзге елдің сананы улайтын теріс саясатын бізге насихаттауда. Әсіресе «Ресей 24» айдың күні аманда тікелей эфирден әсіреұлтшыл Владимир Жириновскийдің Қазақстанның кейбір облыстарын Ресейге қосып алу тұрғысындағы мемлекетіміздің тұтастығына нұсқан келтіретін дақпырт мәлімдемесін таратып, ел ішінде ұлтаралық наразылық туғызуға әсер етеуде.
Аталған жайттардан Қарағанды қаласы да қалыс қалмай келеді. Мәселен, осындағы жекеменшік «5-арна» 15 жылдан астам уақыт аймағымызға «Ресей 1» телеарнасына ретрансляция жасап келеді. Ең өкініштісі, сол арнаның әр жұмыс күні кешке «прайм тайм» уақытында ресейлік «Вести» жаңалықтарын беріп отыратыны көңілге кірбің ұялатады. Ол аз болғандай, әр аптаның соңында «Вести недели» апталық қорытынды сараптамалық бағдарламасы көрермен қауымға жол тартуда. Осыдан 1-2 жыл бұрын Донбасс сепаратистерінің Украинаға қарсы соғысқа шақырған хабары шығып, «5-арнаның» басы үлкен дауға қалып, жергілікті көрермен наразылығын туғызған еді».
Қалай болғанда да, бұл Дархан Уәлиевтің қазақ қоғамына дабыл қағарлық құлаққағысы. Көрші елдің ақпарат кеңістігіндегі дүниені отандық медиакеңістікке тықпалаудың қисыны қандай? Жоқ әлде орыстілділердің мүддесін жақтаушыларды айналасына топтастыруды көздеген әсіреұлтшылдардың насихатын дәріптеу ме? Әлде қазақ пен орыстың арасына іріткі салудың көрінісі ме? Жауабы жұмбақ сан сауалға шырмалдық. Сөйтіп, «5-арна» басшыларынан мәселенің мән-жайын түсіндіруді сұрадық. Арнаның бас директоры Виталий Забарный бос сөзге бой алдырып, сөйлемінің мәнін кетіріп, ақыр соңы пікір білдіруден бас тартатынын айтты. Артынша ол бізге бірнеше мәрте телефон шалып, апта басында қызмет орнына келуге қолқа салды. Сайып келгенде, Забарный мырзаның уәжі қанағаттандырмады. Арнаның ауқымды да жауапты жүгін арқалап отырған бас редактор Рушан Бараевтың ұялы телефонына қоңырау шалдық. «Бір қызымнан бір қызым әм сорлы» демекші, Бараев елпеңдеп: «Дәл қазір арнаны қосыңызшы, қай тілде хабар жүріп жатқанын білесіз», – деп, бізді баланың алдауына көндірмек болды. Ресейлік арнаның өнімін көшіріп көрсетудің қисыны қайсы деген сауалымызға Бараев не деді дейсіз ғой? «БАҚ туралы заңды білесіз бе? Ондағы «50х50» шартын орындап отырмыз», – деп дес бермеді. Сонда арна басшыларының бізді адамды алжастыратын ойынның әлегіне түсірмек болған ойы не? Бір арнаның білдей бас редакторы ҚР «БАҚ туралы» заңын оқымаған ба? Ендігі соны бізге сілтемек. Олай болса, сауатын ашсын, айтайық:
ҚР «БАҚ туралы» заңының 7-тарауында: «Бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі, бас редакторы ҚР-ның конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық діни тектік-таптық және рулық артықшылықты, қатыгездікті, зорлық пен порнографияны насихаттап, үгіттейтін хабарлар мен материалдарды таратқаны үшін олардың алынған көздеріне қарамастан, ҚР заң актілерінде белгіленген жауаптылықта болады» деп тайға таңба басқандай жазылған. Ол аз десе, редакторлардың бастығы «ҚР Конституциясының» 8-бабында көрсетілген: «Қазақстан Республикасы халықаралық құқықтық принциптері мен нормаларын құрметтейді, мемлекеттер арасында ынтымақтастық пен татулық көршілік қарым-қатынас жасау, олардың теңдігі мен бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу саясатын жүргізеді» деген жолды оқымаса керек. Ендігі орайда «5-арна» басшылары батпандай заң талабын басып, білместікке салынбас деп үміт артамыз. Бізді алаңдататын басты мәселе – Қарағандының төрінде көрші елдің саясатын сарнатып отырған телеарнаға «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмағаны қалай? Аталған жайтты көріп-біле тұра, аймақтағы ақпарат саласына жауапты басшылар неге жөнге салмай отыр? Сең әлеуметтік желіде қылаң бергеннен соң қозғала бастады. Қаузалған тақырыпқа қатысты облыс әкімінің әлеуметтік сала және ішкі саясат ісіне жауап беретін орынбасары Абзал Нүкенов оқырман қауымға жауабын берді.
– Алаңдауларыңыз түсінікті, жанашырлықтарыңызға рақмет. Жалпы, бұл салада өзекті мәселелер аз емес, атқарылып жатқан жұмыс та жоқ емес, оны өздеріңізбен талқылауға дайынмын. Нақты сауал бойынша ішкі саясат басқармасы мүдделі тараптармен бірге заң аясында тиісті жұмысты жүргізеді, – деді Абзал Нүкенов. Обалы не керек, артынша облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайынов өзі қоңырау шалып, БАҚ-тың уәкілетті органы – ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп шешім қабылдайтындарын жеткізді. «Көтерілген мәселе жан-жақты қарастырылып, нәтижесі бойынша ресми жауап міндетті түрде беріледі» деп сендірді.
Ойтамызық. Ақпарат айдынында елге хабар таратып отырған жекеменшік арналардың техникалық әрі кадрлық мүмкіндігі мол. Көрермен көп нәрсені аңғарады. Білгеніміз, осынау жергілікті жердегі шағын телеарналардың қоры Қазақстанның, одан қалса, Қарағандының тарихы мен қайраткерлері туралы танымдық, тағылымдық хабарларға тым жұтаң. Әлбетте, өзімбілемге салынып, қоқаңдайтын арна басшыларына жоғарыдан бақылау мен талап жетіспейтіні тағы бар. Әлде республикалық арналардың өнімін алуға өздері қауқарсыз ба? Дегенмен көкжәшіктің қожайындары мемлекеттің заңын, ал билік басындағылар халықтың мүддесін мүлтіксіз орындауы тиіс.
Осындайда көңілде көмескі ой қылаң береді. Ұлтын сүйемелдейтіндер ұлы тұлға Тәшеновтей болсайшы! Кешегі қылышынан қан тамған тоталитарлық жүйе тұсында қоғам қайраткері Жұмабек Тәшенов қазақтың шекарасын қасқайып тұрып қорғап қалды. Қайтіп?! Алаштың абзал азаматы Қазақстанның солтүстігіндегі бес облысын Ресейдің құрамына кіргізбей, Н.Хрущев бастаған қитұрқы саясаткерлердің уысынан аман алып қалды. Қызметінен алынды, бірақ келер ұрпаққа үлкен олжа сыйлады. Сөйткен текті Тәшеновке астанадан не Алматыдан, тым болмағанда сүйегі жатқан Шымкент шаhарынан ескерткіш орнатуға аядай жер қимай отырмыз.
Бет қатталып жатқанда
Кеншілер шаhарындағы жекеменшік телеарнаның хабар тарату саясатына қатысты еліміздің «Ақпарат және қоғамдық даму» министрлігіне сауалдарымызды жолдаған едік. Осыған орай, вице-министр Кемелбек Ойшыбаевтан мынадай жауап алдық:
— «Заңбұзушылықтың бар-жоғын анықтау үшін тексеріске береміз. Бақылаудың нәтижесіне қарай, шара қолданатын боламыз».
Бұл жария болған бір ғана факті. Сала министрлігі «ұзын арқан, кең тұсауға» салынған электрондық бұқаралық ақпарат құралдарының бей-берекет әрекетіне бұдан былай, табанды түрде тұсау салғаны ләзім. Әйтпегенде, атажұртқа өзегі бұратын өзге ұлт өкілдерінің санасы бүлініп, тәуелсіздігіміздің берекесін қашатыны хақ.